Басты жаңалықтарЖастар

Қазақстан-Ресей жастарының форумы: белсенділер Президентпен кездесті

Қостанай қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Қазақстан-Ресей жастарының форумы өтті. Екі күнге созылған ауқымды шара барысында еріктілер қозғалысындағы жастардың рөлі әңгіме өзегіне айналып, жер-жерден келген қайырымды жігіттер мен қыздар өзара тәжірибе алмасты. Ой бөлісіп, пікір алысқандардың қатарында ақтөбелік делегация да бар.

Әлқисса…

«Жыл волонтері» халықаралық сыйлығы беріледі

Астықты аймақтың жаңадан ашылған Жастар сарайында өткізілген форумның басты қонағы — ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев болды. Жас еріктілердің қай бастамасын да қолдайтынын айтқан Мемлекет басшысы Жастар жылындағы тың жобаларға тоқталып, бірқатар ұсыныс-тілегін ортаға салды.

— 2016 жылы еріктілердің мәртебесін, құқығы мен міндеттерін және мемлекеттік қолдау шараларын бекітетін «Волонтерлік қызмет туралы» заң қабылдадық. 2017 жылы «ЭКСПО» халықаралық мамандандырылған көрмесі жастарды жаппай волонтерлік қозғалысқа тарту ісін бастап берді. Биыл Қазақстандағы волонтерлікті дамытудың жаңа кезеңіне қадам басамыз.

Біріншіден, «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығын ұйымдастыруды ұсынамын. Сыйлық үздік волонтерлік жобаға беріледі және креативті идеялар мен жобалар жасап жүргендерге жақсы қолдау болады. Екіншіден, Қазақстан мен Ресейдің волонтерлік ұйымдары көшбасшыларының қатысуымен тұрақты жұмыс істейтін Волонтерлік кеңес құру мүмкіндігін талқылауды ұсынамын. Бұл өзара ынтымақтастықты нығайту үшін біздің әлеуетімізді күшейте түседі.

Мен сіз­дер­дің «2020 жылды Волонтер­лік қозғалыс жылы болсын» деген ұсыныстарыңызды қолдаймын! 

Екі ел жастарының тікелей байланыстары — Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық серіктестіктің, достықтың және тату көршіліктің бағдарын нығайтудың маңызды шарты. Елдерімізді ортақ тарих пен ең ұзын шекара ғана емес, сонымен қатар, ынтымақтастықтың зор әлеуеті де біріктіреді. Бұл саясатты жалғастыра береміз.

Қазақстан — жас әрі жастардың мемлекеті! Жастарымыз — дамудың қозғаушы күші. Барлық мемлекеттік органдардың міндеті — жастардың өзін-өзі жақсы танытуына жағдай жасау және олардың оң бастамаларына қолдау көрсету, — деген Қасым-Жомарт Кемелұлы аталған форумның пікірлестер тауып, ортақ мақсаттар мен жоспарлар құруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

 ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевтың форумда келтірген дерегіне сүйенсек, Қазақстанда 222 волонтерлік ұйым жұмыс істейді. Олардың құрамында 50 мыңнан астам жас бар.

Министр айтты, еріктілер қолдады

Елімізде еріктілер өткен ғасырдың 80-90-жылдары үкіметтік емес ұйымдар еңсесін енді тіктеп келе жатқан уақытта пайда бола бастады. Сол уақыттан бері олардың қызмет көрсету ауқымы да айтарлықтай өзгерді: әлеуметтік-экономикалық қана емес, экологиялық бағытта да жәрдемдесетіндер кездеседі. Сондай-ақ, соңғы 10-15 жылда маңызды мемлекеттік іс-шараларды да еріктілерсіз елестету қиынға соғатындай. Дүниежүзілік деңгейдегі Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Саммиті, Ислам конференциясы, VII қысқы Азия ойындары, «ЭКСПО-2017» көрмесі, т.б. айтулы шараларға аталған топтағылар белсенді түрде атсалысты. Біздегі байырғы «Асар», «Үме» секілді ізгі амалдар да қайырымдылық жасаған қазақтардың қашанда көп болғанын айғақтайтындай. Еріктілер клубы — солардың заңды жалғасы іспеттес деген пікірді спикер ретінде сөз алған ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев та қуаттады.

— Жастар жылында бірқатар ауқымды іс-шаралар өткізіліп жатыр. Бүгінгі форум — соның жарқын көрінісі. Атаулы жылдың миссиясы барынша ауқымды, ол ең алдымен жастарға жақсы жағдай жасау үшін қолға алынғанын ұмытпау керек. Бір анығы, мемлекет жастарды әрдайым қолдайды. Тіпті, ауыртпалығы мол тоқсаныншы жылдары Елбасы «Болашақ» бағдарламасын жариялап, жастарға жол ашты. Қазір осы бағдарламамен шетелде оқып келген жастар елдің әр түкпірінде жемісті еңбек етіп жатыр. Бұл ең бірінші кезекте сіздерге үлгі болуы тиіс.

Ұлтымызда «Асар» деген әдемі дәстүр бар. Мұның мағынасы тереңде жатыр. Кез келген адамға көп болып, жұмыла көмектесу қай заманда да болған. Осы үрдісті тоқтатып алмай, қайта жандандыра түсуіміз керек. Бір-бірімізге қамқор болсақ, оның соңы тек қана жақсылыққа ұласады, — деді Дәурен Әскербекұлы.

Министрдің сөзін қолдап, жастарды жақсылық жасап жарысуға шақырғандардың арасында Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, ресейлік делегаттар мен белсенділер болды. Айталық, Ре­сей во­лонтерлік орталықтары қауымдастығы кеңесінің төрағасы Ар­тем Метелев барлық замандастарына қан тапсырып, донор болудың сауабы мол екенін айтса, Ұлттық еріктілер желісінің төрайымы Вера Ким ардагерлерді ардақтайтын еріктілердің саны жыл өткен сайын көбейіп келе жатқанын келтірді. Ал Ресейдің «Победа» волонтерлер қоғамдық қозғалысы орталық штабының төрайымы Ольга Омельченкова Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай халықаралық штаб құрып, көзі тірі соғыс ардагерлерін жекелей қамқорлыққа алудың жөн-жосығын түсіндірді. Соңында спикерлердің барлығы бірауыздан игі іс жасауға ұмтылғандардың түбінде жерде қалмайтынын, жақсылықтың екі есе боп қайтатынын жеткізіп, мүмкіндік барда аянып қалмау керектігін білдірді.

«Біздерде мынадай бар…»

 Форумға екі елден ұзын саны мыңнан астам өкіл қатысты. Олардың қатарында волонтерлерден бөлек, журналистер мен мәдениет саласының қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері бар. Делегаттарға еріктілер жұмысының жай-жапсары қамтылған панельдік сессиядан тыс Қостанай қаласының көрнекті жерлері көрсетілді. Атап айтсақ, жігіттер мен қыздар сондағы облыстық тарихи-өлкетану музейіне, «Жеңіс» саябағына, орталық мешітке, Тобыл өзенінің жағасына, басқа да мәдени-көпшілік орындарға барды.

НЕ ДЕЙСІЗ?

 Гүлнар ҚАБИЕВА,

Ақтөбе облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы:

— 20-21 мамыр күндері өткен халықаралық форумға біздің облыстан 20 делегат қатысты. Ақтөбелік топты облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Нұрлан Күнтуов бастап барды.

Жастардың форумнан алған әсері ерекше. Себебі көршілес Ресей Федерациясын айтпағанда, өзге өңірлердің еріктілері өз тәжірибесімен бөлісті. Олар өзара пікір алмасты. Белгілі спикерлер қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Осының барлығы жас ақтөбеліктерге үлкен азық болды ғой деген ойдамын.

Тағы бір ерекшелік — форумға ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, жастармен кездесті. Жастар жылы аясында форумға қатысқан жерлестеріміздің есінде бұл көпке дейін сақталатыны сөзсіз.

Қазіргі таңда облыста 20 еріктілер тобы бар. Оның 12-сі Ақтөбе қаласында орналасқан.

 Ақжайнақ САҒЫНТАЕВА,

«Үмітің үзілмесін» еріктілер клубының мүшесі:

— Ақтөбе мейірімді жастардың мекені десем қателеспеймін. Қаламыздағы «Үмітің үзілмесін» еріктілер клубы — соның бір дәлелі. Қазіргі таңда топтың құрамында 300-ге жуық ерікті бар.

Шара өте жоғары деңгейде өтті. Түрлі қызықтың куәсі болдық. Қостанай қаласына барғаннан өңір азаматтары қазақтың киелі домбырасымен күтіп алып, бір қуантса, қаланың тарихи-мәдени жерлерін аралатып, одан сайын риза етті.

Бәрінен бұрын, бұның әр өңірдегі еріктілердің тәжірибе алмасып, жұмыстарының алға қарай дамуына үлкен мүмкіндік болғаны сөзсіз. Форум барысында спикерлер саланы дамытудағы өз ойларымен бөліссе, ел Президенті келесі жылды «Еріктілер жылы» деп жариялауды қолдайтынын атап өтті. Бұл біз секілді жастарға үлкен қуаныш сыйлаған жаңалық болды.

Ләззат ТӨЛЕУОВА,

«Мейірім» еріктілер клубының мүшесі:

— Форумнан алған әсерімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Оған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, министр Дәурен Абаев сынды тұлғалар мен көршілес Ресей мемлекетінің белсенді жастарының қатысуы тіптен шараның маңызын айшықтай түсті.

Қостанайлықтардың қонақжайлығы, үздік спикерлердің сөз сөйлеуі, жылы атмосферасы – бәрі ұнады. Делегат боп келген жастардың көңіл күйі, жақсылыққа құштарлығы, белсенділігінің өзі қандай! Сапар барысында Тобылдың бойында болып, «Жеңіс» саябағын, облыстық тарихи-өлкетану музейін аралауымыз да ұмытылмас әсер қалдырды.

Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетінің жанынан 2011 жылы ашылған клубымыз былтыр облыстағы үздік волонтерлік топ атанды. Біз мұңайғанға мүмкіндігімізше медеу болуға тырысамыз.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ,

Ақтөбе – Қостанай – Ақтөбе.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button