Ақтөбе — 95

Сабақтастық сыры

Биыл өзінің  95 жылдық  мерекесін  атап  өтетін облыстық «Ақтөбе» газеті басылымның өткен жолдары туралы  жарық  көрген  материалдарды, осында  қызмет жасаған  журналистер туралы жазылған мақалаларды  жүйелі жариялап келеді.

Жалпы «Ақтөбе» газетінің шежіресін  байыптап қарағанда осында  қызмет  жасаған  ырғыздық  қаламгерлердің де аз болмағандығына көз жеткізуге болар еді. Ең алғаш «Кедей» болып аталған басылымның  4-нөмірінен бастап Ырғыз өңірінің түлегі,  Стивенсонның «Қазына аралын» тәржімалаған  белгілі аудармашы  Абдолла Құлыбеков редактор болғанынан бастап газетте қазақылықтың қаймағы бұзылмаған  тарихи  өлкеден  шыққан талай  журналистер  қолтаңбасын қалдырған.

Алғашқы лекте облыстық газетте қызмет  жасағандар қатарында  Қазыбек Әзірмәмбетов есімін айта кету абзал. Туысқандарының берген дерегі бойынша Қазыбек Әзірмәмбетов 1908 жылы туып, 1937 жылы Ақтөбеде науқастан қайтыс болған. Ол —  Сәкен Сейфуллиннің  «Тар жол, тайғақ кешу» романында  жазылған, Ырғыз өңірінде азаттық үшін шейіт болған белгілі тұлға  Әлмен Әзірмәмбетовтің баласы. Қазыбек туралы кезінде облыстық  басылымның  бұрынғы  қызметкері  Кәрім  Ержанов «Мен педагогикалық техникумды бітірісімен,  1930 жылы  Ақтөбе  губерниясы  таратылған кезде  Әзірмәмбетов  екеуміз Ырғызда «Шаруа тілі» газетін шығардық» деп жазған еді. Көзі  тірісінде  Кәрім  ақсақалмен  жүздескенде  ол Қазыбек Әзірмәмбетовтің Ырғыздан шыққан  тұңғыш  газеттің  редакторы  болғанын  айтып  еді.

Осы  арада  «Ақтөбенің» бұрынғы қызметкері, филология ғылымдарының докторы, белгілі зерттеуші-ғалым  Серікқали Байменшенің келтірген деректеріне тоқталайық. «Ақтөбе» газетінің 2014 жылғы 27 наурыздағы «Кедейдің» беташар кезеңі» деген мақаласында  ол  «Ақтөбе губерниясы 1928  жылы дербес округке айналғаны мәлім.  Ал  1930  жылы  округтер  ажырап, ауданға бөлінді. Соған сәйкес округтік «Кедей» газеті де бөлініп, енді Темір және Ырғыз аудандарынан шығатын болып белгіленді. «Кедейдің» беташар кезеңінде асыл ағаларымыз қалыптастырған  әсем  қалами  дәстүрлердің  Темір  және Ырғыз топырағына жеткені  және  осы  өңірлердегі жергілікті баспасөздің бастауын құрғаны сөзсіз. Өйткені бұл жаңа газеттер алғашқы кезде «Кедей» газетінің филиалы ретінде  жарық көріп тұрды. Осы негізде біз «Кедейді» бүгінгі облыстық «Ақтөбе» газетінің де, сол сияқты Темір және Ырғыз аудандық газеттерінің де  ізашары болған басылым деп санаймыз» деп жазғаны қисынға келеді.

Әрине, заманның,  уақыттың  талабына  байланысты  мұндай  өзгерістерді  облыстық  басылым ғана  емес,  аудандық  газеттер  де  басынан өткерді. Мәселен, 1962 жылы қараша айында  Ырғыз ауданы тарап, Шалқармен біріктіріліп, өндірістік басқармаға айналады. Сол тұста үш-төрт өндірістік басқарма  тұрғындарына арналған газет «Жұлдыз» деген атпен Алға қаласынан шығып тұрған.

Өзім ұзақ жылдар қызмет жасаған аудандық «Ырғыз»  газетінің   өткен  тарихына  біршама  зерттеу  жүргізіп  көргенмін. Сол  ретте  бір  кездерде «Ақтөбе»  газетінде   еңбек  еткен  жерлесіміз, Ұлттық қауіпсіздік  комитетінің ардагері, қаламгер  Жолболсын  Шайқақовпен  де  басылымда қызмет жасаған  журналистер  жөнінде  сұрап хабарласқанмын.  Бүгінде  өмірден  озғанына он  жылдан  асқан  Жолболсын ағамыздан  2005 жылы  «Ырғыз» газетінің  75  жылдығы  қарсаңында хат алдым. Содан үзінді келтіре кетейін.

«Ырғыз»  газетінің  алғашқы  редакторларының  бірі  марқұм  Кәрім  Ержанов  ақсақалмен (бұл арада аудандық  газетті  алғашқы  шығарушылардың  бірі болғанын тұспалдаса керек  М.М.),  кейінгі   редакторларының  бірі   марқұм  Әжібек  Мәліковпен  1959-1963  жылдары алдымен  Ақтөбе  облыстық  «Социалистік  жол»,  кейін  Батыс  Қазақстан  өлкелік  «Батыс  Қазақстан»  газетерінде  бірге  еңбек  еткен  жылдарым   өмірімнің  мазмұнды  да  айшықты  тұстары  еді.  Екеуі  де  өз ісін  жақсы  білетін, қаламдары  жүйрік,  ұжымда  абыройлы  журналистер  еді. Кәрікең  маған  кешегі  коммунистер   партиясына   мүшелікке өтуге  ұсыныс-кепілдеме  берген  еді».

Осы  арада  айта  кететін  бір  нәрсе,  сол  елуінші   жылдардың   аяғы  мен  алпысыншы  жылдардың  басында   жоғарыда  аталған  облыстық   және  өлкелік  басылымдарда  біраз  ырғыздық  журналистер  жұмыс  істеді. Өмірден  ертерек  озған  Айтжан  Бекниязов  ағамыз  газеттің  Ырғыз  ауданындағы  меншікті   тілшісі  болса,  марқұм  Шауқат  Құрманғалиев  ағамыз Қарабұтақтан  жазып  тұрды.  Ал бүкіл  республикаға  танымал,  Алматыдан  шығатын  қазақ  тіліндегі  газет-журналдардың,  баспалардың  басшылық  қызметіне араласқан   аудармашы-журналист  марқұм  Сұлтанғали  Қадыров  «Социалистік  жолдың»   штабы — жауапты   хатшылығын  басқарды. Сұлтанғалимен  журфакті  бірге  бітірген  Көпжан  Жалдыбаев  ағамыз  көзге  көрініп,  Алға  ауданында  қазақ-орыс  тілінде  шығатын   «Жұлдыз»  газетінің   редакторлығына  жоғарылатылды.  Осы  тұста қаламының   ұшқырлығымен  Нұхы  Қартбаев  көріне  бастап,  кейін  Ақтөбе  облыстық  «Коммунизм  жолы»  газеті  редакторының   орынбасары,  Торғай  облыстық  «Торғай таңы» газетінің   редакторы  дәрежесіне  дейін  көтерілді. Ал белгілі ақын, Мейірхан Ақдәулетұлы облыстық екі газетті біріктірген серіктестіктің ұзақ жылдар басшысы болды.

Қазақстанның ең беделді жоғары оқу орындарының бірі  әл-Фараби  атындағы  Қазақ  ұлттық университетінің  журналистика факультетінен  Ырғыздың  көптеген  азаматтары  білім алып  шыққан.  Аға буыннан Сұлтанғали Қадыров, Әжібек Мәліков, Көпжан Жалдыбаев, Режан Мұқаев,  Нұхы Қартбаев, Жолболсын Шайқақов,  Әбдісағи Мүтәлиев, Амангелді Былқайыров, Төлеу Қосанов, Айдос Шөкіш, Жайлаубай Қазиев, Аманғали Сәтер, Серік Сатанов, Серік Жолдыбаев сынды университет қабырғасынан білім  алған  азаматтардың  көпшілігі  облыстық  газет  редакциясында  шыңдалды. Оның бергі жағында өмірден ертерек өткен жерлестеріміз  Зәкіржан Кәлкенбаев, Жанар Нұрғали облыстық басылымда қызмет жасағаны белгілі. Әрине, журналистік жолды таңдаған мамандық иелері қай өңірде де баршылық.  Дегенмен  тарихы тереңнен тарқатылған  Ырғыз секілді  өңірден қалам ұстаған  кәсіпті таңдағандардың тұтас шоғыры қалыптасуы,  олардың газеттің қайнаған тіршілігінде  пісіп-жетілуіне облыстық  басылымның  ұстахана  іспетті  болғанын ешкім де жоққа шығара алмайды. Күні  бүгінге дейін «Ақтөбе»  газетінде жерлес әріптестер абыройлы қызмет жасап жүр.

Бүгінде  «Ақтөбе» газетінің тақырып ауқымы кеңейіп,  заман ағымына сай  материалдық жағдайы жақсарып, басылған материалдардың мазмұны арта түскені байқалады. Өз басым  өмір жолымда облыстық басылымнан мол тәлім алдым.  Газеттің алдағы 95 жылдық тойы  құтты  болсын, қадірлі  әріптестер!

Марат МЫРЗАЛЫ,

Қазақстан  Журналистер  одағының  мүшесі.

Ырғыз  ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button