Ақтөбе — 150

Бесінші қаланың тұрғындары

Халқының саны жағынан Ақтөбе — еліміз бойынша бесінші орында тұрған қала. Қазақстанда халқының саны 1 миллионнан асатын үш қала бар екені белгілі: Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент.

Сондай-ақ, Қарағанды қаласының тұрғындарының саны өткен жылы жарты миллиондық межеден асты. Осы көрсеткішке Ақтөбе де жақындап қалды. Биылғы жылдың басында Ақтөбе қаласы тұрғындарының саны 488 мыңға жетті.

 

150 жыл бұрын…

Бұдан 150 жыл бұрын да бұл маң елсіз-жұртсыз жатқан жер емес-тін. Бұған дәлел — 1869 жылы отарлаушылар жасаған жаңа бекініс пен оның айналасындағы жерлердің Жоспары. Онда бекініс айналасындағы жерлердің бәрі де нақты атауы бар жайлаулар мен қорымдар екені көрсетілген.

Бекініс салынған алғашқы жылдары мұнда Орынбор казак әскерлеріне қарасты гарнизон жауынгерлері тұрған. Бастапқыда бекіністе 357 әскер қыстап қалыпты. Ал әскери казармалардан бөлек, алғашқы тұрғын үйлер, тарихшы ғалым Гүлмира Сұлтанғалиеваның деректері бойынша, 1878 жылға қарай пайда болған.

«1878 жылға қарай бекіністе алғашқы бес тұрғын үй пайда болды. Бұлар әскери қызметін аяқтағаннан кейін осында тұрақтап қалған офицерлер — Кобляков пен Куклевке және саудагерлер — И. Подковыров, Л. Саморуков пен Н. Гавриловқа тиесілі еді», — деп жазады Гүлмира Сұлтанғалиева. Сонымен қатар, Гарнизонная және Крепостная аталған алғашқы көшелердің пайда болуы да осы үйлер құрылысымен байланысты еді.

 

Батыс аймақтағы ең үлкен қала

Ақтөбе тарихындағы халық санының көбеюіне жол ашқан оқиғаларға тоқталар болсақ, бастапқы тұрғындар, әрине, ішкі Ресейден, Украина мен Белоруссиядан келген қоныстанушылар болды. Бұл — патша өкіметінің кедейленген шаруалар, көпестер мен қолөнершілер арасында жүргізген үгіт-насихат жұмыстарының «нәтижесі» еді. «Жаңа» жерлерге қоныстанушыларға үй құрылысы, егін, бау-бақша егу, кәсіп ашу үшін тегін жерлер мен қажетті материалдар беріліп, түрлі жеңілдіктер қарастырылды. 1878 жылы Ақтөбеде ең алғашқы 5 тұрғын үй салынған болса, 1886 жылдың жазында түтін саны 177-ге жеткен екен. 1891 жылы Ақтөбеге уездік қала статусы берілді. 1896 жылы мұнда тағы 100-ге жуық отбасы көшіп келген.

1902 жылы Орынбор-Ташкент теміржолы салынды. Бұл да Ақтөбенің одан әрі өсіп, халық санының көбеюіне әсерін тигізген оқиғалардың бірі.

Кеңес заманында Ақтөбе әрдайым үлкен аймақтың орталығы болды: 1921 жылы — Ақтөбе губерниясының, 1928 жылы, губерниялар таратылып, округтер құрылған тұста, елдегі 13 округтің бірінің орталығы болса, 1932 жылы республика аумағында құрылған алты облыстың бірінің орталығына айналды. КСРО-ны Никита Хрущев басқарып тұрғанда, 1962-1964 жылдары, Қазақстанда бірнеше өлке құрылғаны белгілі. Бұл тұста Ақтөбе — Батыс Қазақстан өлкесінің орталығы болды.

Бүгінгі күні Ақтөбе — Қазақстанның батысында халқының саны жағынан бірінші орында тұрған қала. Батыс аймақтағы басқа облыс орталықтарымен салыстырар болсақ: Ақтауда — 190 мың, Атырауда — 220 мың, Оралда 235 мың адам тұрады.

 

Қазақтар үлесі: 3,4 пайыз және 76,5 пайыз

Патшалық Ресейдің қазақ жерінде жүргізген алғашқы халық санағы — 1897 жылғы санақ қорытындысы бойынша Ақтөбе қаласында 2817 адам тұрған. Оның 3,4 пайызы немесе 96 адам ғана жергілікті ұлттың өкілі еді. Барлық тұрғындардың 60 пайызы — орыстар, 20 пайызы украиндар болатын. Сондай-ақ, қалада татар, башқұрт, т.б. ұлт өкілдері тұрған.

1897 жылғы санаққа кеңірек тоқтала кетсек, ол кезде Қазақстан халқының 6 пайызы ғана қалаларда тұрыпты. Сол тұстағы Қазақстанның ең ірі қаласы саналған Орал халқының саны небәрі 36,4 мың адам болған екен. Верныйда (қазіргі Алматы) — 22,7 мың, Семейде 20, 2 мың адам тұрған. Қазақ жеріндегі барлық қалаларды қоса алғанда, қала тұрғындары арасындағы қазақтардың үлесі 15,4 пайызды құрапты. Зерттеулерде көрсетілген дерек бойынша, бұл — 40 мыңнан астам ғана адам.  Әрине, бұл сол кездегі саясаттың қитұрқылықтарына байланысты, тым азайтылып көрсетілген дерек болуы әбден мүмкін.

Жалпы, 1897 жылғы санақ бойынша, Қазақстанда 4,3 миллион халық, алпыс ұлттың өкілдері тұрған. Олардың 81,7 пайызы қазақтар еді.

Ақтөбеге оралсақ, өткен ғасырдың 30-жылдарында қала халқының саны едәуір өскен. Мысалы, 1937 жылы қалада 42 мың адам тұрса, 1939 жылғы санақта 48 749 адам есепке алынған. Осы санақтың қорытындысы бойынша, қала тұрғындары арасындағы орыстардың үлесі — 53,4 пайыз, украиндар үлесі 22 пайыз болған. Бұл жолы қазақтардың үлесіндегі көрсеткіш 15,7 пайыз болыпты. Ал 1989 жылғы санақ қорытындысында бұл көрсеткіш 32,7 пайыз болды.

Тәуелсіздік тұсында қала тұрғындары арасындағы қазақтардың үлесі жылда- жылға артып, 2009 жылғы санақта 73 пайызға жетті. Бүгінгі күні қала халқының 76,5 пайызы — қазақтар. Зерттеушілер есебі бойынша, енді он жылда қазақтар елімізде барлық тұрғындардың 80 пайызын құрайтын болса, көріп отырғандарыңыздай, Ақтөбе ол межені әлдеқайда ертерек бағындырады деп болжай аламыз.

 

Ақтөбенің үлесі — 61,8 пайыз

Өткен жылы Ақтөбе қаласында 11 721 сәби дүниеге келген, ал табиғи өсім көрсеткіші — 8 687 адам. Бұл — облыс бойынша былтырғы табиғи өсімнің 61,8 пайызы.

Өкініштісі, өткен жылы қаладан көшіп кеткендер саны да аз емес — 12 664 адам. Келгендер қатары бұдан гөрі көбіректеу — 14 917 адам.

2013 жылы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша, Ақтөбені болашақта Қазақстандағы заманауи агломерация орталығына және миллион тұрғыны бар қалаға айналдыру көзделді.

Ақтөбе агломерациясы аумағына Алға, Мұғалжар, Қобда, Мәртөк, Қарғалы, Хромтау аудандарына қарасты 70 елді мекен кіреді. Олардың ішінде екі шағын қала (Алға мен Қандыағаш) мен Хромтау моноқаласы бар. Агломерация аумағында бүгінде 600 мыңнан астам халық тұрады. Болашақта халық санын 1,3 миллионға дейін көбейту көзделген.

Сондай-ақ, өткен жылы қала аумағында екі аудан құрылып, оларға Астана және Алматы атаулары берілді.

Бүгінгі күні облыс халқының саны 870 мыңнан асса, оның 56 пайызы Ақтөбе қаласында тұрып жатыр.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button