Жаңалықтар

Жұмысқа тұрғың келсе…

Жәрмеңке

Кезекті жұмыс орындары жәрмеңкесі «Keruencity» сауда орталығында өтті. Әртүрлі саладан алпыстан астам кәсіпорын 653 бос орынға ұсыныстарын білдірді.

Жәрмеңкеге білім беру, мұнай саласы, құрылыс, қызмет көрсету ұйымдары мен кәсіпорындары қатысты.

Ұйымдастырылған шара барысында жұмыссыздармен еңбек нарығына қажетті мамандықтар бойынша қайта даярлықтан өту мүмкіндіктері, несие мен грант алу мүмкіндіктері түсіндірілді, ал жоғары оқу орындары мен колледж түлектеріне жастар практикасына келу ұсынылды.

— Жыл басынан бері біз 6 кезекті және 3 мамандандырылған бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткіздік, соның нәтижесінде 532 адам жұмысқа орналастырылды,— деді тұрғындарды жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Алтынай Маханова.

Жәрмеңкеде ұсынылған ең жоғары ақылы жұмыс — дәнекерлеушілік. Оның еңбекақысы 100 мың теңгеден басталады. Облыс аумағында ұстаздарға, оның ішінде бастауыш сыныптар мұғалімдеріне қардарлық байқалады. Мәдениет және спорт, ІТ саласында бос орындар бар. «АНКОР Орталық Азия» ЖШС компаниясына сервистік инженер, логистика бойынша менеджер, ІТ мамандар қажет.

Жұмыс істеймін деген жастар үшін «Тұрғынүйқұрылысжинақ банкі» есігі ашық. Банктің облыстық филиалының бизнесті дамыту жөніндегі бөлімінің басшысы Нұрлан Балғожиев штаттан тыс кеңесші лауазымына орта-арнаулы біліммен, жұмыс тәжірибесі жоқ жастарды қызметке шақырады. Ең бастысы — талапкерлердің жұмыс істеуге және білімін көтеруге ынтасы болуы.

— Кеңесшілер клиенттерге ақпараттар таратады, есепшотын ашуға, несиелік өтінім толтыруға көмектеседі, сондай-ақ азаматтарға «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы туралы түсіндірме жасайды. Қазіргі уақытта бізде «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында дайын пәтерлер бар. Көпшілік жұрт бұл туралы хабардар емес. Сондықтан да біз адамдармен тіл табыса алатын және белсенді жастарды жұмыс істеуге шақырамыз,— дейді ол.

Жиырма бір жастағы Ғазиза Кәрібаева биыл Нұрсұлтан қаласындағы жоғары оқу орнын халықаралық қатынастармамандығы бойынша бітірген. Елге келген соң журналист мамандығы бойынша жұмыс іздепті.

— Жастар жылында жоғары оқу орнын аяқтаған түлектердің жұмыс берушімен тікелей кездесіп, тәжірибеден өтіп, жұмысқа қабылдануы үшін осындай жәрмеңкелердің ұйымдастырылатыны көңіл қуантады. Ойымда жүрген жұмысты табамын деп сенемін, — дейді Ғазиза.

— Мен құрылыс саласында 10 жылдан астам жұмыс істедім, қазір денсаулығыма байланысты уақытша жұмыста емеспін. Жалақысы 100 мыңнан асатын жұмыс тапқым келеді, алайда әзірге ешқандай ұсыныс жоқ, — дейді жұмыс іздеушілердің бірі жиырма сегіз жастағы Кирилл.

Айта кету керек, қала тұрғындары enbek.kz электрондық еңбек биржасы арқылы жұмыс табуына болады.

София ИБРАГИМОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button