Мереке

Алексей — тілдің көпірі

«Ақтөбе» газетінің  редакциясына облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мереке қарсаңында арнайы хабар келді. Онда қазақ тіліне құрметпен қарайтын өздерінің әріптестері Алексей Кан туралы былай деп жазады:

«Ақтөбе қаласында туып-өсіп, осы өңірдің тыныштығын күзетуді мақсат еткен аға лейтенант Алексей Кан  — мінезі жайдары болса да, табиғаты темірдей тәртіпті жақсы көретін жан.  Ол өзін бала кезінен әскери адам болуға тәрбиелеп, мектеп қабырғасында жүргеннен-ақ өзін шынықтыру мақсатында спортқа ден қоя бастады. Осы мақсатта он жасында бокс секциясының есігін қағып, тынбай төккен тердің арқасында алғашқы жеңістеріне де жетті.  Мектепте оқып жүрген кезінде жастар арасында бокстан өткен облыстық чемпионаттың жеңімпазы болып, Қазақстан чемпионатының қола жүлдесіне  ие болады.

Шыныққан, әрі сабақ үлгерімі де жаман болмаған Алексей Кан мектепті аяқтаған соң, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне қарасты, полицейлер даярлайтын Ақтөбе заң институтының барлық сынынан сүрінбей өтіп, курсант болып қабылданды. Төрт жыл бойы осы мамандықтың қыр-сырын жан-жақты меңгеріп, білімі мен тактикалық біліктілігін әбден шыңдаған ол полиция лейтенанты шенімен 2016 жылы Ақтөбе полициясында жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың инспекторы лауазымында қызметін бастады. Үнемі қауіп пен қатердің арасында жүретін, қырағылық пен жылдамдықты талап ететін арнайы жасақтың 25 жастағы офицері Алексей Кан бүгінде  қызметте оң нәтижелерге қол жеткізіп, спортта да биіктерді бағындырып үлгерді.

Алексейдің ұлты қазақ болмағанымен, қазақ тілін жетік біледі. Бала кезінен орыс тілінде тәрбиелейтін балабақшаға, орыс тілінде оқытатын мектепке барып, институттың орыс тобында білім алған аға лейтенанттың қазақ тілінде таңдай қақтырып сөйлеуі сүйсіндіреді. Мектепте сынып жетекшісінің мамандығы қазақ тілінің мұғалімі болуы  оның қазақ тілі сабағын  аса қызығушылықпен оқуына, жақсы меңгеріп шығуына алғышарт болды. Аға лейтенант мектепте оқып жүрген кезінде  қазақ тілінен — «бестік», орыс тілінен — «үштік» бағасы болғанын да жасырмай, жымиып еске алады. Алексейдің айтуынша, оның айналасындағы барлық  достарының қазақ жігіттері болуы да — ұлт пен ұлысқа, тіл мен дінге  бөлінбей, әзілдері жарасуына, аралас-құралас болуына ықпал еткен. Алексейдің өмірлік серігі Гүлнұр да  — қазақ қызы.

Тілді жетік білгендіктен А.Канның көпшілік ортада, қоғамдық орындарда «аудармашы» болып кететін кездері жиі болады.  Ұлты орыс азаматтардың қазақша ойын жеткізіп түсіндіре алмай немесе қазақ ата-апаларымыздың немесе жас балалардың орысша түсінбей тұрған кездерін көрсе, дереу көмекке ұмтылады.  Екі жақтың түсінісіп кетуі үшін барын салып, қазақшадан орысшаға, орысшадан қазақшаға аударып береді.

Арнайы жасақтың офицері бола жүріп, күнделікті оқу-жаттығулар мен қызметтік тапсырмалардың арасында қоғамдық шараларға да белсенді қатысатын Алексей Кан 2018 жылы полицейлер арасында өткен «Парасатты полицей» республикалық байқауында өз командасымен бірге «Ұйымшыл команда» номинациясын жеңіп алды.  Қызметте де, өмірде де қазақ тілінде сөйлеуі оған ризашылықпен, сыйластықпен қарайтындар санының артуына ықпал етіп жүр.

— Мен қызмет ететін арнайы жасақта әртүрлі ұлттың өкілдері бар. Барлығымыз 100 пайыз қазақша білеміз. Бір-біріміз үшін жанымызды беруге даяр, өте тату, нағыз командамыз. Мен өз елімді, өзімнің қаламды, қызметімді, достарымды, отбасымды жанымдай жақсы көремін. Полиция қызметкерлері атынан барлық қазақстандықтарды Бірлік күнімен құттықтаймын. Отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс тілеймін, — деп, әрбір сөзінен тәртіптің табы сезілген жас офицер айтулы мереке қарсаңында ақ тілегін де білдіріп қалды.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button