Жаңалықтар

Өзен-көлдердің маңы тазартылмақ

Ақтөбе қаласының іргесіндегі Қарғалы ауылында өзен-көлдердің маңындағы ағаш кесу жұмыстарына байланысты көшпелі жиын өтті. Құзырлы орган өкілдері тал-теректердің бейберекет кесілмейтінін айтты.

Ақтөбе қаласы әкімі аппаратының әскери жұмылдыру жұмысы, азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Бекболат Нұрашевтың айтуынша, шаһарда тек бірнеше өзен-көлдің бойындағы судың ағысына кедергі келтіретін ағаштар кесіліп жатыр. Атқарушы билік те бұл мәселеге баса мән беріп, нақтылы тапсырмалар жүктепті.

— Қазіргі таңда Ақтөбе қаласында жол картасы аясында өзендердің арнасын тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соның бірі — Қарғалы ауылы арқылы өтетін Песчанка өзені. Осы маңдағы 8 шақырым аумақта тазарту жұмыстары жүргізілмек. Келешекте Ақтөбе су қоймасынан Песчанка өзеніне су әкелу үшін жұмыс жобасы әзірленіп жатыр. Мақсат — оны көркейтіп, су көлемін молайту.

Өздеріңізге белгілі, облыс әкімдігі тарапынан өзен жағасындағы ағаштарды кеспеу жөнінде талап қойылды. Соған сай, біз тек өзеннің ортасында орналасқан, ағысқа кері әсер ететін ағаштарды ғана кесіп жатқанымызды айтқым келеді. Жағалаулардағы ағаштардың бұған қатысы жоқ.

Ағаш кесу жұмыстары Қарғалы, Елек, Песчанка өзендерінің маңында жүргізілмек. Және әр кесілген ағаштың орнына 10 көшет егуді жоспарлап отырмыз, — дейді Бекболат Нұрашев.

Өз кезегінде көшпелі жиын барысында Қарғалы ауылының тұрғындары құзырлы орган өкілдеріне жақын орналасқан өзеннің жағасындағы күл-қоқыстың көзін жойып, тәртіп орнатсаңыздар деген өтініш-тілегін білдірді. Олардың сөзінше, қысы-жазы осы маңды белгілі бір мекен-тұрағы жоқ адамдар жайлап алып, айналаны бүлдіреді екен.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button