Жаңалықтар

Жеңілдетілген несиемен баспаналы бола бастады

2 мамыр күні «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» әскери қызметкерлер үшін жаңартылған тұрғын үй бағдарламасын іске қосты. Елімізде әскери баспана бағдарламасы аясында пәтерлерінің кілтін алған әскери азаматтар алғашқы  қоныстойларын өткізе бастады.

Енді әскери қызметкерлер мен арнайы мемлекеттік орган қызметкерлері «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы баспана сатып алу үшін конкурсқа қатысып, оның қортындысын күтпейді. Себебі, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» «әскери өнімнің» шарттарын жеңілдетті. Жеңілдетілген бірыңғай шарттар бойынша несие 2 мамырдан беріле бастады. Әскерилер сатып алатын үй құнының 15 пайызына тең бастапқы жарнасы болса, несиені жылдық 8% мөлшерлемемен алатын болады. Бұған қоса тұрғын үйді таңдау кезінде ешқандай шектеулер қойылмайды. Яғни, жаңа үйден де, бұрын салынған баспаналардан да алса өз еркі, сондай-ақ үлестік құрылысқа да қатыса алады. Оған қоса несие алар кезде пәтердің ішкі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қосымша қаражат та алуға болады.

Жаңа тұрғын үй бағдарламасына жеке пәтері бар, бірақ өз ведомствосы бойынша тұрғын үйге мұқтаж тұлға ретінде танылған әскери қызметкерлер де қатыса алады.

Жаңартылған бағдарлама бойынша биыл елімізде кемінде 4000 әскери қызметкер қоныстойын атап өтпек. Оларға несие беру мақсатында банк тарапынан 59 млрд теңге бөлінген.

«Әскери өнім» бойынша несие берер кезде әскери қызметкерге төленетін тұрғын үй төлемдерінің мөлшеріне маңыз беріледі. Әскерилерге төленетін тұрғын үй төлемінің отбасындағы адам санына байланысты екенін ескерсек, үлкен отбасылардың кең үй алуға мүмкіндігі бар екенін айту керек.

Былтыр әскери қызметкерлердің тұрғын үй төлемдерін пайдалану механизмі өзгерген болатын. Яғни, олар енді осы төлемдерді тек жалға алған біреудің пәтеріне төлемей, өзінің жеке баспанасын сатып алуға жұмсай алады. Әскери қызметкерлерге қолдау көрсету мақсатында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» қаражат бөліп, әскерилерге арнап 2025 жылға дейінгі жеке тұрғын үй бағдарламасын әзірледі. Өткен жылдың қыркүйек айынан бастап «әскери өнім» бағдарламасына 2 500 адам қатысты. Тағы 70 мың әскери «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» шот ашып, өздерінің тұрғын үй төлемдері есебінен қаражат жинақтап жатыр.

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Ақтөбе облыстық филиалы бизнесті дамыту бөлімінің 1-санатты маманы Мақсат Зайтовтың айтуынша,  былтыр аskeri.baspana.kz порталы арқылы бағдарламаға қатысу үшін өтініш бергендер мен бағдарламаға қатысушылар пулына енгізілген әскери қызметкерлер өтінімді бұрынғы шарттар бойынша  2019 жылдың 30 қыркүйегіне дейін берулеріне болады.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button