Жаңалықтар

Атаулы стипендиялар табысталды

Кеше Ақтөбедегі Шығармашылық академиясында жоғары оқу орындарының студенттері мен колледждер оқушыларына облыс әкімінің атаулы стипендиясын табыстауға арналған салтанатты шара өтті.

Жиынға жастармен қатар, оқу орындарының басшылары, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин қуаныш иелерін құттықтап, оларға атаулы стипендияны өзі табыс етті.

Облыс басшысы құттықтау сөзінде:

— Біздің алдымызда тұрған ең басты міндет — Тәуелсіздігімізді нығайту. Бұған сіздердің бүгінгі күні қосатын үлестеріңіз — оқу, өз ісін білетін жақсы маман болып шығу үшін тиянақты білім алу. Осы жолда сіздерді ынталандыру, қолдау үшін жасалатын қадамдардың бірі — облыс әкімінің атаулы стипендиясын беру. Бұл стипендияға кез келген адам үміткер бола алмайды, қоғамдық жұмысқа араласуы, оқу үлгерімі жақсы болумен қатар, нақты бір тақырыптар, жобалар аясында ізденісте жүрген, нәтижеге жеткен жастар ғана қатыса алады. Сондай жастардың қатары жылдан-жылға көбейіп келеді, мұны үміткерлер санының жылдан-жылға өсуінен байқап, қуанып отырмыз. Мен барлығыңызға болашақта үлкен жетістіктер тілеймін, — деді.

Облыс әкімінің атаулы стипендиясына биыл Ақтөбедегі жоғары оқу орындарынан — 137 студент, сондай-ақ, 40 колледж оқушысы ие болды. Студенттерге — 160 мың теңге, колледж оқушыларына 80 мың теңге көлемінде стипендия тағайындалған.

Стипендия иегерлерінің бірі — М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің 2-курс студенті Ақілгек Мырзабай.

— Облыс әкімінің атаулы стипендиясын — студенттерге көрсетілген көмек қана емес, біздің оқудағы, ғылыми ізденістер жолындағы табыстарымызды бағалау, қолдау деп қабылдаймын. Бұл, әрине, бізді одан әрі қанаттандыра түседі, лайықты білім алу жолында көп еңбектенуге жетелейді. Мен үшін бұл — өте қуанышты оқиға, — дейді Ақілгек.

Жиында сондай-ақ жас кәсіпкер Бақыт Молдагерева, жас ғалым Азамат Боранбай сөз сөйлеп, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті, жастарды өз арман-мақсаттарына жету жолында еңбекқор, батыл болуға шақырды.

Жиын соңы концертке ұласты.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button