Жаңалықтар

Электрондық қызметтің жаңашылдықтары түсіндірілді

Анық-қанық

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Ақтөбе облысы бойынша филиалының  мамандары жүргізуші куәлігін және автокөлікті тіркеуді электрондық үкімет порталында ауыстыра алатындығы жөнінде көлік жүргізушілерге түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Жүргізуші куәлігін онлайн тәртіпте ауыстыру үшін электрондық-цифрлық қолтаңба қажет. Қызмет алушы еgov.kz порталында авторизациядан өткеннен кейін электрондық өтінішті толтырып, электрондық-цифрлық қолтаңбамен қол қоюы тиіс. Өтінішпен қоса фотосурет пен қойған қолының скан-суретін де жолдап, сондай-ақ мемлекеттік баж салығын төлеу керек. Ал жүргізуші куәлігінің баж салығы — 1,25 АЕК (3 156 теңге).

— Қызметті онлайн тәртіпте рәсімдегеннен кейін «Жеке кабинеттегі» «Қызметтерді алу тарихы» бөлімінен  толтырылған электрондық өтінішті және «Қызметтерді төлеу тарихы» бөлімінен мемлекеттік баж салығын төлеу туралы электрондық чекті басып шығару керек. Сосын дайын құжатты алып кету үшін тұрғылықты жерде орналасқан мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына жолығуға болады. Өзіңізбен бірге қағазға басып шығарылған өтініш пен чекті, ауыстыратын жүргізуші куәлігін, жеке басыңызды куәландыратын құжат апару қажет. Егер азаматтың электрондық-цифрлық қолтаңбасы болса, мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы немесе Ішкі істер министрлігінің тіркеу-емтихан бөлімшелеріне бармай-ақ, автокөліктерін электрондық үкімет порталында рәсімдей алады, — деді аталған мемлекеттік корпорациясының Ақтөбе облысы бойынша филиалының қызметкері Әсел Мұстафина.

Түсіндіру жұмыстары барысында портал арқылы өтінім бергенде, ешқандай құжаттың скан-нұсқасын ұсынудың қажеті жоқтығы, себебі қажетті мәліметтердің барлығы ақпараттық жүйелер арқылы алынатыны айтылды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button