Билік

Германия ынтымақтастыққа ынталы

Облыс әкімшілігінде

Облыс әкімі Елеусін Сағындықов біздің өңірге жұмыс сапарымен келген Германияның бас консулы, доктор Герольд  Амелунгпен кездесті. Кездесуге қатысқан делегация құрамында Орталық Азиядағы герман экономикасының өкілдігі жетекшісінің орынбасары — Қазақстандағы герман экономикасының өкілі Ғалия Жүнісәлиева, «Сименс Қазақстан» ЖШС директоры Кай Цвингенбергер, «Wirtgen Internаtional GmbH» компаниясы өкілдігінің жетекшісі Амангелді Елғонов, «Commrzbank» өкілдігінің жетекшісі Бодо Тенс, «TrailerCjrporation Central Asia» компаниясы өкілдігінің жетекшісі Дан Шникк болды.

Елеусін Сағындықов шетелдік қонақтарға Қазақстандағы Германия жылы аясында жасалған сапардың дер кезінде әрі маңызды екенін айтып өтті. Неміс әріптестермен арада берік іскерлік қатынас орнатылған, «Германияда жасалған» брэнді» біз үшін алдыңғы кезекте төзімді, сапалы және ұзақ мерзімді дегенді білдіреді», — деді өңір басшысы.

Облыстың экономикалық дамуы, табиғи пайдалы қазбаға бай және тоғыз жолдың торабында орналасқандығымен қоса, энергетикалық, өндірістік дамуы, жоғары білікті мамандары мен интеллектуалдық әлеуеті өңірді инвестициялық жағынан тартымды етіп тұрады.

«Ақтөбе облысы ел экономикасында көш бастап келеді және еліміздің үдемелі индустриялды-инновациялық даму бағдарламасы бойынша алдыңғы қатарда тұр. Өңірде сыртқы экономикалық ынтымақтастық қарқынды дамыған, 500-ден астам біріккен кәсіпорындар құрылып, табысты еңбек етуде, солардың он шақтысы неміс әріптестермен бірге жұмыс жасайды», — деп тұжырымдады облыс әкімі.

Доктор Герольд Амелунгтың айтуынша, осыған дейін облыстың әлеуметтік-экономикалық әлеуетінен хабардар болса да, көзбен көрген жайттар күткендегіден де асып түскен.

Кездесу барысында Елеусін Сағындықов пен Герольд Амелунг алдағы экономикалық ынтымақтастық жайында әңгімелесіп, әріптестік қатынасты тек өндірістік аймақтарда ғана емес, сұранысты қажет ететін салаларда да нығайту жайында пікір алмасты.

Бұдан кейін неміс делегациясы облыстың іскерлер ортасымен және Қазақстандағы этникалық немістердің «Возрождение» ұйымының өкілдігімен кездесіп, қонақжай қаланы аралады.

Сапар соңы облыстық өнер мұражайындағы «Қазіргі заманғы Германия» және «Жаңарған энергия — Германияда жасалды» көшпелі көрмесінің салтанатты түрде ашылуына ұласты.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button