Жаңалықтар

Ораза және «діни рәсім»

6 мамырда қасиетті рамазан айы басталады. Осыған орай бейсенбі күні өңірлік коммуникациялар қызметінде ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша өкіл имамы, облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің бас имамы Төлеби Оспан мен «Досжан хазірет» мешітінің бас имамы Азат Аймағамбетовтің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.

Облыстың бас имамы Төлеби Оспан:

— Хадисте: «Кімдекім шынайы иманмен сауабынан үміт еткен түрде Рамазан оразасын ұстаса, оның бұрынғы күнәлары кешіріледі»делінген. Оразаны тек ішіп-жеуден тыйылу деп қана түсінбей, барлық жаман, теріс істерден аулақ болып, осы айды Аллаға жақын болу ниетінде өткізген жандар рамазанның сауабына кенеледі, — дей келіп, рамазанның қадір-қасиеті жөнінде әңгімеледі.

Рамазан оразасы — парыз амал. Дегенмен, денсаулығына, басқа да жағдайларға байланысты оразадан босатылатын адамдар бар.

— Оразадан кімдер босатылады дегенде, уақытша босатылатын және мүлде босатылатын адамдар бар екенін айту керек. Уақытша босатылатындар: жолаушы, науқас жандар, аяғы ауыр және емізулі сәбиі бар аналар. Бұл кісілер кейіннен оразаның қазасын өтейді. Ал айықпас дертке шалдыққан және денсаулығы қатты әлсіреген қарт кісілер оразадан біржола босатылады. Ондай адамдар мүмкіндігіне қарай оразаны підиямен өтеулеріне болады, — деді бас имам.

Жан садақасы болып есептелетін пітір садақасы биыл 300 теңге мөлшерінде белгіленді. Бұл — бидай құнымен алынған ең төменгі мөлшер. Жағдайы жететін адамдар мейіздің бағасымен есептеп, адам басына 3,5 мың теңгеден берулеріне де болады. Пітір садақасын мұқтаж жандарға немесе мешіттерге береді. Підия мөлшері бір күнге — 1,5 мың теңге.

Қадір түні мамырдың 31-інен маусымның 1-іне қараған түнге, ал Ораза айт мерекесі 5 маусымға сәйкес келеді. Айт намазының уақыты — таңғы 07.00.

Баспасөз мәслихатында, сондай-ақ ҚМДБ-ның облыстық өкілдігі қолға алған жоба — «Діни рәсім» мобильді қосымшасы туралы да айтылды.

Бұл қосымшаны жасауға ел арасында «молда» атанған кейбір адамдардың діни рәсімді дұрыс атқармауы себебінен діни қызметке қатысты сын пікірлердің жиілеуі себеп болған.

— Облыстағы мешіттерде 105 имам бар. Ел арасында «молда» атанып жүрген жандардың бәрі бірдей мешіт қызметкері емес, бірақ олардың білімсіздігінен мешіттер атына сын айтылады. Біз жақында жаназа рәсімін атқарып жүрген, бірақ ешқандай мешітте қызмет етпейтін 20 адамды шақырып, емтихан алдық. Олардың тек 4-еуі ғана жаназада айтылатын дұғаларды дұрыс білетін болып шықты, — деп түсіндірді Төлеби Оспан.

«Діни рәсім» қосымшасын интернет арқылы жүктеп алуға болады. Мұнда облыстағы мешіттердің мекен-жайлары мен имамдар тізімі берілген. Неке қию, ат қою, жаназа, т.б. кезіндегі діни рәсімдерге байланысты кез келген адам өзіне жақын мешіттің имамына хабарласа алады. Сондай-ақ, қосымшадан күнтізбе, діни рәсімдерге қатысты мол мағлұмат пен жамағатты толғандырып жүрген мәселелерге байланысты бейне уағыздар, басқа да пайдалы дүниелер таба аласыздар.

Барша оқырмандарымызға: «Оразаларыңыз қабыл болсын!», — дегіміз келеді.

Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button