Экономика

Бюджет қаражаты неге тиімсіз жұмсалады?

Бюджет қаражатының тиімді жұмсалуы, бұл ретте ысырапшылдыққа жол берілмеуі — маңызды міндет. Осы міндет бюджеттік мекемелерде қалай орындалып отыр деген сауал бүгінгі күні бас ауыртар мәселелердің біріне айналып отыр. Бұған өткен жылғы жүргізілген тексерулер қорытындысы нақты дәлел бола алады.

Ақтөбе облысы бойынша тексеру комиссиясы тарапынан 2018 жылдың есепті кезеңінде 230 мемлекеттік аудит нысандарында 17 іс-шара жүргізілді.

Аудит іс-шаралармен қамтылған қаражаттың көлемі — 351 118 535,3 мың теңге, (ондағы мемлекеттік мекемелерде 315 484 937,2 мың теңге, квазимемлекеттік сектор субъектілерінде 35 633 598,1 мың теңге).

Анықталған бұзушылықтардың жалпы сомасы — 98 623 539,0 мың теңге, соның ішінде қалпына келтіру және өтелуге жататын қаржылық бұзушылықтар сомасы — 14 932 071,0 мың теңге. Бұдан басқа, тиімсіз жоспарланған бюджет қаражаттары және  активтер 33 228 634,3 мың теңге, тиімсіз пайдаланылған бюджет қаражаттары және  активтер 9 066 132,8 мың теңге және рәсімдік бұзушылықтар сомасы 1 242 бірлікті құрады.

2018 жылы іс-әрекеттерінде қылмыстық жаза белгілері бар анықталған бұзушылықтар фактілері бойынша тексеру комиссиясы құқық қорғау органдарына 25 материал тапсырды.

Жүргізілген мемлекеттік аудиторлық іс-шаралардың қорытындылары бойынша мынадай жайларды айтуға болады.

Әйтеке би ауданының жергілікті бюджет қаражаты мен активтерін пайдалануына мемлекеттік аудит және қаржылық бақылауымен 24 объектіде 13 703 631,5 мың теңге қамтылған (16 мемлекеттік мекеме және 8 коммуналдық қазыналық кәсіпорын).

Аудиторлық іс-шаралардың нәтижелері бойынша 28 лауазымды тұлғаға қатысты тәртіптік және әкімшілік шаралар қабылданды, оның ішінде 2 495,9 мың теңгеге 14 әкімшілік айыппұл салынды.

Денсаулық сақтау ұйымдарына бөлінген қаражаттың пайдаланылуына мемлекеттік аудитпен және қаржылық бақылаумен 22 объектіде жалпы сомасы 22 289 011,2 мың теңге қаражат қамтылды. Анықталған бұзушылықтардың жалпы сомасы 104 218,4 мың теңгені құрады, оның ішінде қаржылық бұзушылықтар 9 039,1 мың теңге, мемлекет активтерін және бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану 95 179,3 мың теңге және рәсімдік сипаттағы бұзушылықтар 82 бірлік.

Спорт және дене шынықтыру ұйымдарына бөлінген бюджет қаражатының пайдаланылуына мемлекеттік аудитпен және қаржылық бақылаумен жалпы сомасы 18 299 086,5 мың теңгеге 22 нысан қамтылды.

Анықталған бұзушылықтар сомасы 5 574 498,3 мың теңгені құрады, оның ішінде 56 070,1 мың теңге қаржылық бұзушылықтар, 5 518 428,2 мың теңге мемлекет активтерін және бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану, 131 бірлік рәсімдік бұзушылықтар болып сараланды.

Аталған салада аз шығынмен жоғары нәтижелерге қол жеткізу, жергілікті бюджетті тиімді пайдалану бағытында жұмысты жүйелі ұйымдастыру байқалмайды, жұмыс практикасына басқару қағидаттары кеңінен енгізілмейді, оның орнына лауазымды тұлғалар мемлекет атынан әрекет ете отырып, ҚР заңдарын сақтамай мемлекеттік қаражат пен активтерді пайдалануда бұзушылықтарға жол берген.

Туберкулезге қарсы көмек көрсетуге бөлінген қаражаттың пайдаланылуына мемлекеттік аудитпен және қаржылық бақылаумен облыстық денсаулық сақтау басқармасының 5 ведомстволық бағынысты мекемелері қамтылды.

Жүргізілген мемлекеттік аудитпен жалпы сомасы 2 803 125,6 мың теңге қаражат қаралды. Анықталған бұзушылықтар сомасы 3 250,2 мың теңгені құрады, оның ішінде қаржылық бұзушылықтар — 454,9 мың теңге, мемлекет активтерін және бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану — 2 795,3 мың теңге және рәсімдік бұзушылықтар — 213 027,0 мың теңге, барлығы — 29 бірлік.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының және денсаулық сақтау ұйымдары басшылығының тарапынан бюджет шығыстарының негізділігін және тиімділігін қамтамасыз етудің, активтерді тиімді пайдалану бойынша бақылаудың төмендігі орын алған.

Облыстың 2015-2017, 2016-2018 және 2017-2019 жылдарға арналған бюджетін 5 бюджеттік бағдарлама әкімшілері (құрылыс, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, ауыл шаруашылығы, қала құрылысы және құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармалары) бойынша тиімсіз жоспарлау жалпы сомасы 5 129 305,0 мың теңгені құрады.

Сонымен қатар жалпы сомасы 9 111 410,0 мың теңге бюджет қаражаттары тиімсіз жоспарланған. («Ақтөбе облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» ММ-сі, «Ақтөбе қаласының жолаушылар автокөлік кәсіпорны» ЖШС-ның автобус паркін жаңартуға 51 бірлік автобус сатып алуға, төмен тұрған бюджеттерге өтемақыға бағытталған ағымдағы нысаналы трансферттерге негіздейтін  құжаттары ұсынылмаған).

Жүргізілген мемлекеттік аудит барысында «Ақтөбе қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі» ММ тарапынан да, сондай-ақ «Ақтөбе қаласының қаржы бөлімі» ММ-нің жалғыз құрылтайшысы тарапынан да қажетті әкімшілік және басқару шешімдерінің уақтылы қабылданбауын куәландыратын бұзушылықтар анықталды.

«Ақтөбе облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» ММ бюджет қаражаты мен мемлекет активтерінің пайдаланылуына мемлекеттік аудитпен және қаржылық бақылаумен 20 598 769,3 мың теңге қамтылды.

Мекемеде бюджет қаражаты мен активтерді пайдалануға жүргізілген аудит барысында Бюджет кодексінің, мемлекеттік сатып алу туралы заңдардың, бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік талаптарының сақталмауы анықталды, бюджеттік шығыстардың тиімділігі мен негізділігі қамтамасыз етілмеген, сондай-ақ активтерді тиімді пайдалануды қамтамасыз етудің төмендігі анықталды.

Аудит нәтижелері бойынша тексеру комиссиясымен бюджет қаражаты есебінен салынған газбен қамтамасыз ететін нысандардың мемлекеттік меншіктің бір түрінен екіншісіне беру рәсімін қарау жөнінде Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігіне және Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігіне ұсыныстар жолданды.

«Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» ММ, «№1 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ және «№2 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ арнайы әлеуметтік қызметтерді ұсынуға бөлінген бюджет қаражатының пайдаланылуына мемлекеттік аудитпен және қаржылық бақылаумен 5 942 045,4 мың теңге қамтылды. Анықталған бұзушылықтар сомасы 651,3 мың теңге, оның ішінде қаржылық бұзушылықтар — 121,9 мың теңге (бюджет қаражатын пайдалану кезіндегі бұзушылықтар), бюджет қаражаты мен активтерді тиімсіз пайдалану — 529,4 мың теңге және рәсімдік сипаттағы бұзушылықтар 6 бірлік.

Аудиторлық іс-шара нәтижесінде Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің, Еңбек кодексінің, Мемлекеттік сатып алу туралы Заңының, бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы Заңының, сондай-ақ басқа да нормативтік-құқықтық актілердің бұзушылықтары анықталды.

Қарғалы ауданының жергілікті бюджет қаражатын және мемлекеттік активтерін пайдаланудың мемлекеттік аудитімен және қаржылық бақылауымен 11 369 810,8 мың теңге қамтылды.

Анықталған бұзушылықтардың жалпы сомасы 2 964 860,1 мың теңгені құрады. Ауданның 4 бюджеттік мекемесінде 1043,4 мың теңгеге жалақы негізсіз төленген.

Бұдан басқа, 12 мекеме-кәсіпорындарында қызметкерлерді қызметтік іссапарларға жіберу кезінде заңнама бұзушылықтары анықталды, 2022,6 мың теңге негізсіз іссапар шығындары жіберілген.

Алға ауданының жергілікті бюджет қаражатын және мемлекет активтерін пайдаланудың қаржылық бақылауымен 22 аудит объектісінде 12 879 806,3 мың теңге қамтылды.

Анықталған бұзушылықтар сомасы 843 186,0 мың теңгені құрады, оның ішінде 225 123,9 мың теңге қаржылық бұзушылықтар, тиімсіз жоспарлау — 334 131,8 мың теңге, бюджет қаражатын, мемлекет активтерін тиімсіз пайдалану 283 930,3 мың теңге және рәсімдік бұзушылық 129 бірлік.

Жүргізілген мемлекеттік аудитпен мемлекеттік мекемелерде бірқатар жүйелі кемшіліктер мен бұзушылықтар анықталды: тиісті бейіні бойынша арнайы педагогтық білімі жоқ мұғалімдер жұмысқа қабылданып, сабақ жүргізген; әдіскер лауазымына қойылған талапқа сай болмаса да қызметкерлер жұмысқа әдіскер ретінде қабылданған, т.б.

Алға ауданы Бестамақ, Самбай ауылдарында әкімшілік ғимаратының құрылыстары, Үшқұдық ауылында мектеп-бақшасының автономды газ қазандығын салу құрылыс-монтаждық жұмыстары және Қарақұдық, Үшқұдық ауылының кіреберіс жолындағы су өткізгіш құбырларына ағымдағы жөндеу жұмыстары, Маржанбұлақ ауылының кіреберіс жолын орташа жөндеу жұмыстары бойынша орындалмаған жұмыстарға ақы төленген. Облыстық прокуратураға, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросына осы аудандағы заңнамаларды бұзу деректері бойынша материалдар жолданды.

«Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы» ММ ведомстволық бағынысты ұйымдармен бюджеттік қаражаттың пайдаланылуына мемлекеттік аудит және қаржылық бақылаумен 9 объектіде 4 949 220,1 мың теңге қамтылды. Анықталған бұзушылықтардың жалпы сомасы — 16 464,9 мың теңге, соның ішінде қаржылық бұзушылықтар — 245,9 мың теңге, бюджет қаражатын және мемлекет активтерін тиімсіз пайдалану 16 219,0 мың теңге және рәсімдік бұзушылықтар 35 бірлік.

Аудиторлық іс-шара нәтижесінде Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің, Салық кодексінің, Мемлекеттік сатып алу туралы Заңының, Білім туралы Заңның, сондай-ақ басқа да нормативтік-құқықтық актілердің бұзушылықтары анықталды.

Темір ауданының жергілікті бюджет қаражаты мен мемлекет активтерінің пайдаланылуын мемлекеттік аудит және қаржылық бақылаумен 23 объектіде (14 мемлекеттік мекеме, 9 коммуналдық қазыналық кәсіпорын) жалпы 16 204 934,5 мың теңге қаражат пен активтерді қамтумен аудит жүргізілді.

Анықталған бұзушылықтар сомасы 2 138 077,0 мың теңгені құрады. Аудан бюджетін жоспарлау кезінде бюджеттік бағдарламалар әкімшілерімен бюджеттік өтінімдерді қалыптастыру бойынша бірқатар бұзушылықтарға жол берілетіні анықталды. Сондай-ақ бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік бағдарламалары бекітілмеген және тікелей және түпкілікті нәтижелер көрсетілмейді.

Темір аудандық мәслихат аппараты бойынша 2011 жылдың шілде айынан 2016 жылдың желтоқсан айына дейін мекеме бухгалтерлері жалпы сомасы 1 108,2 мың теңгеге жалақы мен емдеу жәрдемақыларын негізсіз аударған.

«Ақтөбе облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы»  ММ-не және орман шаруашылықтарына бюджеттен бөлінген қаражаттардың және мемлекет активтерінің пайдалануын мемлекеттік аудит және қаржылық бақылаумен 3 490 786,8 мың теңге қамтылды.

Анықталған бұзушылықтардың жалпы сомасы 13 008,1 мың теңге болып анықталды. Оның ішінде қаржылық бұзушылықтар мен бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану орын алған.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы квазимемлекеттік сектор субъектілерінде бюджет қаражаты мен мемлекет активтерінің пайдаланылуына жүргізілген мемлекеттік аудит және қаржылық бақылаумен 2 528 293,9 мың теңге қамтылды.

Кәсіпорындарда кірістер мен шығыстардың  нақты көлемдерінің жоспарлы көлемдерден ауытқушылықтар байқалады. Бұл оларда қызметтің сапасыз жоспарлануын, даму жоспарларына уақтылы өзгерістер енгізілмейтіндігін көрсетеді.

Мәртөк ауданының жергілікті бюджет қаражатын және мемлекеттік активтерін пайдалануын мемлекеттік аудит және қаржылық бақылауымен 30 мемлекеттік аудит объектісі қамтылды, оның ішінде 7 жеке кәсіпорында үстеме аудит іс-шаралары жүргізілді. Мемлекеттік аудитпен жалпы сомасы 16 107 132,7 мың теңге қаражат қамтылды.

Анықталған бұзушылықтардың жалпы сомасы — 967 853,3 мың теңге.

Ауданның мемлекеттік кірістер басқармасы бойынша ауданның атқарушы органдарымен «ҚазТрансГазАймақ» АҚ аудандық бөлімшесінің балансына 9 газ құбырын бермегені анықталды.

Сонымен қатар «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында кәсіпкерлікті қолдау мақсатында ауданда қажетті инфрақұрылым нысандарын салуға 2 жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне («Айс» ЖШС, «РадАгро» ЖШС)  қолдау көрсетілген, құрылысы бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылған 4 инфрақұрылым объектісі өздерінің балансына немесе сенімді басқаруына берілмеген.

«Ақтөбе облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы» ММ 2011-2015 және 2016-2020 жылдарға арналған аумақтарды дамыту бағдарламасын іске асыруға бөлінген қаражаттың пайдаланылуына, мемлекеттік сатып алуды жоспарлаудың негізділігіне, оларды іске асырудың және іске асырудың тиімділігіне және жергілікті бюджет қаражатының пайдаланылуына мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүргізілді. Мемлекеттік аудит барысында құрылыс объектілеріне сараптама жүргізу мақсатында сот сараптамасы ұйымы мекемесінің сарапшылары тартылды.

Әзірленген ЖСҚ және жүргізілген мемлекеттік сараптама мерзімінің аяқталуына байланысты түпкілікті нәтижеге қол жеткізбестен бюджет қаражаты жұмсалды.

Коммуналдық мүлік объектілерін одан әрі пайдалануға беру туралы қаулы болған кезде аяқталған және пайдалануға берілген 27 объект бойынша басқарма балансынан нақты беру жүргізілмеген.

Мемлекеттік аудит барысында басқарма «Градкомплекс» ЖШС-мен «Ақтөбе облысының және Ақтөбе қаласының бас жоспары» жобасы бойынша мемлекеттік сатып алу тәсілдерінің бірін дұрыс қолданбай және веб-порталда goszakup.gov.kz жүзеге асырмай кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізуге келісімшарты негізсіз жасалғаны анықталды.

Жүргізілген аудиторлық іс-шаралардың нәтижелері бойынша 2018 жылы аудит объектілеріне 17 аудиторлық қорытынды, 230 нұсқама, 190 тапсырма және анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсынымдар жіберілді.

Барлық аудиторлық іс-шаралар қорытындысымен анықталған бұзушылықтарды талдау сипаты көрсеткендей, негізінде бұзушылықтар бір түрде және қайталанып отырады.

Негізгі бұзушылықтар мыналар болып табылады: заңнаманың белгіленген нормаларын және мемлекеттік сатып алуды құқықтық реттеу қағидаттарын елемеу; бюджеттік және бухгалтерлік есепке алуды жүргізуді бұзу, еңбекақы төлеуді бұзу, мемлекет активтерін пайдалану, іссапар шығыстарын негізсіз төлеу және артық өтеу, сондай-ақ бюджет қаражатын сапасыз жоспарлау, жұмсалатын қаражат көлемі мен жоспарланған нәтижелердің үйлесімсіздігі.

Сондай-ақ, мекемелер мен кәсіпорындарда бюджет қаражатын жоспарлау мен пайдалануына жүргізілген аудиторлық іс-шаралары қолданыстағы заңнама талаптарын сақтауға, активтерді тиімді пайдалануға, бюджет шығыстарының негізділігі мен тиімділігіне, анықталған бұзушылықтарды жоюға және бюджеттік жоспарлаудың сапасына жеткіліксіз көңіл бөлінетінін көрсетті.

Анықталған бұзушылықтар бюджеттік бағдарламалар әкімшілері тарапынан заңнама талаптарының толық сақталуын, сапасыз бюджеттік жоспарлауды, активтердің тиімді пайдаланылуын, бюджет шығыстарының негізділігін қамтамасыз етуге бақылаудың төмендігін көрсетеді.

Сағат ЕҢСЕГЕНҰЛЫ,

облыстық тексеру комиссиясының төрағасы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button