Мереке

Елена — қазақтың келіні

Сүйікті жар, үш баланың анасы, бір әулеттің инабатты да ибалы, пысық келіні —Еленаның күнделікті күйбең тірлігі  көп әйелдің тіршілігіне өте ұқсас.  Ол таң атысымен  тұрып үй шаруасына кіріседі,  отбасының түскі тамағын дайындап, 10- сыныпта оқитын тұңғышы мен күйеуінің  таңғы асын беріп, бірін мектебіне, екіншісін  жұмысына  жібереді.  Содан кейін ата-енесінің шайын қамдап барып, өзі жұмысқа әзірленеді.

Елена Сейілханова-Никонова Қобда ауылдық округіндегі «Нұрлы болашақ» балабақшасының есепшісі. Орыс, қазақ тілдеріне бірдей жүйрік, мінезі ұяң, ісіне тиянақты, әр сөзін ойланып сөйлейтін әдемі келіншек. Жасы 38-де.  Бұрынғы Исатай, қазіргі Қобда ауданының аумағындағы Қиыл ауылында туған.  Жұбайы —Талғат Қобда  орман шаруашылығы мекемесінің  жүргізуші.  Бұлар — үш бала тәрбиелеп отырған  Қобдадағы  қарапайым отбасы.

Лена Никонова 2003 жылы Сейілхановтар отбасына келін болып түскелі  ата-енесімен бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүріп келеді.  Орыстың қызы қалайша 16 жылдан бері ата-енесін бағып, күйеуінің қас-қабағына қарап, осы әулеттің ұйытқысы болып отыр?

Біздің дөрекілеу сұрағымызға  Елена жылы  ғана жымиды.  Сөйтті де сәл-пәл ойланып:

— Осы кезге дейін ешқандай  реніш туған емес, — деді күлімсіреп.  — Жақында қайынатам 70-ке толады. Осы кісінің мерейтойын атап өтеміз деп тойға дайындалып жатырмыз. Туыстар келеді.

— Сіздің әке-шешеңіз де келе ме?

— Әрине. Әке-шешем әлі Қиылда. Жақында  Талғат, ата-енем, балаларды алып барып қайттық. Қобда мен Қиылдың арасы 98 шақырым, жер аяғы кеңігенде  ылғи өз көлігімізбен барып келеміз. Олар  енді қайынатамның 70 жылдығына келеді. Үлкен ағам  бала-шағасымен Орынбор облысында.  Қиылда әке-шешеммен бірге кіші інім тұрады. Оның  мал өсіретін жеке шаруашылығы бар.

Еленаның  әкесі — орыс, шешесі — украин. Әкесі жағынан ата-әжесінің  Ресейдің қай жағынан қоныс аударғанын білмейді, ал нағашы ата-әжесі  1974 жылы тың игеру жылдарында Пенза облысынан  Мәртөк ауданына көшіп келген. Тың игерушілер жаңадан ашылған «Киевский» совхозының өркендеуіне үлес қосып, осы жаққа сіңді, Мәртөкте балалары дүниеге келді. Ленаның әкесі де, шешесі де Мәртөкте туған, осы жақта  үйленген  жас отбасы  «Қиыл» кеңшарына көшіп келген. Әкесі — механизатор, анасы — дүкенде сатушы. Лена үш баланың ортаншысы.

Бала кездегі  Қиыл Ленаның әлі көз алдында.

— Қиыл ол кезде әдемі еді, — дейді көзін бір нүктеге қадап, ойлана.  — Ауылдың жан-жағы жайқалған сап-сары   бидай егістігі.  Ауыл адамдарының қорасы да  малға толы еді: сиыр, жылқы, әсіресе, қой өте көп болатын.  Қиылда  неміс, молдаван, чешен, белорус, украиндар көп тұрды. 1985-86 жылы мектеп табалдырығын аттағанымда, сыныптың тең жартысы қазақ, тең жартысы басқа ұлттың балалары еді. Кішкентай кезімнен  ауылда  Наурыз, Айтты, Пасханы керемет тойлайтынымыз есімде қалды. Ол кездің адамдары өте діншіл емес,  діни мейрамдар өзара  араласуға себеп тәрізді. Көршілер ұлтына қарамастан бір-бірінің үйіне еркін кіреді,  қай үйде болмасын дастарқан берекелі етіп жайылады. Үйде Пасханы тойлайтынымыз ғана есімде, ол уақытта ата-анамыз  Масленицаны атап өткен емес. 1987 жылдан бастап немістер, чешен, украин, молдаван, белорустар Қиылдан біртіндеп көше бастады. 10-сыныпқа көшкенде, бәрі кетіп,  қазақ балаларының ішінде жалғыз орыс  мен қалдым.

Қобдадағы көпсалалы колледжді бітіріп, Қиыл мектебінде  іс жүргізушісі болып жұмыс істеп жүргенде, 2003 жылы Ленаны сөз байласып жүрген  Талғат ойда-жоқта алып қашады.  Мезгіл қараша айы. Қобдадан Қиылға  қонаққа келіп жүрген Талғаттың жолдастары  бір күні бұлай  жүре бергенше, үйленіңдер деп  Қобдаға  бір кеште көлікпен алып кетеді.  Баласының Қиылдағы орыс қызбен достасып жүргенін білсе де, болашақ келінінің үйге жеңіл халатпен, жұқа тәпішкесімен  кіріп келгенін көргенде, Талғаттың ата-анасы қатты абдырайды.

Көктемде құдалыққа барамын деп жүрген  жоспарының быт-шытын шығарғаны үшін Талғаттың әкесі  ұлына да, ұлының жолдастарына да жақсылап ұрысқан. Себебі ол кісі ешкімде жоқ құдалықтың идеясын  басында пісіріп, орыс құдаға  орыс салтымен құдалық сыйын жасайтынын ойластырып жүрсе керек. Ақыры аяқ астынан келін түскен  соң, Қобдада жедел той өткізіп, бір аптадан соң  Талғаттың  әжесі  мен әке-шешесі, жаңа үйленген екі жас көлікпен Қиыл бағытына жолға шықты.

Қазақтың кешірім сұрауы — осы. Ленаның әкесі екі кештің арасында үй киімімен жүрген қызын қарашаның қара суығында дірдектетіп алып кеткені үшін қатты ашуланыпты.  Бір апта бойы үйіне сыймаған әкенің  ашуын құдалар келгенше Ленаның шешесі жайлап басады.  Ойда-жоқта қызын ұрлап,  басынғаны үшін қанша ашуланса да, милицияға шағымдану  қыз әкесінің ойына  келмеген.  Кешірім сұрап келген құдаларының көзінше шеше: «Өзің сүйдің, өзің көнесің» деп қызына  бір-ақ сөз айтқан. Осы жерде  орыс құдасына қазақ кәдесінен өзгеше етіп киіт кигізу жоспарын бір сәтте быт-шыт қылған Талғаттың әкесі де сабасына түседі. Содан бері екі құда туысқандар сияқты  араласып келеді.

Қазір Талғат пен Ленаның екі қызы  Қобдадағы қазақ мектебінің үздік оқушылары, кенжесі  4 жастан асты. Балалары қазақшаға да, орысшаға да бірдей жүйрік болғанымен, Лена бала тәрбиесінде қазақы үрдісті  ұстанатынын  айтты.

                                                                    Баян СӘРСЕМБИНА,

                                                                       Қобда ауданы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button