Мереке

 Қазақтілді қос Ольга

Ольга Ганина мен Ольга Сорока — әріптестер. Аты мен заты орыс ұлтынан демесеңіз, қазақша сайрап тұр. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ облыстық филиалына барғандар екі Ольганы жақсы таниды. Келушілерге қалаған тілінде қызмет етеді.

Ольга Ганина Әйтеке би ауданында туған. Сол жерде мектепте оқып жүргенінде-ақ өзге ұлт өкілдері арасында өтетін қазақ тілінен байқауларға қатысқанын айтады.

— Тоғызыншы сыныпта жүрген кезде ауылда, ауданда өткен байқаулардан бірінші жүлделі орын алып, облыстық деңгейдегі жарысқа қатыстым. Мен үшін бұл байқау өте қызықты болды. Бірақ ол байқауға 18-29 жастағылар қатысуы тиіс екен, ал менің жасым 16-да болды. Оны білдіртпейміз деп едік, бірақ «құпиямыз» әшкереленіп қалды. Дегенмен, байқауға қатысуға рұқсат берді, — деп күліп еске алады Ольга. Бұл додада да Ольга жүлделі орын алды.

Мектеп бітіргеннен кейін Ольга Ақтөбе көлік және жаңа технологиялар колледжіне оқуға түседі. Мұнда да ол қазақ тілінен өткен байқауларға, «Абай оқуларына» белсене қатысты.

—  Байқауларға дайындалған кезде қазақ тілінде жаңа сөздерді білу маған қызық еді. Есте сақтау үшін жазып қоятын едім. Оған қоса менің колледжде бірге оқитын қазақ достарым да көмектесті. Кейде қазақша дұрыс сөйлей алмай қалсам, ұялатын едім, бірақ менің достарым қолдап, көмектесетін еді, ешкім маған күліп қарап, мазақ қылған жоқ. Жалпы, менің қазақ тілін еркін сөйлеуіме қазақы орта керемет әсер етті. Әлі есімде, бірде бөлмені тазалайын деп, тазикке су құйып алып келе жатыр едім, бір қыз алдымнан шығып: «Шылапшын бар ма?» деді. Мен түсінбей қалдым да: «Шылапшын жоқ» деппін. Бірақ кейін білгенімдей, шылапшын менің қолымда тұр екен ғой, — деп күледі Ольга.

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» жұмысқа орналасқан кезде Ольгаға қазақ тілін білгеннің пайдасы тиді. Себебі бұл жерге келетін адам көп. Кейде аудандарға іссапарларға шығады. Байғанинге іссапарға барған кезде сол жердің халқы оның мемлекеттік тілде өте жақсы білетіндігіне риза болып: «Сіз біз үшін Ольга Ганина Викторовна емес, Байғанина Орынгүл Бектұрқызы боласыз», — деп ықыластарын білдіріпті.

— Бірнеше тіл білу — адамның өзіне қажетті білім. Қазақта «бір тіл білсең, бір адамсың, екі тіл білсең — екі адамсың» деген сөз бар. Бірнеше тіл білу арқылы дүнетанымың кеңейіп, араласатын ортаң да арта түседі. Сондықтан мен қазақ тілін білетінімді мақтан тұтамын. Осы жолда маған қолдау көрсеткен бірге оқыған достарыма, менің әріптестеріме, клиенттеріме, қазақ тілінен сабақ берген алғашқы ұстазым Алтын Ізтілеуоваға алғысым шексіз, — дейді Ольга-Орынгүл.

Ольга Ганинаның әріптесі Ольга Сорока аталған банкте бес жылдан бері қызмет етіп келеді. Өз клиенттеріне мінсіз қызмет етуге тырысатын  Ольга бүгінде қазақ тілінде сөйлеуді одан әрі жетілдіріп жатқанын айтады:

— Банк салымшыларының 80 пайызы — қазақтілді азаматтар. Сондықтан, өз клиенттерімізге мемлекеттік тілде қызмет көрсету парызымыз. Біздің салымшылар құжат рәсімдеп, пәтер алып жатқанда маған алғыс айтып, хабарласып жатады. Олардың  қуаныштарын көру бір ғанибет. Барлық клиенттеріме қазақ тілінде құттықтау сөздерімді айтқанды жақсы көремін, — дейді Ольга.

Ольга мектепте өз ана тілінен бөлек қазақ және неміс тілдерін оқығанын айтады. Бірақ неміс тілі іс жүзінде қажет болмағандықтан, ұмытылып қалған.

— Ал қазақ тілі күнделікті өмірде қатты қажеттілігін байқатты. Әрі мемлекеттік тілді үйренуге деген өзімнің де құлшынысым ерекше болды. Қазір де 100 пайыз таза сөйлеймін деп айта алмаймын, бірақ әріптестерім, қызмет көрсететін клиенттерім маған көмектеседі. Әсіресе, досым әрі әріптесім Гүлбану Жолмағанбетова үнемі маған қолдау көрсетіп отырады,  — дейді ол.

Ольга әріптестерімен бірге Наурыз мерекесі тұсында  ұйымдастырылатын ұлттық мерекелерге белсене қатысады. Бауырсақ пісіріп, ет асқанда, қуырдақ дайындағанда, қазақтың ұлттық салт-дәстүрлерін көрсету сынды шараларда белсеніп ортасында жүреді.

— Әріптестерімнің, достарымның тойларына барғанда қазақтың салт-дәстүрлеріне ерекше мән беремін. Әсіресе, баланың тұсауын кесу мен қыз ұзату кезіндегі беташар сынды дәстүрлер қызықты. Қазақтың қарияларының бата беруі де өте жақсы дәстүр, — дейді ол.

Ольга өте ізденімпаз. Өзін дамытуға қатысты тренингтерге жиі қатысады. Ол бірнеше тілді білу, соның ішінде өзі өмір сүріп отырған елдің мемлекеттік тілін білуді осы ұлтқа деген құрмет һәм адамның жеке өзіне қажетті білім деп есептейді.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button