ПікірРухани жаңғыру

Домбыраны әлі де дәріптесек…

Ерқосай ӘБІЛОВ,

қолөнер шебері.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында елімізде бірқатар жұмыстар жасалды. Соның ішінде өзіме былтыр Ұлттық домбыра күнінің мереке ретінде тойлануы ерекше ұнады.

Тұңғыш Президенттің 2018 жылдың  12 маусымында елімізде шілденің бірінші жексенбісінде Ұлттық домбыра күнін атап өту туралы Жарлыққа қол қоюы тарихи шешім болды деп есептеймін. Өйткені, домбыра — қазақтың ұлттық аспабы, халқымыздың ғасырлар бойғы айнымас серігі. Және ол жай ғана музыкалық аспап емес, оның тарихи-символикалық мәні зор. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында осындай іргелі істің қолға алынғанына ризамын.

Өзім домбыра жасайтын шебер ретінде жыл өткен сайын осынау музыкалық аспабымызға қызығушылықтың артып келе жатқанын айтқым келеді. Жер-жерден тапсырыс беретіндер көп. Соған сәйкес, біз, қазақстандықтар домбыраның насихатын одан сайын күшейтуіміз керек деп ойлаймын. Әсіресе, жастарға, кішкентай балаларға оның мән-маңызын, қасиетін тереңнен түсіндіруіміз қажет. Әр қазақтың баласы домбыра тарта алса, керемет емес пе? Осы жағынан келгенде, мектепте домбыра үйрету үшін арнайы факультатив сабақтар енгізілсе, тегін үйірмелер ашылса деген ұсынысым бар.

Тағы бір айтайын дегенім, атақты күйші, Құрманғазы атындағы академиялық ұлт аспаптар оркестрінің негізін қалаушылардың бірі Қамбар Медетов туған Мәртөк ауданында домбыраға арналған ескерткіш-монумент салынса, оның жас ұрпаққа тәрбиелік мәні айрықша болар еді. Ақтөбе қаласының өзінде де ұлттық аспаптың құрметіне ескерткіш қойылса, артық етпейді. Мұндай жұмыстар қалада жасалмады демеймін, бірақ домбыраның қадір-қасиетін әйгілеп тұратын, соның мәнін ұғындыратын үлкен монумент Ақтөбеде әзірге салына қойған жоқ. Болашақта оның жанынан өткендерге де рух беріп, әдемі әсер қалдыратыны сөзсіз ғой.

Менің ұғымымда, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бабаларымыздан қалған асыл мұраны жаңғыртып, оны кеңінен насихаттауға баса маңыз беруі керек. Осы тұрғыдан келгенде, жарыққа шыққанына екі жыл толған бағдарламадан күтеріміз әлі де көп…

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button