Жаңалықтар

«Ауыл» ауылдарға барды

Сайлау

«Ауыл» халықтық демократиялық патриоттық партиясынан Қазақстан Республикасының Президенттігіне үміткер Төлеутай Рахымбековтің сайлауалды бағдарламасы бекітіліп, облыстың әр ауданында штабтары құрылды. Сайлау жақындаған сайын науқанды кезеңде партияның ақпараттық-насихат тобы сайлаушылармен кездесіп, ауыл болашағына қатысты негізгі мәселелерді талқылап жатыр.

Сейсенбі күні «Ауыл» халықтық демократиялық патриоттық партиясының Ақтөбе облысындағы өкілі Жалғас Көздібаев сайлаушылармен кездесу өткізді. Кездесуге облыс аудандарынан жас ұстаздар, оқушылар мен студенттер қатысты.

Бүгінде облыс бойынша партияның 650-дей мүшесі бар. Партия ауылдың құндылықтарын сақтап, экономикалық-әлеуметтік жағдайын  көтеріп, ауылшаруашылық өнімдерді көптеп нарыққа шығаруды көздейді.

Әр партияның өзіндік ұстанымы, мақсаты бар. Ауылдың тұрмысы жақсы болуы үшін кәсіпкерлік саласын дамыту керек. Өзіміздің өнімімізді брендке айналдырып, таза, табиғи өнімдермен еліміздің барлық қалаларын қамтып, ауыл мен қала арасындағы сауданы жандандыру қажет. Бұған біздің мүмкіншіліктеріміз көп. Мемлекетіміздің өзі кәсіпкерлікке арқа сүйеп отыр. Халықтың санының 60 пайызын кәсіпкерлікке жұмылдыруға күш саламыз, — дейді үміткердің сенімді өкілі, экономика ғылымдарының кандидаты Ғалым Мүсіров.

Партия ауыл жастарына көптеген мүмкіндіктерді ұсынады. Сол себепті кездесуде сайлау алды бағдарламасында көрсетілген жастардың өз-өзін жұмыспен қамтуы, баспана мәселесі туралы олардың ұсыныстарын тыңдап, шешілу жолдарын талқылады.

Одан соң партия мүшелері Алға ауданына қарасты жеке кәсіпкер Сансызбай Атыраубаевтың «Бесата» шаруа қожалығында болып, ондағы тұрғындарға сайлау туралы түсінік жұмыстарын жүргізді.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button