Рухани жаңғыру

Архив — тарих айнасы

Дөңгелек үстел                                                                                   «Ұлы даланың жеті қыры»

Жаулап алушылардың «қас-қабағына», таптық мүддеге қарай жығылған «жалтақ» тарихтан бас тартып, өз халқымыздың шынайы тарихын тану жолындағы зерттеулер — тәуелсіздіктің бастапқы күндерінен бері үзбей жүргізіліп келе жатқан жұмыс. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өткен жылы 21 қарашада жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы осы жұмыстарға зор серпін беретін, төл тарихымызды жүйелеуді жаңа кезеңге шығаратын маңызды құжат ретінде қабылданды.

Мақалада тарихи сананы жаңғырту жолындағы архивтердің рөліне зор мән беріліп, отандық және шетелдік мұрағаттарда зерттеулер жүргізу үшін «Архив — 2025» жетіжылдық бағдарламасын жасау керектігі айтылды.

«Тәуелсіздік жылдарында халқымыздың өткенін зерттеуге қатысты ауқымды жұмыстар атқарылды. Еліміздің тарихи жылнамасындағы ақтаңдақтарды қайта қалпына келтіруге жол ашқан «Мәдени мұра» бағдарламасы табысты іске асырылды. Бірақ, бабаларымыздың өмірі мен олардың ғажап өркениеті жөніндегі көптеген деректі құжаттар, әлі де болса, ғылыми айналымға түскен жоқ. Олар әлемнің бүкіл архивтерінде өз іздеушісі мен зерттеушісін күтіп жатыр», — деп атап көрсетті Елбасы өз мақаласында.

Осыған орай редакциямызда «Тарихи сананы жаңғыртудағы архивтердің рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Дөңгелек үстел басындағы әңгімеге Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің оқу және оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректоры, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Бибігүл Әбенова, облыстық мемлекеттік архивтің құжаттарды пайдалану және жариялау бөлімінің басшысы Бақытгүл Ешмұратова, облыстық мемлекеттік архивтің ғылыми қызметкері Нұрлан Есетов шақырылды.

 Тілші: Тарих деректер мен құжаттар арқылы жазылады. Зерттеушілеріміз бұрын тек өз еліміздің және Ресейдің архивтерінен табылған деректерге ғана сүйеніп келген еді. Ал соңғы уақытта дүниенің төрт бұрышындағы мемлекеттердің архивтерінен қазақтарға қатысты көне құжаттар, суреттер, түрлі жазбалар табылып жатыр. Шеттегі құжаттардың көшірмелерін әкеліп, оларды ғылыми айналымға енгізу, әрине, тарихымызды түгендеу ісіне зор серпін берері сөзсіз… Әңгімені «Архив — 2025» жобасынан бастасақ?

Бибігүл Әбенова: Тарихи сананы жаңғырту, төл тарихымызға оң көзқарас қалыптастыру — өткен ата-бабалардың алдындағы қарызымыз ғана емес, сонымен бірге, жас ұрпақты отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа тәрбиелеу жолындағы парызымыз. Өйткені жастарды елге, жерге деген сүйіспеншілікке тәрбиелеуге жол ашатын, мемлекетшілдік сананы орнықтыратын бірден-бір күш — тарих. Біздің халқымыздың тарихы өте бай, тамырымыз — тереңде. Сол тарихты зерделеп, жүйелеу мақсатында, шетел архивтерінде сақталған құжаттар мен деректерді жинақтауға келсек, бұл іс сонау тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ басталды. 1998 жыл елімізде «Халық бірлігі мен ұлттық тарих» жылы болып жарияланды. Сол тұста Қойшығара Салғарин Қытай архивтерінен алынған, қазақ халқының негізін құраған байырғы көшпелі тайпаларға, берідегі қазақ-қытай қатынастарына қатысты көне жазбаларды топтастырып, «100 құжат», «Таным тармақтары» және басқа, жалпы саны бес кітаптың жарыққа шығуына мұрындық болды. Қытай архивтерінде жүргізілген жұмыстар нәтижесінде жарыққа шыққан бұл кітаптардың, әсіресе, кейінгі жас буын зерттеушілерге үлкен көмегі тиді.

Сол секілді 2004 жылы қабылданған «Мәдени мұра» бағдарламасы, одан кейін «Халық — тарих толқынында» бағдарламасы арқылы Түркия, Египет, Өзбекстан және басқа елдерден архивтік құнды құжаттар, қолжазбалар әкелінді. Ал Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында қолға алынғалы отырған жоба бұлардың бәрінен де ауқымды болмақ.

Өткен ғасырдың 90-жылдарында мен ғылыми ізденіспен көршілес Ресейдің Мәскеу, Орынбор, Уфа қалаларындағы архивтерде болдым, осы архивтерде біздің тарихымыздың әр кезеңдерін қамтитын өте көп деректер сақтаулы тұр. Сондай-ақ, кеңестік заманда Ресей архивтерінде зерттеу жүргізген қазақ ғалымдарының деректерді өз қалаулары бойынша еркін қолданып, ғылыми айналымға енгізе алмағанын, оған мүмкіндіктері шектеулі болғанын да ескеру керек. Біз «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы істер, оның жалғасы ретіндегі жобалар, соның ішінде «Архив — 2025» жобасы туралы айтқанда, мұның бәрі тәуелсіздіктің арқасы екенін есте ұстаймыз.

Мысалы, ізденістер барысында Орынбор архивінен Ыбырай Алтынсариннің «Қазақ қасіреті» деген қолжазбасын кезіктірдім. Қолжазбада авторы көрсетілмей, 33 шумақтан тұратын, зар заман ақындары сарынындағы қайғылы өлең берілген және Ыбырай Алтынсариннің өзі жырдың мазмұнын орысша түсіндіріп, алғы сөз жазып қалдырыпты. Қолжазбаны көшіріп алдым. Архивтегі бұл істі кезінде белгілі тарихшы ғалым Бек Сүлейменов те қараған екен, аталмыш қолжазбаны да көргені  анық. Алайда Бек Сүлейменов дайындап, жарыққа шығарған Ыбырай Алтынсариннің екі томдық жинағында бұл жыр мен мәтін жоқ. Іздестіре жүріп, тек 1957 жылы Жазушылар одағының съезінде ғалымның осы қолжазба туралы бірауыз сөз айтып өткен дерегін ғана таптым. Демек, сол кездегі саясат қазақ ғалымдарына зар заман ақындары шығармашылығын насихаттауға мүлде жол бермеген. Ғалым Ыбырай Алтынсарин жеткізген жыр мен ол жазған мәтінді архивтен тауып тұрып, жарыққа шығара алмаған. Біз оны, мәтінді қазақшаға аудара отырып, 1999 жылы «Қазақ әдебиеті» газетіне жарияладық, яғни тек тәуелсіздіктен кейін ғана ғылыми айналымға енгізуге мүмкіндік алдық.

Жалпы, Орынбор облыстық мемлекеттік архивіндегі Орынбор генерал-губернаторы кеңсесінің 6-қорындағы құжаттар — түгелдей қазақ тарихына қатысты дүниелер. Оларды 1-2 сапар барысында қарап шығуы мүмкін емес екені түсінікті. Бірақ, есіме түссе, әлі күнге дейін сол жақта бір қымбат қазынам қалғандай күй кешемін, алаңдаймын. Бұл жалғыз мен ғана емес, көршілес елдер архивтеріне жолы түскен көптеген ғалымдардың, тарих жанашырларының бәріне таныс хал болса керек. Сондықтан біз шетелдер архивтерінде жүргізілгелі отырған іздеу-зерттеу жұмыстарына үлкен үмітпен қараймыз. Тарихымыздың әлі де толық зерттелмей жатқан тұстары бар, тіпті бұрын жақсы зерттелген тақырыптарға қатысты да жаңа, тың деректердің көптеп табылары сөзсіз. Ал жинақталған деректер болашақта тарихымызды тану жолындағы іргелі зерттеулердің бастауы болады деп сенемін.

Бақытгүл Ешмұратова: «Архив — 2025» жобасының басты мақсаты — әлемнің әр түкпіріндегі архивтерде сақтаулы тарихымызға қатысты жазба деректерді іздеп-зерттеу, өз елімізге әкелу. Осыған байланысты, арнайы республикалық жұмыс тобы құрылып, оның құрамына орталық және облыстық архивтер басшылары енді. Баспасөзде көрсетілгендей, жоба аясында әлемнің түрлі елдерінен 30 мың құжаттың көшірмесін әкелу жоспарланған.

Бұл істе, әрине, архив мамандары мен тарихшыларға зор жауапкершілік жүктелмек. Қазіргі күні біздің архив тарапынан осы жобаға қатысты ұсыныстар жоғары жаққа жіберілді.

«Архив — 2025» жобасының аясында, жоғарыда айтқанымыздай, отандық және шетелдік архивтер қорларындағы халқымыздың, өлкеміздің тарихына қатысты деректерді жинап, зерделеу мақсатында ғылыми-іздестіру экспедицияларын ұйымдастыру, сонымен қатар жоғары оқу орындарындағы ғалымдармен, тарихшылармен, өлкетанушылармен бірігіп, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жандандыра түсу жоспарланған. Шетелден әкелінген архивтік деректер мен  құжаттар көшірмелерін цифрлық форматқа ауыстырып, зерттеушілерге қолжетімді болуын қамтамасыз ету көзделген. Осы жоба аясында еліміздегі архивтермен жан-жақты әріптестікті дамыту, осының негізінде архив қорын құнды әрі тың деректермен толықтыра түсу және өзара тәжірибе алмасу ісі жолға қойылмақ.

Тілші: Ғылыми-іздестіру экспедицияларының бағыттарына қатысты ұсыныстар қандай?

Нұрлан Есетов: Бұл жұмыстар 2019-2025 жылдар аралығында, яғни жеті жыл бойы жүргізіледі. Биыл Ресей елінің көршілес жатқан Орынбор қаласы мен Уфа қаласына экспедициялар ұйымдастыру көзделген. Одан әрі: екі жыл қатарынан — Мәскеу қаласындағы архивтерге, 2022 жылы — Санкт-Петербургке, 2023 жылы Өзбекстанның Орталық мемлекеттік архивіне бару жоспарланған. Біздің ұсынысымыз бойынша, одан кейінгі жылдары Астрахань облысының мемлекеттік архиві мен Қазандағы Татарстанның Орталық мемлекеттік архивінде іздестіру-зерттеу жұмыстары жүргізілмек. Әрине, мұның бәрі де әзірге бекітілген нақты жоспар емес, біздің тараптан жіберілген ұсыныстар ғана.

Осы жоба аясында өлкеміздің тарихына қатысты деректер еліміздің басқа облыстарындағы архивтерден де іздестіріледі. Бұл мақсатта биыл — Қазақстан Республикасының Президенті архивінде, келесі жылы — Қазақстанның Орталық мемлекеттік архивінде, ал одан кейінгі жылдарда көршілес Қызылорда, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Қостанай, Атырау облыстарының архивтерінде жұмыстар жүргізу көзделген.

Тілші: Облыстық мемлекеттік архивтің қазіргі қоры туралы, соның ішінде зерттеушілер назарын аударуы тиіс, тарихи маңыздылығы жағынан құнды құжаттар жөнінде не айтар едіңіздер?..                                                                                              

Бақытгүл Ешмұратова: Облыстық мемлекеттік архивтің қорында қазіргі күні

1 миллион 11 мың құжат бар, олар 3 мыңнан астам қорға жинақталған. Құжаттардың басым бөлігі 1917 жылдан бергі уақытта тапсырылған.

Ал оның арғы жағындағы, ең көнелеріне тоқталар болсақ, олардың қатарында

ХIХ ғасырдың 60-жылдарындағы азаматтық хал актілері, яғни сәбидің дүниеге келуі, неке қию, өлім-жітім оқиғалары тіркелген шіркеу кітаптары, Торғай губерниясының ХХ ғасыр басындағы тұрмыс-тіршілігіне қатысты статистикалық деректер жинақталған, 1905-1913 жылдары жарыққа шыққан «Торғай шолулары», 1913-1914 жылдардағы «Актюбинский городской вестник» журналы бар. «Актюбинский городской вестник» журналының шығарушысы — қаланың қоғамдық негізде сайланған старостасы, алғашқы қоныс аударушы отбасылардың бірінен шыққан Василий Мощенский, яғни қаланың тарихында өзіндік бір із қалдырған адам.

Бүгінгі күні архивімізде тарихи маңызы жағынан аса құнды құжаттардың жалпы саны 128 мыңнан асады, олар 112 қорға жинақталған. Бұлардың кейбірін атап кетер болсам, 1917-1927 жылдар аралығында — Ақтөбе уездік атқару комитетінен, 1921-1928 жылдары — Ақтөбе губерниялық атқару комитетінен, 1919-1921 жылдары — Ақтөбе округтік прокуратурасынан, сондай-ақ, өткен ғасырдың 20-30-жылдары ішінде халық шаруашылығы губерниялық Кеңесінен, губерниялық халық ағарту бөлімінен келіп түскен құжаттар сақтаулы тұр.

Сондай-ақ, облысымыздағы ғасырға жақын уақыт бойы шығып келе жатқан басылымдар — бүгінгі «Ақтөбе» мен «Актюбинский вестник» газеттерінің, олардан бөлек аудандық газеттердің көне тігінділері өңір шежіресі ретінде құнды дүниелер болып табылады. Әрине, бұл тізімді әлі де жалғастыра беруге болады.

Тілші: Қарап отырсақ, архивтегі ең көне құжаттар — бұдан 100-150 жыл бұрынғы дүниелер. Осы жылдар ішінде оларды сандаған адам қолына алып, ақтарып қарағаны түсінікті. Тозығы жеткен құжаттар мен басылымдарды сақтау мәселесі қиынға соғатын болар?

Бақытгүл Ешмұратова: Әрине, архив құжаттары — ұлт тарихының бір бөлшегі. Сондықтан оларды жоғалтып алмау мәселесі үнемі күн тәртібінде тұрады. Соңғы жылдары түпнұсқаны сақтау мақсатында құжаттарды электронды форматқа көшіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Осы жұмыстар үшін арнайы құжаттарды сканерлеу құрылғылары, басқа да техника сатып алынды. Бүгінге дейін архивте

5 мың құжат электронды форматқа көшірілді. Цифрландыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта қарқын ала бермек. Негізінен, электронды форматқа алдыңғы кезекте аса құнды құжаттар қатарындағы дүниелер көшіріледі.

2018 жылы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы бойынша «Бірыңғай электронды архив» республикалық жобасы ұсынылды. Біздің облыста бұл жоба 2020 жылдан бастап енгізіледі деп жоспарланған.

Бибігүл Әбенова: Мен тозығы жеткен құжаттарды сақтау ісіне қоғам тарапынан да жанашырлық болса, кәсіпкерлер тарапынан көмек көрсетілсе қайтер еді деп ойлаймын. Өз басымнан өткерген бір жайтты айтайын: ХІХ ғасырдың

60-жылдарының соңында Ресей империясының Қазақстан аумағында жүргізген әкімшілік реформаларының іске асырылуы төңірегінде зерттей жүріп, осы әкімшілік реформаларға қарсы Орынбор өлкесі қазақтарының 1869-1870-жылдардағы көтерілісі жөніндегі Бақытжан Қаратаевтың қолжазба еңбегіне кезіктім. Қолжазба өте көлемді. Машинкаға басылып, ал түзетулер қолмен жазылып, тұсына автор өз қолын қойып отырыпты. Өте көп мәлімет, сілтемелер берілген. Бақытжан Қаратаев бұл еңбегін жазғанда Орынбор архивіндегі деректерді, соның ішінде Орынбор генерал-губернаторы кеңсесінде қызмет еткен шенеуніктердің жазбаларын да пайдаланыпты. Оған қоса, тек қарастырылып отырған кезеңді қамтып қана қоймай, сілтемелерде одан арғы уақыттардағы халқымыздың тағдырына, Сырым Датұлына, қазақ сұлтандарына қатысты көптеген деректер берілген. Қолжазба 1935 жылы тапсырылыпты. Сол тұста таршылық көрген Бақытжан Қаратаевтың отбасы Халық ағарту министрлігіне қолжазбаны хатпен жолдап, ақысына сатып алуды сұраған. Қолжазба сатып алынғанмен, біраз уақыт қозғалмай, тіпті құпия ұсталған да секілді. Ал кейіннен оны көптеген зерттеушілер, тарихшылар алып қарап, ішіндегі деректерін пайдаланған. Міне, осындай құнды дүние әбден тозып, қолмен жазылған жерлері өшіп, бірер жылда жарамсыз болып қалуға айналыпты. «Осындай құнды жазба кейінгі зерттеушілердің қолына тимей, тозығы жетіп, жоғалып тына ма? Мұны жарыққа шығару үшін тым құрыса, демеушілерден көмек сұрауға болмай ма?», — деп уайымдаумен болдым. Кейін, бір жақсысы, сол қолжазбаны жарыққа шығарудың сәті түскені… 2006 жылы Білім және ғылым министрлігінің грантын жеңіп алғанымда, бірден осы қолжазба есіме түсті. Қолжазба Ұлттық кітапхананың сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында болатын, кітапхананың сол кездегі директоры Мұрат Әуезовке жолығып, ойымды айтып едім, ол кісі бірден қолдады. Сол кездегі облыс басшылығы тарапынан да қолдау көрсетілді. Ескі кирилл қарпіндегі қолжазбаны қазіргі графикаға түсіріп, кітап етіп шығардық.

Тілші: Бақытжан Қаратаев өмірінің соңғы жылдарында Ақтөбе қаласында тұрған ғой. Хамза Есенжановтың «Жүнісовтер трагедиясы» романында Бақытжан Қаратаевтың Ақтөбеге келген Сәкен Сейфуллинге осы жазбалар жөнінде баяндайтын тұсы да бар…

Бибігүл Әбенова: Иә, Бақытжан Қаратаевтың зираты Ақтөбеде екені белгілі.

Тілші: Облыстық мемлекеттік архивке оралсақ, біздің архивтегі құжаттарға сүйеніп жазылған еңбектер, негізінен, тарихымыздың қай кезеңдерін қамтиды?..

Нұрлан Есетов: Архив қорындағы деректер мен құжаттар өткен ғасырдың

20-30-жылдарындағы маңызды оқиғаларға: саяси қуғын-сүргін, ашаршылық, индустрияландыру, ұжымдастыру кезеңдері туралы көптеген зерттеулерге арқау болды.

Әрине, әрідегі ғасырларға қатысты құжаттар біздің қорда аз. Бұл олқылықтың орны болашақта шетелдерден әкелінетін құжаттармен, тың деректермен толығады деп үміттенеміз. Ал Ұлы Отан соғысы тұсындағы елдегі қызу тірлік, майданға көмек, әскери тұтқындар тағдыры тақырыптарында мол деректер бар.

Біздің архивке жергілікті ғалымдар, өлкетанушылар мен журналистер ғана емес, шетелдік зерттеушілер де ат басын тірейді. Олар көбіне тәуелсіздік кезеңіндегі еліміздің жағдайына қатысты және алғашқы қоныс аударушылар туралы деректер іздейді.

 Дөңгелек үстел басындағы әңгімені жүргізіп, жазып алған Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button