Мереке

Ақтөбеде Армян поэзиясы антологиясы қазақ тілінде жарық көрді

Біздің этномәдени қоғамдық бірлестік облыста 1997 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Ал 2017 жылы қараша айында облыс орталығында Армения Республикасының Құрметті консулдығы ашылды. Бұл консулдық бүгінде Ақтөбе облысы мен Армения арасындағы қарым-қатынасты одан әрі дамытуға қызмет етеді. Қазір консулдықта қоғамдық қабылдау жұмыс жасайды. Оған армян ұлтының өкілдері келіп, өз мәселелерін айтып, бас қосады.

Қазіргі таңда консулдықта облыстағы белгілі компаниялардың бірі «Парижская коммуна-ХХІ» ЖШС директоры Гайк Тертерян басшылық етеді.

Бүгінгі таңда Ақтөбе облысында 1500-ден аса этникалық армян өмір сүріп жатыр. Сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық филиалында «Урарту» армян қауымдастығы» этномәдени бірлестігі жұмыс істейді. Бұрын бірлестік құрамында кешкі мектеп, балалар мен өнерпаздарды баулитын би мектептері жұмыс жасаған. Өкінішке қарай, бүгінде хореограф мамандардың тапшы болуына байланысты би мектептері жұмыс жасамайды. Балалар білім алатын оқу орындарында ғана бимен шұғылданады. Дегенмен бірлестік мүшелері мерекелік шараларда, басқосуларда өздерінің өнерлерін көрсетеді. Биыл да Қазақстан халқының бірлігі күнінде біздің бірлестік өзге этномәдени орталықтармен бірге өз өнерлерін көрсетіп, ұлттық тағамдарымызды әзірлейді.

Жалпы бұл мереке — Қазақстанда тұратын кез келген ұлттың өкілі үшін ерекше мереке, бұл достық пен татулықтың, бейбітшіліктің мерекесі. Сондықтан біз елімізде әр ұлттың өзінің тілі мен мәдениетін дамытуына мүмкіндік беріп отырған Елбасына шексіз алғыс айтамыз.

Айта кету керек, бүгінде елімізде ұлттар арасындағы ауызбіршілік, татулықты сақтау мақсатында қыруар шаруалар жүзеге асырылуда. Соның бірі және ең негiзгiсi —Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы. Ассамблеяның негiзгi бағыты – елiмiздегі ұлтаралық ынтымақтастық пен сабақтастықты мейлiнше өркендету. Бүгінде Ассамблея — Қазақстандағы татулық пен тұрақтылықтың ең басты кепілі. Осы орайда еліміздің астанасында жыл сайын Елбасының қатысуымен сессия өткізіліп, оған республикадағы этномәдени орталықтардың өкілдері арнайы барып қатысады.

Бүгінде бұл бағытта біздің облыста да бірқатар жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Атап айтсақ, консулдықтың бастамасымен бұған дейін екі жыл қатарынан облыста белгілі армян композиторы Арно Бабаджанянның құрметіне жас орындаушыларға арналған байқау ұйымдастырылды. Биыл да бұл байқауды мамыр айында өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл байқаудың ерекшелігі — жеңімпаз атанған орындаушыға Арменияға саяхатқа жолдама беріледі. Өнер додасына жас орындаушылар еліміздің әр түкпірінен келіп қатысады.

Сондай-ақ консулдықтың қол жеткізген тағы бір жетістігі — Армения Республикасының Қазақстандағы елшілігінің, Қазақстан Жазушылар одағы Ақтөбе облыстық филиалының қолдауымен «Арараттан ескен леп» атты армян ақындары антологиясының жарық көруі. Бұл жинаққа енген армян шайырларының жырларын аударған — белгілі ақын, аудармашы Ертай Ашықбаев. Бұл жинақ Құрметті консул Гайк Тертерянның демеушілігімен жарық көрді. Кітаптың бірінші басылымы өткен жылы шықса, биыл қаңтар айында екінші басылымы жарық көрді. Бұл армян халқының әдебиеті, поэзиясы үшін үлкен жетістік деп ойлаймын.

Айта кету керек, жуырда Арменияның Жазушылар одағында қазақ тілінде шыққан аталған жинақтың тұсаукесері өткізіліп, Қазақстанның Армениядағы елшісі Тимур Оразаев антологияның жарық көруі екіжақты қатынастарды нығайтуға қосылған үлкен үлес екенін атап өткен болатын.

Сөз соңында мен бүгінгі достық пен татулықтың мерекесінде кеңестік кезеңде жаппай депортацияға ұшыраған армян ұлтының өкілдеріне қолдау білдіріп, кеңпейілділік, бауырмалдық танытқан қазақ халқына алғысымды білдіргім келеді. Қазақтар еліміздегі өзге ұлт өкілдерінің жақсы өмір сүруіне барлық жағдай жасауда. Сондықтан бүгінгі бірліктің мерекесінде қазақ халқына қай ұлттың өкілі болса да шексіз алғыс айтады деп сенемін.

Арутюн МИКАЕЛЯН,

«Урарту» армян қауымдастығы» этномәдени қоғамдық

бірлестігі ақсақалдар кеңесінің төрағасы. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button