Жаңалықтар

Ерлік жолдары

Таныстырылым

С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында «Қос шынар» Әлия-Мәншүк қоғамдық қорының төрағасы Ғалымжан Байдербестің «Ржевте ерлік даңқы қайта жаңғырады» атты кітабының таныстырылым рәсімі өтті.

Бұл жинақта 1942 жылдың 25 қарашасында Ржев-Зубцово-Сычевка-Гжатск-Вязьма-Белый-Оленин аумағында басталған «Марс» операциясына қатысқан қазақстандық 100 және 101-ші дербес ұлттық атқыштар бригадасы жауынгерлері туралы мағлұмат берілген. Тарихта «Ржев қандыбұрышы» атауымен қалған осы үшбұрыштың ақырғы нүктесі — Оленин ауданының Мишуково, Зайцево, Оленино, Молодой, Туд деревняларын азат еткен қос бригаданың жорық жолымен барған ақтөбелік делегацияның Ржев қаласы, Оленин ауданындағы кездесулері қамтылған. Сонымен бірге мерзімді басылымдарда жарық көрген майдангерлердің естеліктері, ресейлік және қазақстандық өлкетанушылар, тарихшылар, іздеу отрядтары мүшелерінің деректері бар.

Шараға есімдері өлкеге танымал қаламгерлер мен кітапхана оқырмандары және Ржев қаласына қос бригаданың жорық жолымен барған ақтөбелік делегация мүшелері  қатысып, 100 және 101-ші дербес ұлттық атқыштар бригадасының соңғы жауынгері Сатылған Бекмағамбетов, белгілі ақын, республикалық «Адырна» журналының басшысы Мейірхан Ақдаулетұлы, т.б Ржевтегі ерлік жолдары туралы әңгімеледі.

— Ұлы Отан соғысында 39 шайқас болған. Соның ішіндегі ең қанды, адам өлімі көп тіркелгені — Ржев шайқасы. Бұдан бұрын «Ржев шайқасының қаһармандары» атты кітап, кейіннен оның орысша нұсқасы шықты. Бұл — үшінші кітап. Соңғысында бұған дейін айтылмаған, ескерусіз қалған тың деректерді қайта жаздық.

Былтыр Ұлы Жеңіс күні қарсаңында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында Ақтөбе облысының делегациясы Ржев қаласындағы 100-101-ші атқыштар бригадасының қазақстандық жауынгерлеріне арналған мемориалды кешеніне барып, ерлікпен қаза болған сарбаздарға тағзым етті. Жинақта сондағы өткен мазмұнды шаралар, тағы басқа да тың деректер топтастырылған, — дейді аталған кітаптың авторы Ғ.Байдербес.

100 және 101-ші дербес атқыштар бригадасы туралы жинақ тарихшылар мен өлке тарихын зерттеушілерге, студенттер мен жалпы көпшілік оқырманға арналған. Кітап 500 данамен жарыққа шықты.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button