Рухани жаңғыру

Домбыра дәріптелген байқау

Өнер

Ақтөбе қаласындағы Шығармашылық академиясында балалар мен жасөспірімдер арасында ІІ республикалық «Күй қанаты» өнер байқауы өтті.

Байқауға 7-20 жас аралығындағы өнерпаздар қатысты. Қазылар алқасының төрағасы, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің аға оқытушысы Әбдірашид Райымбергеновтің айтуынша, байқауда үміткерлердің жас ерекшелігіне ерекше мән берілген.

Конкурстың басты ерекшелігі — домбыра аспабын насихаттау. Байқауға кәсіби тұрғыда музыкамен айналысатындар ғана емес, музыка мектептері, музыка колледжінен ансамбльдер, сондай-ақ оқушылардың да қатысуына мүмкіндік болды. Оның ішінде ұлттық педагогика негізінде жасалған «Мұрагер» жаңа оқу бағдарламасын үйреніп жүрген балалар да өз өнерін көрсетті, — деді ол.

Байқауға Ақтөбеден өзге Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай облыстарынан өнерпаздар келді. Қазылар алқасы мүшелерінің айтуынша, үміткерлердің бәрі талантты әрі өте өнерлі.

Қазіргі кезде ұлттық музыка, оның ішінде домбыра аспабына деген қызығушылық өте жоғары. Бұл — бірінші кезекте  ұлттық рухтың көтерілуі. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ұлттық код туралы айтылады. Бұл — аса терең ұғым. Ұлттық код дегеніміз — ұлттық болмыс. Меніңше, әр халықтың баяғыдан қалыптасқан ұлттық коды бар. Домбыра — қазақ халқының ұлттық коды. Сондықтан ұлттық аспабымызды осылайша ұлықтау арқылы біз рухани жаңарамыз. Мысалы, Америкада әр оқушы үндістердің блок-флейта деген аспабын міндетті түрде үйренуі керек. Аспапта ойнау ғана емес, үндістердің ескі, баяғы әуендеріне салып, үйренуі тиіс. Себебі Америка халқында бұрыннан келе жатқан дәстүр болмағасын, амалсыздан солардың музыкасын үйретеді. Ал біз ұлтымызбен бірге жасап келе жатқан домбырамызды осылайша ұлықтап, дәріптей берсек, ұтарымыз көп, — деді Әбдірашид Райымбергенов.

«Күй қанаты» балалар мен жасөспірімдер арасында өткен республикалық өнер байқауының Ақтөбеде өтуі бекерден-бекер емес. «Ақтөбе — өнерге өте бай өлке. Қазір мұнда көптеген мәдениет ошақтарымен қоса, музыка ұжымдары да бар», — деді саз маманы.

Конкурсқа жеке орындауда 60-қа тарта, 9 шығармашылық ұжым қатысқан. Жеке және ұжымдық аталымдар бойынша байқау жеңімпаздарына арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Салтанатты шара барысында Шығармашылық академиясының директоры Шәмшат Жұбай республикалық күй байқауының жоғары деңгейде өтуіне үлес қосқан бірқатар азаматтарды Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Айгүл Арынғазиеваның атынан арнайы Алғыс хатпен марапаттады. Құрметке бөленгендердің қатарында «Ақтөбе Медиа» холдингінің басшылығы да бар.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button