Соңғы екі айда көп жұмыс жасалды
Облыстық актив: мал азығын дайындау
Елеусін Сағындықов:
Соңғы екі айда көп жұмыс жасалды
Өткен бейсенбі күні облыстық әкімдік ғимаратының үлкен мәжіліс залында облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың төрағалығымен ауыл шаруашылығы мәселесіне арналған актив мәжілісі өтті. Оған ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен бірге, қала мен аудан әкімдері, облыстық басқармалардың, департаменттердің басшылары, еңбек ардагерлері қатысты. Актив мәжілісінде қаралған негізгі мәселе мал азығын дайындау жайы болды. Биылғыдай қуаңшылық жылы ерекше маңызға ие болған мал азығын дайындау науқанының аймақтағы барысы туралы Елеусін Наурызбайұлы өзінің кіріспе сөзінде жан-жақты мағлұмат берді. Қандай қиын жағдайда да, бұл мәселелердің табысты шешіліп отырғанын, облыста мал азығының жеткілікті қорын жасауға толық мүмкіндіктер жасалғанын айтты. Барлық аудандарда мал азығының жеткілікті қоры жасалатынына, мал басы кемімей қысқа түсетініне еш күман жоқ. Өйткені бұл мәселелер аудандардың, шаруашылықтардың басшыларымен бұған дейін облыстық, аудандық деңгейде әлденеше сөйлесілген, шешімдер қабылданған. Әйтсе де облыс басшысы бұл мәселені тағы бір пысықтап алуды артық көрмейді. Активте осы мәселе бойынша облыстық ауылшаруашылық басқармасының бастығы Ерсайын Әжібаев баяндама жасады. Оның әңгімесінің түйіні төмендегідей болды.
Астық төрт ауданда жиналады
Қыста қардың аз түсіп, сәуірдің басынан шілденің ортасына дейін жауын -шашынның болмауы облысты қатты қуаңшылыққа ұшыратты. Биылғы себілген 731 мың гектар дәнді дақыл егісінің 523 мың гектары немесе 72 пайызы күйіп кетті.
Облыста астық жиналатын қазіргі алқап 208 мың гектардың шамасында. Биыл түсім гектарына 2 центнер болып отырғанда, жиналатын жалпы өнім 41,2 мың тонна болады. Ол тұқымға құйылады, азық-түлік астығына, жемге қосылады.
Егін орағы төрт ауданда: Әйтеке би (71,7 мың га), Қарғалы (45,6 мың га), Мәртөк (44,1 мың га), Хромтау ( 45 мың га) аудандарында және Ақтөбе қаласында (1,6 мың га) жүреді. Шілдеде өткен жауын кеш өсетін арам шөптерді көтеріп, егін жинауды қиындатуы мүмкін.
Сондықтан орақ жұмысын қысқа мерізімде, тез аяқтау қажет. Комбайндарды аласа егінге бейімдеу де маңызды.
Аудандар тарапынан толық шешіліп бітпеген тағы бір мәселе – көктемгі егісті өткізуге бөлінген субсидияны игеру. Соңғы деректерге қарағанда субсидияны аудандардың барлығы бірдей игермеген.Әсіресе, Алға (13 млн. теңге), Қобда (9 млн. теңге), Әйтеке би (7,9 млн. теңге) аудандарында игерілмеген қаржы көп. Аудан әкімдері бұл мәселеге маңыз беріп қарап, нақты шешім қабылдауы қажет.
Мал азығы кемімейді
Дәнді дақылмен қатар табиғи шабындықтар мен жайлымдардағы шөптердің шығымы да нашар болып отыр. Маусым айының басында облыстық ауылшаруашылық басқармасы аудандардан мал азығын дайындауға байланысты шараларды талап етті. Қажетті мал азығы 1 млн. 159 мың тонна болып отырғанда, аудандар өткен жылдан қалған пішенді қосқанда 1 млн. 085 мың тонна немесе 94 пайыз мал азығын дайындауға есептелген мәлімет берді. Тек Байғанин, Ырғыз, Ойыл және Шалқар аудандары ғана қажетті пішенді 100 пайыз дайындауға әзір екендерін мәлімдеді.
Мал азығын дайындауды жеделдетуді көздеп, 14 маусымнан 8 тамызға дейін екі айлық жарияланды. Айрықша көзге түскендерді ынталандыру үшін 5 млн. теңге, жанар-жағармайды 50 пайыз арзандатуға 150 млн. теңге бөлінді. Мал азығын дайындау шығынын жабу үшін әзірленген мал азығының әр тоннасына 400 теңге субсидия қарастырды.
Облыс әкімінің «Биылғы аса қатты құрғақшылық жылдың салдарларын жоюға байланысты шаралары туралы» қабылдаған қаулысын жүзеге асыруда нақты жұмыстар жүргізіліп отыр. Облыс әкімінің барлық тұрғындарға арнаған Үндеуі жеткізілді. Біздің ұсынысымызбен аймақтағы қуаңшылық зардаптарын жою мәселелерін қарау үшін Үкіметтік комиссия құрылды.
Осындай қабылданған шаралардың нәтижесінде, мал азығын дайындау үшін 1743 бригада мен звенолар ұйымдастырылып, жұмыс жасауда. Оларда 6857 адам еңбек етеді.
Шілденің 14-інде, аудандар бойынша, жергілікті жерде нақты практикалық жәрдем көрсету үшін облыстың жауапты қызметкерлері бекітілді. Екі айлықтың 6-шы аптасының қорытындысы шығарылды. Алғашқы төрт аптаның жеңімпаздары Шалқар және Қобда аудандарының мал азығын дайындаушылары болды. Ал соңғы екі аптада Ырғыз ауданы барлық апталық тапсырмаларды тұрақты түрде асыра орындады. Қобда ауданының жұмысты тәуір ұйымдастырғанын да атап айтуымыз керек. Бұл ауданның әкімі штабты 21 маусымда құрып, аудан активтерін селолық округтерге бекітті. Әр округте жеке-жеке жұршылықпен жиындар өткізді. Мал азығын дайындауға байланысты тапсырмалар жеткізіліп, барлық округтердің тұрғындарына мал азығын дайындаушылар анықталып, бекітілді. Бір көлік пішеннің шекті бағасы 10-15 мың теңге, буылған шөптің бір тайы 200-250 теңге болып белгіленді. Әрбір мал азығын дайындаушыға көрсетілетін көмек туралы толық ақпарат берілді. Селолық округтердің әкімдерінің алдына жылдың аяғында малдың санын жылдың басындағыдан кемітпей , яғни мал басын 100 пайыз сақтау міндеті қойылды. Әр аптаның бейсенбісінде штабтың отырысы өткізіледі. Округтерде бекітілген жауапты қызметкерлер есеп береді. Туындаған мәселелерді жедел шешуге бағытталған нақты шешімдер алынады. Міне, осындай жұмыстардың нәтижесінде аудан 6 апта бойы тапсырмаларды тұрақты түрде асыра орындап келеді. Қазірдің өзінде жылдық қажетті шөптің 82,2 пайызы дайындалды. Мал ұстайтын 4282 ауланың 3225-іне немесе 75,3 пайызына шөп түсірілген. Және аулаларға тасылып жатқан пішен мал басын аман сақтау үшін 100-ден 1000 тай шөпке дейін шектеусіз беріледі.Екі мектеп өздерінде жұмыс істейтін мұғалімдерге мал азығын дайындаумен шұғылдануда. Шаруа қожалықтарымен бірлесіп мектептің тракторлары пайдаланылады. Шөп шабуды тездету үшін астық комбайндары жұмысқа қосылды.
Алғашқыда аудан жылдық қажетті мал азығының 74 пайызын дайындауға есеп жасаса, қазір бұл есепті қайта қарап, қажетті пішенді толық дайындап алуды көздеп отыр. Есебін қайта қараған Мұғалжар, Мәртөк аудандары да осындай бағыт ұстап, қажетті мал азығын дайындап алуға бел буды. Мал азығын дайындаудың қарқыны Шалқар, Хромтау аудандарында да тәуір. Мұнда қажетті мал азығының 75 пайыздан астамы дайындалды.
Алайда көптеген аудандарда жағдай әлі де қанық емес. Аудан басшылары сөз жүзінде қажетті шөпті дайындап аламыз, мал басын кемітпейміз деп баяндағанмен, іс жүзінде уәдеден шыға алмай жатыр. Мәселен, екі айлықтың өткен екі аптасындағы Қарғалы ауданындағы мал азығын дайындаудың қарқыны қатты алаңдатады. Мұндағы есепке қарағанда, қажетті пішеннің 28,5 пайызы ғана дайындалған. Одан тұрғындарға 1100 тонна ғана пішен берілген. Алға ауданында қажетті мал азығының 34,4 пайызы ғана дайындалып отыр. Ал тұтастай алғанда облыстың көрсеткіші бұдан жоғары, 57,8 пайыз құрайды.
Пішен құнарсыз.Жем керек
Жем мәселесі биыл облыста күрделі. Соны біліп, егін шықпағаннан кейін біз Үкіметке 70 мың тонна жем бөлу туралы ұсыныс жасадық. Бұл мәселенің қалай шешілері әзірге белгісіз. Осындай жағдайда қанша жем сатып алатыны жөнінде аудандардың да толық есебі жоқ. Соңғы тапсырыстары 57 мың тонна құрайды. Темір ауданы сияқты, бірнеше аудандар солтүстік облыстардан жем алуға өздері келіссөздер жүргізуде. Бұл дұрыс бағыт. Басқа аудандар да жұмысты осылай ұйымдастыруы керек.
Екі айлықтың алғашқы айы аяқталды, 669,9 мың тонна пішен дайындалды. Өткен екі аптада мал азығын дайындау едәуір жақсарды. Тапсырма 106,7 пайыз орындалды. Екі айлық тапсырманы орындап, алдағы қысқа кемі 1159 мың тонна пішен дайындауға толық мүмкіндік бар. Ол үшін жемшөпсіз қаламыз деген алыпқашпа сөзді естен шығарып, мал азығын дайындауға байланысты жұмыстарды күшейту қажет. Барлық аудандар қажетті мал азығын толық дайындап, малдың санын кемітпеуі керек. Шөп шабу қарқынын арттыру үшін комбайндарды іске қосқан жөн. Биылғы жылы оратын астық аз. Алайда аудандар жарамсыз деп есептен шығарылатын астық алқаптарын әлі де комиссия арқылы жасақтаған жоқ. Бұл жұмыстарды аяқтап, шөпке шабу керек, не мал жайған дұрыс. Кейбір хабарларға қарағанда, әлі де барлық жерде бірдей 1 тонна шөптің бағасына бақылау қойылмаған. Сондықтан барлық аудандарда 1 тонна шөптің бағасы нақтыланып, тұрақты сақталуы қажет. Селолық округтерде сатып алынатын жемге тапсырыстар берілуге тиіс. Еліміздің солтүстік облыстарынан дайындалатын жемге байланысты да шаралар алынуға тиіс. Мал азығын дайындаудың барысы апта сайын аудандық штабтың мәжілісінде қаралады.
Әрине, малдың басының аман сақталуын тек жемшөп шешпейді, малдәрігерлік алдын алу шаралары да уақытында жүргізілуі керек. Басқарма бастығы осы бағыттағы облыста атқарылып отырған жұмыстарды да ортаға салды. Бруцеллез сияқты мал ауруларының жайына, онымен күрес мәселелеріне тоқталды. Мал арасында кездесетін аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу шарасы жүргізіліп, бұл бағыттағы жоспарлар толығымен орындалған.Сонымен бірге басқарма бастығы облыстағы мал сою пункттері мен алаңдары құрылысын салудың барысына да тоқталды.
Баяндама аяқталғаннан кейін облыс әкімі Елеусін Сағындықов мал азығын дайындау науқанының аудандардағы барысы жөнінде жауапты адамдардан қатаң сұрады. Осыған қатысты мәселелердің жергілікті жерлерде қалай шешіліп отырғанына ықылас қойды. Аудандардың әкімдерін, шаруашылық басшыларын көтерді. Әйтеке би, Темір, Қарғалы, Хромтау , Шалқар аудандарының әкімдері қаралып отырған мәселе туралы бірінен соң бірі есеп берді. Бірсыпыра аудандардың әкімдерінің мал азығын дайындаудағы шаралары құпталды. Мәселен, Темір ауданының әкімінің есебін тыңдап:
—Егер ауданда буылған шөптің әр тайының орташа бағасы 140 теңге болса, бұл жақсы көрсеткіш. Мал ұстайтын отбасылардың 72 пайызына шөп түсіріліп берілген. Аудан әкімі қыркүйек айының біріне дейін барлық тұрғындарыды жемшөппен қамтамасыз етеміз деп отыр. Ауданға арзан жем жеткізуді ойлап , Қостанай облысындағы әріптестерімен келіссөз жүргізуде. Қалған аудандардың да басшылары осылай жұмыс жасау керек. Бауыржан белсеніп жұмыс істейтін әкім. Хромтау ауданында әкім болғанда, көп іс тындырды. Темірде де қолға алып, бітіріп жатқан шаруалары көп. Әсіресе, проблемаға айналдырмай, әлеуметтік мәселелерді өз күшімен шешуде. Өз ісін, кәсібін білу деген осы. Өзінің басқаға үлгі болатын жұмыс тәсілі бар, — деді.
Облыс әкімі есебін тыңдағаннан кейін, қайсыбір аудандардың әкімдеріне ескерту жасады. Жұмысты ширату талабын қойды. Айтылған сөзге, берілген уәдеге қатаң бақылау жасалатынын айтты.
Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.


