Билік

ТОҒЫЗЫНШЫ ТАМЫЗ: ТОҚСАН БІР ПАЙЫЗ

Мал азығын дайындау

Тамыздың алғашқы он күндігі аяқталуға қарағанымен жаздың аптабы әзірге шегінер емес. Соған қарамастан қыстың қамындағы шаруа қатаң бақылауда.

Кеше облыс әкімі Елеусін Сағындықов алдағы қысқа мал азығын дайындаудың барысы туралы мәселе қараған кеңес өткізді.

Кеңесте облыстық ауыл шаруашылығы  басқармасының бастығы Ерсайын Әжібаев науқандық жұмыстар барысына шолу жасады.

9 тамызға облыс бойынша қажетті мал азығының 91,7 пайызы дайындалды. Шілде айында қарқын алған шабындықтағы екпінді еңбек тамызда да толас тапқан жоқ. Қобда, Алға, Хромтау және Мәртөк аудандарында жылдық тапсырма қазірдің өзінде орындалды, ал Ырғыз, Байғанин және Мұғалжар өңірлері осы межені игеруге жақын.

Ең бастысы, көптеген жерлерде талап етілетін жемшөп қорын биылғыдай қуаңшылықты жылдың өзінде дайындауға болатындығына берік сенім қалыптасты.

Әрине, белгілі бір дәрежедегі көзқарастар мен пікірлерді қалыптастырудың өзі оңайға түскен жоқ. Қуаңшылық пен күннің аптабын алдыға тартып, үмітсіздікке бой алдыру көріністері де білінбей қалмады. Алайда барды базарлауға ұмтылу, істің көзін табу қандай да бір нәтиже бермей қоймайтындығы тағы да дәлелденді.

Қарғалы, Алға және Темір аудандарында біршама уақыт бойы төменгі көрсеткіштер орнығып келсе, қазір жағдай жақсарды, тіпті олардың жылдық тапсырманы орындайтындықтарына негіз қаланып үлгерілді.

Осыдан біршама уақыт бұрын Қарғалы ауданында мал азығын дайындауға байланысты алаңдаушылық туындаған еді. Белгілі дәрежеде шаралар қолға алынғаннан кейін бұл өңірде жағдай қалыпқа түсті. Мәжілісте есеп берген аудан әкімі Айбек Сағиев жылдық тапсырманың 82 пайызға орындалып отырғандығын тілге тиек етіп, алдағы уақытта қысқа қысылмай түсу мүмкіндігі бар екендігіне жоғары басшылықты сендірді.

Ақтөбе қаласын мал азығымен қамту да күн тәрбінде тұр. Қазіргі уақытта мұнда Оңтүстік Қазақстан облысынан шөп тасылынып әкелінуде. Сондай-ақ Ойыл ауданынан мал азығын сатып алу ұйымдастырылуда, оған қосымша Хромтау ауданы аумағынан дайындалуда.

Өзге өңірлерге қарағанда өзені көбірек Қобда ауданында жылдық қажеттілік мөлшері дайындалып алынды. Ендігі меже — қажеттіліктен 20 пайыз артық өнім дайындау.

Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін мұндай жетістіктерге жетелейтін бір жайт — облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың 1 қыркүйекке дейін қажетті мал азығын дайындаған аудандарға 5,0 млн. теңге бөлу туралы қаулыға қол қойғандығы да болса керек.

Өткен қыс айларында қардың аз түсуі, сәуір айынан бастап тамшы тамбай қоюы егіс алқаптарының күйін кетірді. Облыс бойынша  731 мың га. алқапқа дән себілсе, соның 523,0 га аумағында өнім жинауға жарамай қалды. Мәртөк, Қарғалы, Әйтеке би және Хромтау аудандарында ғана алқапқа комбайн шығарылды. Әр гектардан орташа есеппен 3,8 центнерден өнім алынады деп күтілуде. Өңдеуден кейінгі жалпы жиынтық өнім 72,0 мың тонна болады деп есептеліп отыр. Қазіргідей сәтте осының бәрін ұсақ-түйегіне дейін есептеудің мәні зор.

Ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының мәлімдеуіне қарағанда, азық-түліктік астық өніміне жылдық тұтыну нормасы 122,0 мың тонна құрайды. Қазіргі уақытта астықтың мұндай мөлшері толығынан «Азық-түлік корпорациясы» АҚ тарапынан бөлінуде. Оның 21,0 мың тоннасы біздің элеваторларымыздың қоймасында тұр. Ал қалғаны таяудағы бір-екі ай ішінде тасылып жеткізіледі.

Осылайша тұрғындарды ұнмен және нан өнімдерімен тұрақты баға бойынша 2011 жылдың астығына дейін қамтамасыз ету мәселесі шешілген деп нық сеніммен айтуға болады. Бағаны тұрақты ұстап тұру үшін облыс әкімі мен «Азық-түлік корпорациясы» АҚ, ұн тартатын және нан өнімдерін шығаратын кәсіпорындар арасында меморандумға қол қою дайындықтары жүргізілуде.

Әдетте астық өнімі аз болған соң жемнің жағдайы да нашарлау болатыны белгілі. Дегенмен, мұның барлығы қазіргі уақытта ақтөбеліктерді тығырыққа тіреп отырған жоқ.

Бірқатар аудандар жем мәселесін тікелей өздері шешуде. Мәселен, хромтаулықтар Солтүстік Қазақстан облысынан 2000 тонна жем жеткізіп, оның 1 тоннасын тұрғындарға 12000 теңгеден сатуды ұйымдастыруда.  Темір ауданы Қостанай облысынан жем сатып алуға байланысты келіссөз жүргізуде. Бұндай шаруалар басқа аудандарда да атқарылуы тиіс.

Аудандардағы ахуалды бақылап қана қоймай, сонымен бірге тұрғындар арасында түсінік-насихат жұмыстарын жүргізу, іске нақтылы қолдау көрсету мақсатында құрылған топ өкілдері – облыстық мекемелер мен басқармалар басшыларының бірқатары әкім алдында есеп берді. Облыс әкімінің орынбасары І. Өмірзақов, басқарма және мекеме басшылары О. Далмағамбетов, Ж. Иманқұлов, С. Ботағарин және басқалары өздері бөлінген Қарғалы, Темір, Ырғыз және Ойыл аудандарындағы бүгінгі күнгі көріністерді нақты деректермен баяндап, жұмыс жайын ортаға салды.

Облыс әкімшілігі биылғы жылы мал азығын дайындау, егін орағына қатысты науқандық жұмыстардың жүйелі жүргізілуіне нақты көмектер көрсетуде. Мәселен, егін орағына 3000 тонна дизель отыны қажет деп есептелінсе, ол шаруа алдын ала шешілді. Оны арзандату үшін облыс әкімі қосымша 70,0 млн. теңге бөлді. Облыс басшысы алға қойып отырған тағы бір міндет — мал басының азаймауын назарда ұстау. Осы бағыттарда «Ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау қоры» АҚ республика бойынша 500,0 млн. теңге бөліп отыр. Оның ішінде әр қарыз алушыға 400, 0 мың теңгеден беріледі. Сондай-ақ мал сатып алуға 200,0 млн. теңге қарастырылған.

«Мал өнімдері» корпорациясы да қарап отырған жоқ. Байғанин ауданындағы жайылымдық мал шаруашылығын дамыту үшін «Еділбай Элит» ЖШС-на 13000 қой сатып алу үшін 200,0 млн теңге бөлді.

«Аграрлық несиелік корпорация» АҚ 1 млрд. 166 млн. теңгені мал шаруашылығын дамытуға шығарды.

Міне, осының бәрі далалық жұмыстарды сабақтастыра отырып, жандандыруға жол ашқанын атап көрсетті облыс басшысы.

…Қыстың созылып, көктемнің кешігуі шаруа адамы үшін кенеттен келетін тосын жайт емес. Сондықтан да облыс басшысы мал азығын дайындау барысында мәселенің осы жағын да ескеруді тапсырды.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button