Экономика

«Еңбектің» арқасында…

Кәсіпкерлік

Кейінгі жылдары Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры өз кәсібін ашуға ынталылар мен дөңгелетіп отырған кәсібін одан әрі кеңейткісі келетіндер үшін мол мүмкіндік ұсынып отыр. Анығы, аталған қор ауылдарда іске асырылатын жобаларды жеңілдетілген несиемен қаржыландырады. Несиелеу бағдарламалары да түрлі: «Сыбаға», «Ырыс», «Ынтымақ», «Игілік», «Бірлік», «Егінжай», «Кәсіпкер», «Еңбек».

Айталық, былтыр Ақтөбе облысында 655 ауыл кәсіпкері «Еңбек» бағдарламасы арқылы жеңілдетілген несие алып, өздерімен қоса ауылдастарын да жұмыспен қамтып отыр. Олардың алды адал еңбектің табысын еселей түсуге кірісіп кетті. Бөлінген 2 миллиард 460 миллион теңгеге жуық қаржы ауылдағы кәсібін жаңадан ашқандардың аяқтан нық тұрып кетулеріне оң ықпал етті.

Солардың бірі — Мәртөк ауданы орталығында орналасқан «Қыз жасауы» тігін цехы. Атына заты сай цех қыз жасауымен қатар, жастықтан басқа төсек жабдықтарын тігеді. Осы кәсіпті енесінің бастамасымен қолға алған жеке кәсіпкер Гүлайда Үбәниязованы әңгімеге тарттық.

— Негізі, бұл істі енем жеті жыл бұрын бастаған болатын. Ауылдастардан тапсырыс алып, көрпе тігіп жүргенбіз. Шүкір, қазір тапсырыстар да жеткілікті, жаз мезгілінде қыз жасауына сұраныс та көбейіп тұр. «Шығыс» базарында осы өнімдерді сататын бір орнымыз бар. Тіпті қазір Ресейдің Орынбор қаласынан, өзіміздің Атырау, Ақтау, Орал қалаларынан да тапсырыстар түсіп жатады. Өнімдерімізді Ресей еліне шығару үшін арнайы сертификаттар қажет екен. Дәл қазір ол бізде жоқ болғасын, көрші елге көрпелерімізді экспорттай алмай отырмыз, — дейді Гүлайда.

Одан әрі ол бізге Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан «Еңбек» бағдарламасы арқылы 6 миллион теңге несие алғанын, оған тігін машинасы мен әмбебап станок сатып алғанын әңгімеледі.

Тігін цехы үшін екі бөлме тар көрінді, себебі дайын тұрған ою-өрнекті жамылғы көрпелер мен төрге жаятын құрақ көрпелердің сан алуаны төбеге дейін тіресіп тұрғанын көрдік. Көздің жауын алатын дүниелерді әуелі екі тігінші көз майларын тауысып, қолмен көктеп шығады. Ал көрпелерге ою-өрнек тапсырыс иесінің сұранысына қарай салынады екен. Бұл жұмысты Қытайдан сатып әкелген арнайы станоктың көмегімен жасайтын көрінеді. Компьютермен басқарылатын станоктың бағдарламасында ою-өрнектің 500-ден астам түрі бар.

— Бұл әу баста енем бастаған кәсіп деп айттым ғой. Бастапқыдай емес, қазір шаруамыз жүріп жатыр. Енді енем бар баланы осы бизнестің одан әрі көркеюі үшін жұмылдырып жатыр. «Еңбек» бағдарламасының біз сияқты жұмыссыз отырған жандарға көмегі үлкен. Жеңілдетілген несие беретін қаржы ұйымы қызметкерлеріне тек алғыстан басқа айтарымыз жоқ, — дейді кәсіпкер Гүлайда.

Оның сөзін қостаған абысыны Әлия қайтсек те осы істі әрі қарай дамытайық, көркейтейік деген тілекпен Нұр-Сұлтан қаласынан отбасымен арнайы келіп жатқандарын жеткізді.

Іссапар кезінде бізді бастап жүрген Мәртөк аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Нина Сүлейманова:

— Байқағандарыңыздай, біздің ауданда 190 дүкен бар. Оның 100 шақтысы осы аудан орталығында орналасқан. Әрине, сауда да, қызмет көрсету саласы да жақсы. Дегенмен, өндіріс орындарын көбейткеніміз абзал. Осы салада көптен бері қызмет етіп жүргендіктен мен өз ойымды былай жеткізіп көрейін. Меніңше, адамдар салған қаражаттарының жемісін бірден көргісі келеді. Ал бизнесте бәрі теп-тегіс бола қалмайды, кем дегенде екі-үш жылдан кейін ғана жемісін көруге болады, оның үстіне бизнес тәуекел еткенді жақсы көреді, — дейді.

Осы орайда Ақтөбе облысының «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Мәртөк аудандық филиалының директоры Айгүл Баубекова ауыл тұрғындарының бұрынғыдай емес, кәсіп ашуға ынталы екендерін, сондай-ақ кәсібін өз қаражаттарына бастағандар да, грант жеңіп алған азаматтар да бар екенін айтты.

— Мәртөк ауданында 1700-ге жуық кәсіпкер бар. Былтыр 137 адам «Бастау» бағдарламасы арқылы тегін оқыды. Олардың 49-ы бизнес ашып отыр. Биыл 75 ауыл тұрғыны кәсіп ашуға ниеттеніп отыр, — дейді Айгүл Баубекова.

Негізі, «Еңбек» бағдарламасы еңбек еткендердің еншісінде. Елеулі істер игі бастамадан басталатыны анық. Олай болса, «Бастау» бағдарламасы арқылы тегін оқып, үйреніп, бизнес-жоспар құрып, кәсіп бастаңыз. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры Сізді қолдайды.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button