Жеңіс

Соғыс шынықтырған…

Майдандағы жеңісті жақындатуға тылдағы аналар мен балалардың қосқан үлесі зор. Солардың бірі — тыл ардагері, «Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі» атағының иегері Қибат Қауанова. Соғыс басталғанда небәрі 9-10 жас шамасында болған Қибат Қалмағанбетқызы ауыр еңбекті үлкендермен бірге атқарды. Жасы 90-ға келсе де сол кездегі қиындықтар көз алдында.

Қибат Қауанова  Темір ауданында туып-өскен. Кейін ата-анасы  Ақтөбенің Оторвановка бөлігіне көшіп келеді. Әкесі Қалмағанбетті «байдың баласы» деп көп қудалапты.

— Әкемнің төрт әйелі болған. Менің шешем Алмабике 15 баланы өмірге әкелген. Бірақ менен өзгесі тұрақтамапты. Мен әкемнің екінші әйелі Алтынның тәрбиесінде өстім. Екінші шешемді өте қатты жақсы көретін едім. Өзімнің анам қатал болды. «Алтынның қызымын» деп, ал  өзімнің шешемді «мына кемпір қашан өледі» дейтін едім. Соғыс басталған кезде үйде ешкім жұмыс жасамады. Әкем сауатсыз болса да қайратты кісі еді. Әртүрлі шаруаларды атқара берді. Үйге күн сайын милиция келеді. Кейін ұстап, алып кетті.  Оны ойлағанда, әлі күнге дейін жүрегім шошиды. Алтын шешем диірменде жұмыс жасады. 70 келі бидайды өзі көтеріп, таразыға өлшейді. Содан шешем денсаулығынан айырылды, белі ауыратын еді. Ішер ас, киер киімге мұқтажбыз. Сөйтіп жүргенде мектепке бардым. Ақын Ізтай Мәмбетовпен бір класта оқыдым, — дейді Қибат әже өткенді еске алып.

Соғыс жылдары тылдағы халықтың жайы мәз емес еді. Әсіресе, балалар аш-жалаңаш жүріп, ауыр еңбекке араласты. Қибат әже қатарластарымен бірге Мәртөк ауданындағы Кеңсахара ауылында келдек терді. Ардагер сол күндерді әлі күнге дейін ұмытпайды.

—  Бір ай келдек тердік. Ішетін тамақ жоқ, бар азыққа қосатын тұз жоқ. Адам тұзсыз өмір сүре алмайтынына сол кезде әбден көзім жетті. Қатты қиналдық, аш-арық балалар күні бойы далада жүреді. Шаршаймыз, қарнымыз ашады. Ешкім еркімізге жібермейді. Бала болып ойнамадық. Бізді соғыс осылай шынықтырды, — дейді әже.

Қибат әже мектепті үздік бітіріпті. Кейін жоғары білім алып, Ақтөбедегі сол кезде

Н. Байғанин атындағы педагогикалық институтта оқытушы болып еңбек етті. Ақтөбе педагогикалық училищесінің тарих бөлімінің меңгерушісі болды. Алматы экономика институтының облыстық филиалында дәріс берді. Қаладағы №6 мектепте сабақ берді. Өмірінің 59 жылын ағарту саласына арнады. Қибат әже оқу бітірген соң Ойылдың Айсағали есімді жігітіне тұрмысқа шығады. Өкініштісі, ерінен ерте айырылды. Жолдасы 28 жасында қайтыс болды.   24 жасында жесір қалған Қибат әже ұлы Абай мен қызы Ардақты жалғыз өзі өсіріп, жетілдірді. Қайын інілеріне қамқор болып, оларды өз алдына отау қылды. Қазір ұлы Абай — облысқа белгілі нефролог-дәрігер.

Қызым осыдан он шақты жыл бұрын қайтыс болды. Соның қайғысын көтере алмай, ауырып қалдым. Ал қазір,  Құдайға шүкір,  жағдайым жақсы. Ұлым да, жиен немерем Айбек пен келінім Айгерім де менің жағдайымды жасап отыр. Барлығына ризамын, — дейді әже.

Тоқсанға аяқ басқан қарияның сөзі түзу, көңіл күйі көтеріңкі. Асты-үстіне түсіп жүрген балаларына дән риза. Мереке қарсаңында құттықтап келгенімізге қуанып қалды. Тыл ардагері, үздік мұғалім ретінде берілген орден-медальдарын кеудесіне тағып, суретке түсті. Батасын беріп, елімізде тыныштық болуын тіледі.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button