Жылыжай өнімдері Ресейге де жеткізіледі

Кәсіпкерлік
Биыл Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры Ақтөбе облысы бойынша 600-ден астам кәсіпкерге несие беру жоспарланды. Ол үшін аталған қор 2 миллиард 150 миллион теңге қаржы бөліпті. Қазіргі уақытта облыста осынша қаражатты игеру үшін, әрі ауыл тұрғындарын нәтижелі жұмыспен қамтып, жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арналған «Еңбек» бағдарламасы насихатталып жатыр. Әсіресе, осы бағдарлама арқылы несиелендіру жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп отыр. Бұл туралы бізге Ауыл шаруашылығын қолдау қоры Ақтөбе филиалының несие бөлімінің басшысы Нұрлан Қосмағамбетов айтып берді.
- Негізі, кәсіпкерлердің көбі осы «Еңбек» бағдарламасы арқылы несие алғысы келеді. Себебі, бұл — жеңілдетілген несие, яғни, 6 пайызбен беріледі. Көбі сол пайызы аз деп қызығады. Әрі несиені тоқсан сайын төлеп отыруға мүмкіндік бар. Бұл — өзімен қатар өзгені де жұмыспен қамтуға мүмкіндік беретін бағдарлама. Қазіргі таңда 186 өтінімді қарап шығып, кәсіпкерлерге 550 миллион теңге несие берілді. Несие алушылардың дені қаражатты кәсібін кеңейтуге, не болмаса сол бизнесіне қажетті құрал-жабдығын алуға жұмсайды, — дейдіНұрлан Қосмағамбетов.
Осы «Еңбек» бағдарламасы арқылы несие алып, шаруашылығын кеңейтіп жатқандардың бірі — Жаңақоныс ауылындағы «АмирАГРО» шаруа қожалығы.
Бұлар әуелі өз қаражаттарына шағын жылыжай салып, қияр мен қызанақ егіп көріпті. Түсім жақсы болып, егуге болатындарына көздері жеткен соң, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан 13 миллион теңге несие алып, шағын жылыжайын үлкен кешенге айналдырып отыр.
- Жылыжай ашпас бұрын көп іздендік. Қандай кәсіп бастасақ болады? Қайсысы тиімді? Ойландық, зерттедік, ақыл-кеңес сұрадық, зерделедік. Алматы, Шымкент қалаларын аралап, Сарыағашта болып, жылыжайларды көрдім, басындағы мамандармен кеңестік. Арасында мал шаруашылығын да ойлап қойдық. Содан ойлана келе осы жылыжайға тоқталдық. Ауа райы да кедергі емес, қысы қатты жерлерде де жылыжай кешендері барын білдік. Әуелі өз қаражатымызға шағын жылыжай салдық. Кейін Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан жеңілдетілген несие алып, жаңадан орын дайындап, жылыжайды кеңейттік. Осы жердегі көкөністерді егумен, күтіп-баптаумен, қандай температура мен қандай ылғалдылыққажеттігін бақылап отырған Әлішер Саматов дейтін жас та болса білікті агрономымымыз бар. Біздің жеңісіміз — сол агрономның еңбегі. Ал түсім түскен соң, қияр мен қызанақты Ақтөбе базарларына шығарамыз. Баға сол күнгі базар бағасына қарай қойылып отырады. Биыл біздің өнімдерді Ресейдің жақын қалалары да алып кетіп жатыр, — дейді жылыжай кешенінің иесі Нұртас Қазиев.
Бұл шаруа қожалығының 20 гектар жері бар екен. Оның 10 гектар жері тек жылыжай кешеніне бөлінген. Әзірге 20 адамды жұмыспен қамтып отырған кешен иесі Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорындағы несиені өтеп болған соң, осы кешенді бұдан әрі де үлкейтпек ойлары барын әңгімеледі. Ендеше әлі де жұмыс орындары ашылмақ.
Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры жылына 10 мыңға жуық ауыл кәсіпкерін қаржыландырады. Соның 70 пайызы стартап-жобалар екенін ескерсек, Қордың қолдауымен қаншама жаңа жоба жүзеге асып жатқанын аңғару қиын емес.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.



