Басты жаңалықтарДенсаулық

Медициналық музей ашылды, жеңіл көліктер тапсырылды

Денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің мерекесіне орай Ақтөбе медициналық орталығында музей ашылды. Салтанатты шараға облыс әкімі Оңдасын Оразалин, облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова және Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов қатысты.

Облыс әкімі бастаған қонақтар музейдің ішін аралап көрді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің айтуынша, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ашылған музейдің аумағы — 300 шаршы метр.  Музей облыс медицинасының өткені мен бүгінінен сыр шертеді.  Бұл жердегі жәдігерлер бастауын тереңнен алады.  Музейде үш ғасырға жуық уақыттың, яғни ХVІІІ-ХІХ-ХХ  және  ХХІ ғасыр тарихы  тоғысқан. Хронологиялық ретпен құрылған медициналық музейдің бір бөлігі 1917 жылға дейінгі кезеңге, кеңестік дәуір мен Ұлы Отан соғысы жылдарына арналған. Ал еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі Ақтөбе облысының денсаулық сақтау саласының жетістігі музейдің ауқымды бөлігін қамтыған. Ел медицинасының дамуына үлес қосқан ақтөбелік ғалымдар мен ардагер дәрігерлердің де суреті ілініпті. Кеңес дәуірінде қолданған медициналық бұйымдар да музейдің бір бұрышынан орын алған.  Музейдің ең негізгі бағыттарының бірі — медициналық оқу орындарының талапкерлеріне кәсіби бағыт-бағдар беру. Бұл жерге  келген әрбір жас науқастың өмірі дәрігердің қолында екенін, яғни оның  білімі мен тәжірибесіне байланысты екенін ұғынады.

Музей жәдігерлерімен танысқан соң облыс басшысы Оңдасын Оразалин дәрігерлерді кәсіби мерекесімен құттықтады. Ақтөбе медицина орталығының 44 қызметкері ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Мақтау қағаздары және Құрмет грамоталарымен марапатталып, 12 дәрігер «Еңбек ардагері» және «Алтын дәрігер» медальдарын иеленді.  Ардагер дәрігер Нұрлан Ағзамов облыс басшысына алғысын айтты.

Сондай-ақ жиында аудандар да елеусіз қалған жоқ.  Облыс әкімі аудандық ауруханалар мен қаладағы жеті емхананың бас дәрігерлеріне  су жаңа жедел жәрдем және  «Ларгус» жеңіл көлігінің кілтін табыс етті.

Кәмшат СЕКСЕНБАЙҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button