Жаңалықтар

Мамыр: маңызды істер атқарылды

ӘДЕТТЕ МАМЫР АЙЫНДА ЖЕР АЯҒЫ КЕҢІП, АЙНАЛА ЖҰРТ ҚЫСҚЫ АУЫР ЖҮКТЕН АРЫЛЫП, ДАЛА КӨГЕРІП, КӨҢІЛДІ БІР КЕҢШІЛІК БИЛЕЙДІ. БИЫЛ ДА СОЛАЙ БОЛДЫ. ДЕГЕНМЕН АУА РАЙЫНЫҢ САН МӘРТЕ ҚҰБЫЛУЫ ШАРУА БАҚҚАН ЖҰРТШЫЛЫҚҚА ӘСЕР ЕТПЕЙ ҚОЙМАҒАНЫ ДА БАЙҚАЛДЫ.

БҰЛ АЙДА ДА ҚОҒАМДА, КҮНДЕЛІКТІ ӨМІРДЕ САН ТҮРЛІ ЖАҢАЛЫҚТАР ОРЫН АЛЫП ЖАТТЫ. СОЛАРҒА ҚЫСҚАША ШОЛУ ЖАСАП КӨРСЕК…

 Санамызда сайлау тұр…  

Маусымның тоғызыншы жұлдызында болатын ел Президенті сайлауы қарсаңындағы дода нақ осы мамыр айында қыза түсті.

Президенттікке үміткерлердің қоғамдық штабтары құрылып, жұмыс істей бастады.  Ақтөбеде Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауына даярлық және өткізу кезеңдеріндегі сайлау комиссияларының жұмысы туралы семинар өтті.

Семинардың басты мақсаты — сайлаудың заңдылығын, ашықтығын сақтау, сондай-ақ сайлау науқанына әзірлік және оны жергілікті атқарушы органдардың өткізуі болды.

Орталық сайлау комиссиясының өкілі  ұсынуға өкілетті билік органдарының бірыңғайланған жүйесін бірінші кезекте атап өтті. ҚР Мәжілісі үшін ұсыну субъектісі — саяси партиялар. Келесі шақырылымда барлық деңгейдегі мәслихаттар да партиялық тізім бойынша жасақталады.

Бұл саяси партиялардың ұстанымын нығайтады. Әрбір партияның ұзақ мерзімді мақсаттары мен міндеттері, платформалары болуы керек.

Семинарда сайлау процесін жаңғыртуға қатысты өзге де жаңалықтар жан-жақты қамтылды.

…Сонымен, сайлаушылар Президенттікке үміткерлердің сайлауалды бағдарламаларымен танысуда. Бұл тұрғыдан мамыр айы мол мүмкіндік берді. Алдағыны уақыт көрсетеді.

12 аудан: алдағы даму бағыттары айқындалды

Облыстың бірінші тоқсандағы әлеуметтік-экономикалық  дамуының қорытындылары шығарылып, алдағы бағыттар айқындалды.

Облыс әкімі 19 сәуірде жариялаған «Ақтөбе облысын дамытудың перспективалары» стратегиялық жоспары негізінде  әр аудан бойынша  орындалуы тиіс негізгі міндеттерді белгіледі.

Бұл ретте ең алдымен іске қосылмаған резервтер қайта қаралады, яғни кіріс көздеріне қосымша түсім іздестіру басты орынға қойылуда.

Салық түсімі бойынша қазіргі уақытта Ырғыз, Қобда және Шалқар аудандары кейінгі орындардан көрінуде. Жаңа  инвесторлар іздестіру, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар мен  шағын және орта бизнес құрылымдарымен бірлесе  жұмысты жолға қою —  салық түсімдерін жоғарылатудың негізгі көздері.

Ауыл шаруашылығы саласында 217 инвестициялық жоба енгізу көзделуде. Басты мақсат — мал санын 3 есе, суармалы егіс алқабын 5 есе ұлғайту, құс және балық шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығындағы дәстүрлі емес шаруашылықтар санын арттыру.

Алдағы даму бағыттарында тұрғын үй құрылысы, автокөлік жолдары, жұмыссыздықпен күрес секілді мәселелер де қамтылған.

Қоғамдық қабылдаулар көмегі

Ашық есік күндері кезінде жүргізілетін қоғамдық қабылдаулардың ықпалдылығы арта түсуде. Ақтөбе қаласы әкімдігінде құрамында қоғамдық кеңес мүшелері мен депутаттар, мемлекеттік қызметкерлерден құралған комиссия жұмыс істеуде.

Соңғы уақытта ғана баспана мәселесі бойынша 70 адам комиссиядан өтіп, олардың тең жартысы кейін сатып алу жолымен жалдамалы пәтерге қол жеткізді.

Мұқтаж отбасыларға көмектесетін «Бақытты отбасы» бағдарламасы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы жүзеге асырылады.

Бүгінгі күні комиссиядан өткендердің 15-іне демеушілердің көмегімен баспананың алғашқы жарнасы төленді.

«Бақытты отбасы» — «Нұрлы жер» бағдарламасының жаңа бағыты ретінде жұмыс істейді.

«Бүкілқазақстандық универсиада – 2019» осында бастау алды

Қазақстан Республикасының оныншы жазғы универсиадасы Ақтөбеде салтанатты түрде бастау алды.

Универсиада-2019 ойындарына қатысуға еліміздің елу жоғары оқу орнының 2 500-ден аса студенті өтініш берді. Олар спорттың баскетбол, гандбол, күрес, үстел теннисі, дзюдо, шахмат, жүзу, волейбол сынды 14 түрінен күш сынасатын болады.

Универсиаданың ашылу күні Ақтөбеде бір жағынан қаланың 150 жылдығына арналған 40 шақырымға жүгіру және «Aktobe RUN» 5-10 шақырымға жаппай жүгіру марафоны өткізілді.

«Отбасын сақтау» орталығы сізді қолдайды

Ақтөбедегі «Анаға тағзым» рухани-адамгершілік тәрбие беру кешені бүгінде өз жұмысын жан-жақты жандандыра түсуде. Осында ашылған «Отбасын сақтау» орталығы қоғамдағы аталған бағыттағы маңызды рухани құндылықтарды сақтауды мақсат етіп қойып отыр.

Бұл орталық ҚР Жоғары Сотының «Отбасылық сот» пилоттық жобасы аясында Ақтөбе қалалық сотының бастамасымен және Ақтөбе қаласы әкімдігінің қолдауымен ашылды.

Қоғамда үлгілі отбасылардың санын көбейту, отбасылық құндылықтарды насихаттау басты орынға қойылмақшы. Сондай-ақ, әртүрлі түсініспестік салдарынан ажырасу кезінде отбасына психологиялық көмек көрсету жайы да ескеріледі.

Қазақта «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген тағылымды сөз бар. Орталық сол қиындықтарды жеңілдетуді көздейді. Осы бағытта неке бұзу процестерінің төмендеуіне, отбасын сақтауға, ең бастысы, кәмелет жасқа толмаған балалардың құқығын қорғауға және олардың толыққанды отбасында тәрбиеленуіне мүмкіндік беретін ахуал қалыптастырылады.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button