Жаңалықтар

Аспаздан инфекция анықталды

Оқушылары жаппай уланған Ақтөбедегі №9 мектеп-гимназияның директоры тәртіптік жазаға тартылып, қатаң сөгіс алды. Мектеп басшысы асхананы жалға алушы кәсіпкерге ешқандай санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысыз жұмыс жасауға рұқсат берген.

Қалалық білім бөлімінің басшысы Саян Сүлейменовтің айтуынша, аталған мектептің директоры бұл құжаттың болуы тиіс екенін білмепті.

— Осындай олқылықтың орын алуына жол берген мектеп директоры Салиха Қазбаеваға менің 30 сәуірдегі бұйрығыммен қатаң сөгіс берілді. Жеке кәсіпкерге байланысты өздеріңіз білетіндей, облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті үлкен мөлшерде айыппұлдар салуда. Істің мән-жайы анықталғанша, асхана жұмысы тоқтай тұрады, — деді Саян Сүлейменов.

Бүгінгі таңда аталған гимназиядан бөлек қаланың тағы 5 мектебінде асхана жұмысы тоқтап тұр екен. Тексеріс нәтижесінде оларда да санитарлық рұқсат қағазы болмай шығыпты.

Естеріңізге сала кетейік, өткен аптада №9 мектеп-гимназияның бір мұғалімі мен 25 оқушысы астан уланған еді. Ақтөбе қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жоспардан тыс тексерісі нәтижесінде жеке кәсіпкерден санитарлық тұрғыда көптеген олқылықтар табылып, асханада жұмыс жасайтын екі қызметкерінен стафилококк таяқшасы анықталды.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button