Билік

Әкімдер не дейді?

Газетіміздің бұдан бұрынғы санында өткен аптада аймақтағы мал азығының дайындалу жайын қараған облыстық актив жиналысы болып өткенін жазған едік. Облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың төрағалығымен өткен осы жиында мал азығын дайындауға байланысты мәселелердің аймақта ойдағыдай шешіліп жатқаны белгілі болды. Бірде-бір елді мекеннің жемшөпсіз қалмауы, не қысқа түсетін малдың санының кемімеуі  жан-жақты талқыланды. Облыста жарияланған мал азығын дайындаудың екпінді екі айлығының табысты өтіп жатқаны айтылды. Осы жиында бірсыпыра аудандардың әкімдері мал азығын дайындау науқаны өз өңірлерінде қалай өтіп жатқанын баяндады.

Әйтеке би ауданының әкімі Есімхан ЕСЕНБАЕВ:

Өзімізде шөп те, жем де бар

— Облыс әкімінің аймақ тұрғындарына арнаған Үндеуі  аудан жұртшылығына жеткізілді. Барлық селолық округтерде тұрғындардың жиындары өтті. Жергілікті жерлерде мал азығын дайындау науқанына қарқын беретін ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде.

Ауданда 3530 отбасы мал ұстайды, соның 2500-іне  мал азығы түсті. Мал ұстайтын үйлерге мал азығының жеткізілуі қатаң бақылауға алынды. Аудан бойынша ауласында мал ұстайтын 105  аз қамтылған отбасы бар. Олар да біздің назарымызда, шөп түсіріліп беріліп жатыр.

Алдағы қысқа  түсетін малға қанша жемшөп қажеттігі де анықталды. Жоспар бойынша 110 мың тонна пішен дайындалуы керек. Қазір керекті мал азығының 70 пайызы дайындалды. Біздің бірқатар өңірлерімізде шабындыққа орақ басқа жерлерге қарағанда кешеңдеу түседі. Ол жерлерде шөп шабудың қызу шағы енді басталды.

Мал азығын толықтырудың аймақтағы сенімді жолының бірі астық сабанын дайындау екені белгілі. Комбайндар астық оруға кірісті. Ауданда дәнді дақыл егісінің көлемі 180 мың гектар еді. Қуаңшылыққа байланысты егіс нашар шықты. Дегенмен, соның өзінде 60-70 мың гектар дәнді дақыл егісін жинаймыз деп ойлаймыз. Алғашқыда дәнді дақыл егісінің әр гектарынан 1,5 центнерден артық өнім ала алмаспыз деп есеп жасап едік. Кейінгі жауған жауыннан кейін үмітіміз ұлғайды. Әр гектардан 3,5- 4 центнерден түсім аламыз деген жоспарымыз бар. Ал бұл белгілі мөлшерде егіс сабаны да көбейеді деген сөз. Жалпы, біздің ауданда мал азығының жеткілікті қорын жасауда, алдымыздағы мал қыстату науқанында ешқандай проблема болмайды.

Алыстан жем іздемейміз. Алдағы жылға қажетті тұқым мен қысқа түсетін малға керекті жемді өзімізден дайындап аламыз. Қанша қуаңшылық дегенмен ондай мүмкіндік бізде бар.

Жемшөп дайындаудың қазіргідей қиын кезде де қарқын алуының және бір себебі бар. Биыл облыс әкімінің тікелей қамқорлығымен жанар-жағармай өз құнынан жарты бағасына төмендетіліп беріліп отыр. Оның үстіне дайындалған мал азығына субсидия беріледі. Сол себепті мал азығын дайындауға бұрынғы жылдардағыдай көп шығын шықпайды. Мұндай жағдайда мал азығын дайындауға шөп бригадаларының өздері де ынталы. Осындай қолайлы жағдайдан кейін бізде мал азығының, жемнің сатып алу бағасы едәуір түсті. Қазір ауылдарда бір тонна жем 8 мың теңгеден аспайды. Тіпті 6 мың теңгеден де табуға болады. Ал ауданда өткен жылы бір тонна жем 12 мың теңге болған еді.

Темір ауданының әкімі Бауыржан ҚАНИЕВ:

Тиімді әдістерді жалғастыра береміз

— Ауданда шарбағында мал ұстайтын 5233 отбасы тұрады. Біздің есебіміз бойынша осы мал ұстайтын үйлердің  күні бүгінге 72 пайызына шөп түсті. Өткен жылдан біраз шөп үнемделіп қалды. Соларды және жаңадан дайындалған, әлі де әзірленетін пішенді қосып есептегенде, біз ауданда алдағы қыста жемшөп тапшылығы болмайды деп санаймыз.

Біз аз қамтылған отбасыларына өз малдарын жемшөппен қамтамасыз ету үшін арнайы трактор, шөп шабатын агрегат сатып алып бергенбіз. Мұның тиімділігін қазір Алтықарасу ауылынан көріп отырмыз. Шөптерін өздері шауып, дайындап алып жатыр. Бұл тәжірибені алдағы жылы біз қалған ауылдарда да жалғастырамыз. Мал азығын дайындау жұмысында, аудан бойынша алып қарағанда, қазір қарқын бар. Қыркүйек айына дейін керекті мал азығын толық дайындап аламыз. Өзге өңірлермен салыстырғанда  шөп біздің ауданда арзан. Жем мәселесін де шешеміз. Қостанай облысымен келісіміміз бар.

Қарғалы ауданының әкімі Айбек САҒИЕВ:

Өзге аймақтан шөп дайындау да ойда бар

— Табиғи пішен мен астық сабанын қосқанда, көзделген жылдық мал азығын толық дайындап аламыз. Бізге ауданға мал қыстату үшін жоспар бойынша 35 мың тоннадай мал азығы керек. Сондай қор жасау үшін барлық мүмкіндіктерді қарастырып жатырмыз. Өзге аймақтан шөп дайындау да ойда бар.

Кейінгі болған жауын шабындыққа жақсы әсер етті. Шабындықтардың түсімі жақсаратын сияқты. «Степное» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қуаңшылық жылы да тәуір астық өсіріп отыр. Демек, астық сабаны, жем болады. Өңірдегі барлық дәнді дақыл егісінің сабанын жинап аламыз.

Хромтау ауданының әкімі  Аязбай ОСМАНҒАЛИЕВ:

Жемнің жартысы өзімізден шығады

— Қазірдің өзінде қажетті мал азығының 70 пайызын дайындап үлгердік. Осы дайындалған мал азығының 65 пайызын мал ұстайтын отбасыларына тасып бердік. Шаруа қожалықтары бұл бағытта қарқынды жұмыс істеуде. Тайлап буылған жемшөптің бағасы округтерде 100-120 теңге, ал аудан орталығында 200-270 теңге шамасында. Аудан орталығында қымбаттау болып тұрғаны — дайындалған жерден өздері барып ала алмайды. Табантал, Никельтау сияқты қашық ауылдардан тасып әкелінеді.

Мал қыстату науқанына қажетті жемнің жартысы өзімізден шығады. Қалған жемді көрші «Степное» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басшысымен келісіп, алсақ деген ойымыз бар.

Алға ауданының әкімі Қабай Сәрсенғалиев:

Жаңа фермалар ашылуда

— Қысқа түсетін малға аудан бойынша 69,5 мың тонна мал азығы қажет. Бүгінгі күнге 25 мың тонна мал азығы дайындалды. Былтырғы жылдан қалған 25 мың тонна шөбіміз бар. Жемшөптің жеткілікті қорын жасау үшін ауданда әлі де бірсыпыра жұмыстар атқарылуда. Аудан бойынша 206 агрегат шөп шабуға қосылған. Біздегі тайланған пішеннің құны — 200-350 теңге аралығында. Ал бос шөп — 25 мың теңге. Бұдан арзан беріп жатқандар да бар. Өзіміз есепке алған 33 аз қамтылған отбасының 22-сіне шөп түсті. Жыл қуаңшылықты деп, шаруа кеміп жатқан жоқ. Қайта жаңа мал фермалары ашылуда.

Шалқар ауданының әкімі Рахат СЫДЫҚОВ:

Үкімет жәрдем көрсетуі керек

— Шартты малға есептегенде қажетті мал азығы соңғы екі айда толық орындалды. Шабындықтардың түсімі әртүрлі. Бізде шабындығы мол округтер бар. Шөп нашар шығатын қуаң жерлер де аз емес. Дегенмен, салыстырмалы түрде табиғи шөптің түсімі жаман емес. Сондықтан бірінің жоғын екіншісі толықтырады. Шөпті өз жерімізден толық дайындап аламыз. Қазір тұрғындардың 70 пайызының шарбағына керекті шөп түсті. Ауданнан сыртқа да шөп сатылып жатыр.  Ембі қаласы бізден алады. Көрші Арал ауданы да шөп сатып алуда. Ақтөбе қаласынан да кәсіпкерлер келіп, мал азығын дайындайтын бригадалармен келіссөздер жүргізуде. Шөптің бағасы ауданның өзінде арзан, тайланған шөп 120-150 теңгеден аспайды. Ал сыртқа сатылып жатқан пішеннің бағасы жоғары. Биылғыдай жылы жем керек. Оны да келісуге болады. Бірақ тасымал құны қымбат. Сол жағынан биылғыдай жылы Үкімет жәрдем көрсетуі керек деп есептеймін.

Облыс әкімінің ескертпесі

Әкімдердің есебін тыңдағаннан кейін облыс әкімі Елеусін Сағындықов актив жиналысын қорытындылады. Мал азығын дайындауға байланысты түйінді мәселелерді қайырып еске салып, түйіндеді. Қайсыбір аудандардың мал азығын облыстан сырт аймақтардан дайындауға құмартуын сынады. Себебі, қашықтан дайындалған пішеннің бағасы өте қымбатқа түсуде. Қанша қуаңшылық дегенмен, Ойыл, Шалқар, Байғанин, Мәртөк аудандарынан  мал азығын одан әлдеқайда арзан дайындауға болар еді. Бұл аудандардың басшылары мұндай мүмкіндіктің бар екенін айтып отыр.

Сонымен бірге облыс әкімі мал азығын дайындауға байланысты құрылған облыстық штабтың мүшелеріне жеке-жеке тапсырма берді. Олар аудан басшыларының уәделерінің орындалуын қатаң бақылауға алуы қажет. Мал азығын дайындау жоспарын орындамайды деп отырған бірде-бір аудан басшысы жоқ.  Бұл жақсы, әрине. Бірақ оның нәтижесі, нақты іс күзде белгілі болады.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button