Басты бет » Экономика » 12 аудан экономикасының даму бағыттары белгіленді

12 аудан экономикасының даму бағыттары белгіленді

Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің қатысуымен  өткен жиында өңірдің бірінші тоқсандағы әлеуметтік-экономикалық  даму қорытындысы талқыланды. Облыс әкімінің орынбасары Олжас Смағұлов осы мерзім аралығындағы өңір экономикасының жағдайы  туралы баяндамасында 12 ауданның экономикасын дамытудың басты бағыттарын талдады. Бұл — өз кезегінде облыс әкімі 19 сәуірде жариялаған «Ақтөбе облысын дамытудың перспективалары» стратегиялық жоспары негізінде  әр аудан бойынша  орындалуы тиіс негізгі міндеттер.

Алдағы уақытта «қарапайым заттар экономикасы» бойынша облыста іске асырылуға тиіс  400 жобаға  үлестерін қоспаған, салық түсімдерін арттырмаған, шағын және орта бизнес нысандарын көбейтуге құлшыныс танытпаған, аудан тұрғындарының  әлеуметтік картасын дер кезінде жасап, азаматтардың арыз-шағымдарына немқұрайлылықпен қарап, не  шешу  жолдарын іздеуге құлшыныс танытпаған  аудан әкімдері орындарымен қоштасады. Осы 4 индикатор «аудан әкімдерін бағалаудың» негізгі көрсеткіші болады.

Резервтер қайта қаралады

«Кірістер бойынша жергілікті бюджетке 34,8 миллиард теңге түсті. Бұл — есепті кезең ішінде жоспардан 108,9%-ға жоғары». Бұл — облыс экономикасының   5 пайыз өсімін көрсетті. Соның  ішінде  өнеркәсіп — 105,5%, инвестиция тарту

115 %, ауыл шаруашылығы 104,8%, құрылыс — 116%, тұрғын үй пайдалануға берілуі — 103%, бөлшек сауда 101,8%-ға артқан. Осылайша бюджет қаржысын игеру бойынша  облыс республикада  үшінші орында тұр.

Кіріс көздеріне қосымша түсім іздестіру керек

Таяуда қаржы және экономика басқармалары, мемлекеттік кіріс департаменті мен қала және 12 аудан әкімі салық салу базасын арттыру мәселесі бойынша бір үстел басына  жиналып, әр ауданның бірінші жартыжылдық пен  жыл соңына  дейінгі  кіріс  болжамын қайта қарайды. Штаб отырысында «міндеттер егжей-тегжейлі қойылып, әр ауданның ай сайынғы  бюджет игеру кестесі бекітіледі».

Бүгінде салық түсімі бойынша  Ырғыз ауданы ең төменгі орында болса, Қобда және Шалқар аудандары одан сәл ғана ілгері тұр. Жаңа  инвесторлар іздеу, қолда бар кәсіпорындар мен  шағын және орта бизнес құрылымдарымен бірлесе  жұмысты жолға қою — дәл қазіргі кезде салық түсімдерін жоғарылатудың негізгі көздері. Ендігі жерде  аудан әкімдеріне сыртқы және ішкі инвестиция көздерін табу міндеті  жүктелді. Басқармалар мен облыс әкімінің орынбасарлары болса,  әкімшілік кедергілерді жою мен кәсіпорындар өнімдерін өткізу көздерін табумен  айналысады. Бұл — аудан мен  басқарма, облыс әкімі орынбасарлары арасындағы жұмысты үйлестіру, бірін-бірі қайталамау және шұғыл шаруаларды тез  шешу жолы.

Инвестиция

Биылғы жылдың соңына дейін облыс экономикасына 570 миллиард теңге инвестиция тарту жоспарға енді. Бұл өткен жылдан 10%-ға  артық. Биылғы жылдың 4 айында  19 миллиард 400 млн теңге  инвестиция түссе, оның  25%-ы  сыртқы инвестиция. Ал былтырғы жылдың бірінші тоқсанында түскен сыртқы  инвестиция барлық инвестицияның 37%-ын құраған. Биыл Алға, Мәртөк, Қобда аудандарында сырттан  инвестиция мүлде тартылмапты.

Өңір экономикасына 25 жаңа өнеркәсіптік инвестжоба енгізу жоспарланып, осы  мақсатта резервтегі 160 кен орны игеріледі.

Шағын және орта бизнес

Өңір экономикасындағы шағын және орта бизнес құрылымдарының үлесі осы  жылдың соңына дейін 23%-ға артпақшы. 2025 жылы өңір экономикасындағы ШОБ нысандарының үлесі 30%-ды құрауы тиіс.

Бүгінгі жағдай: 12 аудан ішінде  Қарғалы, Қобда, Хромтау аудандарындағы ШОБ үлесі өте  төмен. 2018 жылдың қорытындысы бойынша Байғанин, Қарғалы, Шалқар аудандарында  ШОБ құрылымдарына қатысушы тұрғындар саны да, олардың өндірген өнім көлемі  де азайып кеткен.  Жоспар —  аудан тұрғындарының шағын және орта бизнестегі белсенділіктерін жоғарылату және  олар өндірген өнім санын арттыру.

Ауыл шаруашылығы

Ауыл шаруашылығы саласында 217 инвестжоба енгізу жоспарланған. Мақсат –облыста  ірі қара мен ұсақ мал санын 3 есе, суармалы егіс алқабын 5 есе ұлғайту, құс және балық шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығындағы дәстүрлі емес шаруашылықтар санын арттыру. Ол үшін әр ауданда ірі тауарлы және  дербес фермерлік шаруа қожалықтары санын көбейтіп,  аудандарда цифрландыру мен смарт-фермалар құруды нақты жолға қою керек.

Бірінші тоқсанда ауыл шаруашылығы, орман шаруашылығы, балық шаруашылығына тартылған инвестиция көлемі  мүлде азайып, республикалық көрсеткіш бойынша  Ақтөбе облысы  10-орынға түскен. Осы жағдай тамақ өндірісіне тартылған инвестицияның да азаюына  әкеліп соғып,  осы көрсеткіш бойынша облыс 13-орынға төмендеген. Ендігі міндет — жергілікті жерде  өндірілетін азық-түлік түрлерін  көбейту. Бұл —  өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігіне де  әсер етуші негізгі факторлардың бірі.

«Ауыл — ел бесігі» жобасы және жолдар

Биыл республикалық бюджеттен бөлінген 1 миллиард 200 миллион  теңгеге 3 елді мекенде дене шынықтыру-спорт кешені салынып, ауыл жолдары жөнделеді. Аудан әкімдері өз ауылдарына қажетті әлеуметтік нысандар құрылысы жобаларын ыждағаттап, 15 мамырға дейін облыстық экономика басқармасына жолдауы тиіс болатын. Басқарма аудандардан  түскен сметалық-құжаттарды саралап, «Ауыл — ел бесігі»  жобасының  талаптарына сай келетіндерін іріктеп, келесі жылы республикалық бюджет қаржысына салынуы тиіс  жобаларға қосады. 2020 жылы облыста  «Ауыл — ел бесігі» жобасымен құны  20 миллиард 500 миллион  теңге болатын әлеуметтік нысандар тізімі облыстан ұсынылады. Сонымен қатар Үкімет  бюджеттен тыс қаржы көздерімен 2 миллиард 600 миллион теңгенің  жобасын іске асыруды  облысқа  міндеттеп отыр. Олжас Смағұлов: «Бюджет қаржысымен де, жеке инвестиция арқылы да мақұлданған жобалардың орындалуы  қатаң бақылауда болады», — деді.

Тұрғын үй

Жыл соңына дейін 1 миллион шаршы метрден кем емес тұрғын үй пайдалануға берілмек. Жақында Үкімет  Ақтөбе қаласы мен  6 ауданда  жалдамалы  баспана құрылысы үшін 2 миллиард 600 миллион теңге қаржы бөлді. «Тұрғын үйлер уақытында, сапалы салынуы тиіс. Құрылыс сапасына бақылау күшейтіледі» делінді. Сонымен қатар жеке тұрғын үй құрылысы үшін 12 мың жер телімі жыл соңына дейін беріліп болады.

 Автокөлік жолдары

Жақында Ақтөбе қаласы мен 9 ауданның жолдарын жөндеуге  бюджеттен 2 миллиард 400 миллион теңге қаржы бөлінді. Оған 500 шақырым жол жөнделмек. Биылғы жылы Ақтөбе-Қандыағаш тасжолына жөндеу жұмыстары басталады. Стратегиялық жоба — «Батыс-Орталық» автокөлік құрылысы да назарда болуы тиіс.

Жұмыссыздықпен күрес

Үстіміздегі жылдың соңына дейін 15 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланса,  бірінші тоқсанда 5 мың жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар 20 мың жұмыссыз тұрғын мен 60 мың өзін-өзі қамтамасыз етуші азамат есепте тұр. Оларды жұмыссыздар қатарынан алып шығу үшін  ауыл әкімдері тұрғындардың әлеуметтік карталарын тез жасақтап, тапсыруы тиіс.

Осы жылы  қайта оқыту, грант беру, жұмысқа орналастыру арқылы облыстың 35 мың тұрғынын  ресми жұмыссыздар санатынан алып тастау жоспарланды. Бұл жұмысқа жұрттың бәрі емес, тек жұмыссыздар мен өзін-өзі қамтамасыз етуші азаматтар  қамтылуы тиіс. Ол үшін ауыл әкімдері  өз тұрғындарының әлеуметтік картасын  тезірек жасап бітуі тиіс.

Атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж болып отырған 60 мың  отбасы тіркелсе, бүгінде аудандық комиссиялар 9 мың 500 отбасының құжатын мақұлдады. Бұған  жыл соңына дейін  қосымша 6 миллиард теңге қаржы қажет. Мұқтаж отбасылардың санын дәл анықтамау «жоспарлау жұмысының кемшіліктерінен» деп ескерту жасаған Оңдасын Оразалин осы мәселені  жылдың соңына дейін шешуді тапсырды.

Көп өңірлерде отбасы кірісін жасырып қалу сияқты ыңғайсыз жағдайлар  жиі анықталып  жатқандықтан да, арызданушылардың отбасылық жағдайын мұқият зерделеу қажет.

 «Адамның жанайқайына салғырт қарауға болмайды»

Облыс әкімі аппарат жетекшісі Нұржауған Қалауов азаматтардың арыз- шағымдары, өтініштеріне байланысты есеп берді. Биылғы 4 айда  облыс әкімінің аппаратына 817 өтініш түссе, бұл былтырғыдан 154-ке артық. Шағымдардың 13,8%-ы  тұрғын үй, 12,4%-ы Ақтөбе қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына,  8,1%-ы жерді пайдалануға қатысты.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің  аудандарға  жұмыс сапары кезінде жеке қабылдауға кірген 119 тұрғынның 14-інің сұрағы оң шешім тапқан. Ал 105 азаматтың арызы қаралып, шешу жолдары көрсетілді. Қабылдауға келгендер тұрғын үй, жер телімін алу, жұмысқа орналасу, денсаулық жағдайы, мал ұрлығына қатысты сауалдармен, кәсіпкерлік мәселерімен арызданды. Арызданушылар, негізінен, әлеуметтік осал топтағы зейнеткерлер, мүгедектер, жұмыссыздар, кәсіпкерлер, жастар.

— Талдау жүргізгенімізде, азаматтардың өтініштерін қарау мен халықпен сол бойда байланыс орнатуда олқылықтар бар екенін көрдік.  Әлеуметтік желіге дер кезінде жауап беру кемшін әрі нақтылық жетіспейді. Құзырлы органдар жауапты ресми,  шұбалаңқы, қарапайым адамға түсініксіз тілде жазады. Сол сияқты қоғамда резонанс тудыратын  еңбек қатынастары мәселесі көбейді. Басқарма қызметкерлері   шиеленістердің әбден ушыққан  сатысында араласып, тап өрт сөндірушілер сияқты әрекет етеді. Мәселе ушықты ма, жүгіріп басуға тырысады да,  келесі ушыққанға дейін жайбарақаттыққа салынады. Біздіңше, облыстық ішкі саясат басқармасы, білім, кәсіпкерлік және инновациялық даму басқармалары мен еңбек инспекциясы жұмысын жаңа бағытқа бұру керек. Себебі, көп мәселелер әлеуметтік саладан туындап отыр, — деді Н.Қалауов.

Бүгінде облыс тұрғындарының елу пайызы инстаграм желісінде тіркелсе, әлеуметтік желі арқылы арызданушылар да жетіп артылады.

Жиынды: «Шаруасы түгел адам әкімшілікке шағымданбайды. Егер жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы  шиеленісті жағдай болса, онда  кәсіподақ араласуы тиіс. Бұл жерде еңбек қарым-қатынастарының қалай шешілетін жолдарын нақты түсіндіру керек. Арызданушы келіспесе, онда  сот арқылы шешіледі. Осы себепті салмақтап, дұрыстап айту керек. «Өтінішіңізді, ұсынысыңызды, өкпе-ренішіңізді мұқият қарап отырмыз. Мына мерзім ішінде жауап береміз» деп әуелі телефонмен сөйлесіп алыңыз. Кейбір мәселені анықтау үшін және түсініктеме беру үшін жеке кездесу  де керек. Азаматқа  дұрыс түсініктеме берілсе, көп мәселелердің оң шешімі табылады.

Жазбаша түскен арыз-шағымды қарау  мерзімі бір басқа, ал әлеуметтік желі арқылы түскен шағым бір басқа. Бұл жерде әлеуметтік желінің заңдылықтарымен тез,  нақты,  түсінікті тілмен жауап беру керек. Кейде ресми берілген ұзақ жауаптан нені шешіп жатқанын табу қиын. Жауап уақытында не дұрыс берілмесе, адам іштей наразы болады. Адамның жанайқайына ешқашан да салғырт  қарауға  болмайды», — деп қорытындылаған облыс әкімі Оңдасын Оразалин аудандарға жұмыс сапарларында алдыңғы  қабылдауда болған азаматтардың сұрақтарының шешілуін  тағы бір рет тексеретінін хабарлады.

                                                                             Баян СӘРСЕМБИНА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*