Былтырғы бюджет қалай игерілді?

Сессия
Бейсенбі күні Ақтөбе қалалық әкімдігінің ғимаратында қалалық мәслихаттың кезекті 44-сессиясы өтті. Онда Ақтөбе қаласының 2018 жылғы бюджетінің атқарылуы туралы мәселе қаралды. Сессияға Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллин, қалалық қоғамдық кеңес мүшелері мен мемлекеттік мекемелердің басшылары қатысты.
Жиында аталған мәселе бойынша Ақтөбе қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Айгүл Бегей баяндама жасады.
Оның айтуынша, өткен жылғы кіріс мөлшері 44 473,9 млн теңгеге жоспарланса, жалпы жылдық кіріс 45 019,5 млн теңгені (101,2%) құраған. Сондай-ақ бюджетке жеткізілген жоспардан тыс 545,6 млн теңге түскен.
Салықтық түсімдер бойынша болжамды көрсеткіштер 100,4 %-ға орындалып, жоспар бойынша 31 174,9 млн теңге, жоспардан тыс 132,1 млн теңге кіріс кірген. Ал салықтық емес түсімдер бойынша кіріс мөлшері 286,9 млн теңгені құраған.
— Өткен жылы Ақтөбе қаласы бюджетінің шығыс мөлшері 100 пайызға орындалды. Түзетілген жоспар бойынша шығыс мөлшері — 74 818,8 миллион теңге. Оның ішінде әлеуметтік салаға республикалық бюджеттен 592,9 миллион, облыстық бюджеттен 125,9 миллион, қалалық бюджеттен 1 618,1 миллион теңге бөлінсе, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына 5 058,7 миллион теңге қарастырылған. Атап айтсақ, оның ішінде 2 432,5 миллион теңге қаланы абаттандыру мен көгалдандыруға, 871,9 миллион теңге жарықтандыру жұмыстарына, 1 283,6 миллион теңге қала аумағын санитарлық тазалауға жұмсалды. Сондай-ақ өткен жылы 5 581,0 миллион теңге көлік инфрақұрылымын дамытуға бөлінді. Айта кету керек, 2018 жылы жалпы ұзындығы 23,74 шақырым болатын 9 автомобиль жолының құрылысына 2 280,5 миллион теңге бөлініп, жоспар 75 пайызға орындалды. Ал бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша Ақтөбе қалалық құрылыс бөлімі 2018 жылы 26 907,1 миллион теңге қаржы бөлді. Негізінен қаражат «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған. Нәтижесінде тұрғын үй құрылысына қарастырылған 12 221,6 миллион теңге игеріліп, қала бойынша 707,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, — деді А.Бегей.
Сессияда қалалық мәслихат депутаттары бөлім басшысына бюджеттің жұмсалуына байланысты өз сауалдарын жолдап, ұсыныстарын жеткізді. Бөлім басшысы депутаттар тарапынан айтылған ескертулер мен ұсыныстар аумақты дамыту және 2020-2022 жылдарға арналған бюджетті қалыптастыру бағдарламасын түзету кезінде ескерілетінін айтты.
Сессия барысында тексеру комиссиясы төрағасының орынбасары Серік Орынбаев хабарлама жасап, 2018 жылғы Ақтөбе қаласы бюджетінің атқарылуы туралы тексеру комиссиясының есебі қаралды.
Қалалық мәслихат депутаттары күн тәртібіндегі мәселені талқылау кезінде өздерінің сын-ұсыныстарын айтып, алдағы уақытта кеткен кемшіліктер мен олқылықтарды болдырмау керектігін жеткізді.
Жиынды қорытындылаған қала әкімі Мавр Абдуллин бюджетті игеру жұмыстарын да қатаң бақылау керектігін айтып, депутаттар мен қоғамдық кеңес мүшелерін алдағы уақытта қордаланып қалған мәселелерді шешуде бірлесіп жұмыс жасауға шақырды.
— Бүгінгі күні қаржының тапшылығына, сондай-ақ бөлінген қаражатты үнемді, ұқыпты, сапалы жұмсауды қадағалауда әртүрлі мәселелер бар. Сіздердің тараптарыңыздан айтылған сын-ұсыныстарды қабылдай отырып, алдағы уақытта қаламызды дамытуда тың күшпен жұмыс жасауымыз керек. Бұл орайда екі ауданның әкімі мен орынбасарларына, сондай-ақ бөлім басшыларына тиісті тапсырмалар берілді. Аудан әкімдіктері өз территориясына жауап беруі керек. Ең бастысы, біз қала мәдениетін көтеріп, газ, су, жол, жарық, мектеп салу, қоғамдық көлік сияқты мәселелерді шешуге баса назар аударуымыз қажет. Бұл мәселелерді шешу мақсатында алдағы үш жылға арнайы жоспар жасалады. Бюджеттен бөлінген қаржыға сәйкес аталған жоспармен жұмыс жасап, қаржының сапалы игерілуін қатаң бақылауға алу керек. Алдағы ең негізгі мақсат — бірлесіп жұмыс жасап, қаламызды дамыту және көркейту, — деді қала әкімі.
Данагүл ҚАЗИХАН.



