Ақтөбе — 95

«Социалистік жол» — бұдан 80 жыл бұрын

Әр кезеңдегі өз дәуірінің жаршысы болған облыстық газет кеңес заманында қоғаммен бірге түрлі бұралаңдарды бастан кешті. Алғашқы бесжылдықтар тұсында «Алға» деп ұрандатып, «Социалдық жолға», сәл кейінірек «Социалистік жолға», одан берігірек «Коммунизм жолына» түсті. Облыстық мемлекеттік архив материалдарының ішінен, бұдан тура 80 жыл бұрын, «Социалдық жол» сынды  латын алфавитімен бедерленген «Социалистік жол» газетінің тігіндісінің сарғайған беттерін парақтап шықтық.  «Ленфильм» киностудиясы жасап шығарған толықметражды «Аманкелді»  алғашқы дыбысты фильмі 1939 жылы экранда көрсетіле бастаған. Қазақ мәдени өміріндегі бұл жаңалыққа газет бір бет арнаған. Ал Лениннің серігі Надежда Крупскаяның қазасына байланысты ресми материалдар газеттің

4 наурыздағы номерінің бірінші бетін түгел алып, екінші бетіне шығыпты. Сондай-ақ 11 наурыз күні бірінші бетке пролетариаттың төрт көсемінің суреті берілген. Бұл партияның кезекті съезінің жақындап қалғанын көрсетеді…

Бүгін біз көшіріп жазып, оқырмандар назарына ұсынып отырған газеттің  қай  мақаласы да сол тұстағы кеңестік заманның тұрмыс-тіршілігінен хабар береді. Алайда бұл мақалаларды оқығанда оқырман қауым қазақтың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбайұлының еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін жазған мына сөздерін ескерсе дейміз : «Екіншіден, идеологиялық жағынан да, технологиялық жағынан да мұздай қаруланған тоталитаризм тек бір кезеңдерді ғана емес, күллі әлем тарихын тұтасымен қайта қарап, тергеп-тексеруге алды. Тарихи дамудың сан алуан жолының бәрі мансұқталып, тек тап күресі ғана бір жақты ұлықталды. Сөйтіп, қоғамдық сана ғылыми пікірге емес, қалай да мойынсынбасыңа қоймайтын соқыр сенімге иек артты. Тарих апологияға, саясат теологияға айналды.

Үшіншіден, мемлекет қолындағы билік пен қоғамдық зерде адамзат тарихын таптық күрестің тар қауызына қуып тығуға жұмсады. Оған мойынсынғысы келмегендердің мойындары үзілді». (Әбіш Кекілбайұлы. Он екі томдық шығармалар жинағы, 8-том, 250-251 бет, Алматы, «Өлке» баспасы,1999).

Тарихи образ

Халықтың сүйікті ұлдарының бірі, қазақтың Чапаевы Аманкелді Имановтың тарихи жаңа тамаша образының  экранда көрінуі — қазақ халқының азаттық үшін күресін көрсеткен тұңғыш кино-картина. Бұл, түрі ұлттық, мазмұны социалистік мәдениеті үнемі дамып келе жатқан ұлттардың достығы жарасқан тек социализм елінде ғана болатын іс.

Тарихи-революциялық картинадан батыр большевик Аманкелді Имановты, оның азаттық жолындағы күресін көресің. 1916 жылы патшаға қарсы көтерілген, бостандық іздеген халықты басқарушы — ұйымдастырушы ел баласы Аманкелді батыр.

«Патшаны құлаттық… Азаттық үшін күрес…, біз жасымаймыз, ағайынға достық… Ленинге сәлем айт!» — дейді Аманкелді өзінің большевик досы Жагорге.

Халықты бастаған большевик, комиссар Аманкелді, оның соңына ерген қазақтың қалың бұқарасы. 1919 жыл… Қазақ даласына совет үкіметін орнату үшін, күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей күресіп жүрген халық — геройы.

Халықтың қас дұшпаны, ата жауы Колчакпен мидай  араласып кеткен алашордалардың солдаттары… айқас… өлім мен өмір тартысы.

Міне, Аманкелдінің қайтпас жігерлі сарбаздары жауды шыдатпайды! Әсіресе, батырдың өзі жаулардың алыстағысын мылтықпен атады, жақындағысын қылыштайды, кез келгенін түйреп  қырады! … Аманкелді батырым бар қаруын түгел пайдаланады, керек минутында бәрін бірден жұмсайды, үлгереді. Мұның бәрін істеп, батырдың рөлін атқарып жүрген халық артисі, орденді Елубай Өмірзақов жолдасқа алғыс айтамыз.

Қарғыс атқан фашизмнің жалдамалы төбеті, жаулар Аманкелдінің атын жарақаттайды. Бірақ батыр күресті тоқтатқан жоқ. Құралайды көзінен атып жығатын Аманкелді халық жауларын атып құлатып жатыр. .. Өзінің ақырғы минутына дейін халық үшін қызмет етті.

Революционер, қолдарына жеңіс туын ұстаған халық әскермен келе жатқан большевик, комиссар Аманкелдінің жан құрдасы Жагор: «Қазақ халқын бастаған, халықтың азаттығы үшін, қазақ даласына совет үкіметін орнату жолындағы батырым, сен, майданда жататын ба едің!» деп Аманкелдіні құшақтайды, басын сүйейді.

Өлген жоқ,

Аманкелді әлі тірі,

Әнекей, ілулі тұр ақ семсері.

Орнатып ол көксеген арманын қиын,

Мен де жай, рақаттанған қарттың бірі. (Жамбыл).

Таптық күрес қызуда, дамуда. Қазақ әскерлерімен қосылған Аманкелдінің сарбаздарын Жагор бастап, жауды қиратады. Жаудан елдің кегін, ердің кегін алады. Қазақ даласына совет үкіметі орнады! Аманкелдінің арманы толығынан іске асты.

Біздің үлесімізге тиетін ендігі міндетімізді, бір ғасырлық жасы бар, қос орденді Жамбылша айтқанда:

«Батыр бол, балаларым, бәрің-дағы,

Тап берген дұшпан иттің сынсын сағы.

Семсерін Аманкелді тот баспасын

Ел қорға, ұлы күннің туса шағы».

Ғ. Мұстафин.

(«Социалистік жол» , №26, 2 ақпан 1939 жыл).

 «Құмсай» колхозының үлгілі сауыншысы

Ключевой. «Құмсай» колхозының тауарлы сиыр фермасында 1936 жылдан бері сауыншы болып істейтін Әсенбаева Айсұлу жолдас сиырдан сүтті мол алуда өзінің іс үлгісін көрсетіп келеді. Ол өткен 1936 жылы 9 сиыр сауып, әрбір сиырдан

523 литрден сүт алған болса, 1937 жылы 11 сиыр сауып, әрбір сиырдан 588 литрден сүт алды.

1938 жылы Айсұлу жолдас сиырдан сүт сауудан тағы да жақсы үлгі көрсетті. Ол, бұл жылы өзіне бекітілген 13 сиырдан 8659 литр сүт сауып, орта есеппен әрбір қазақы сиырдан 666 литрден сүт алды.

Осы 3 жылдың ішінде Айсұлу сауған сиырлардың бұзаулары 100 процент аман сақталып, түгелдей өсірілді. Тауарлы сиыр фермасы 3 жылда да өзіне берілген міндетті — май тапсыру планын мерзімінен бұрын толық орындап шықты.

Айсұлу алдағы жылға тағы да міндеттеме алып, өзіне берілген сиырлардың бұзауларын 100 процент өсіруді, әрбір сиырдан орта есеппен кемінде 800 литрден сүт алуды міндетке алып отыр.

Ә.Есенов.  

«Социалистік жол» , №29,  5 ақпан 1939 жыл).

 24 сиырдан 26 бұзау алды

Степной. «Қарғалы» колхозында тауарлы сиыр фермасының бастығы Базарбаев жолдас партияның XVIII съезі алдында алған міндеттемелерінде фермадағы 49 сиырды аман бұзаулатып, бірде-бір бұзауды шығындатпай өсіруді көрсеткен еді. Базарбаев жолдас бұл міндеттерін іспен орындап келеді. Қазірде буаз сиырлардың шаруашылығы бұрынғыдан да жақсарды. Бұзаулауға жақындаған сиырлар ерекше күтімге қойылып, жылы қораға алынып отыр. Ал, басқа да буаз сиырлар малдан бөлініп, жақсы күтіледі. Осының нәтижесінде жаңадан бұзаулаған 24 сиырдың бәрінің де бұзаулары аман алынды. 2 сиырдан егіз бұзау туды. Сөйтіп, Базарғалиев жолдас 24 сиырдан 26 бұзау алып отыр. Жас бұзаулардың күтімі өте жақсы.

Базарбаев жолдас партияның XVIII съезі алдындағы алған міндетін ойдағыдай орындап шығады. Бұған сенім мол.

С.Бізенбаев.

(«Социалистік жол», №61, 16 наурыз 1939 жыл).  

 Колхоз театрына көңіл бөлінсін

Ойыл ауданында 1935 жылы ұйымдастырылған колхоз театры, оның жас талантты коллективі творчестволық жағынан жақсы өсіп келеді. Театр коллективі аудан еңбекшілеріне 1938 жылы «Совет қызы», «Шындық», «Күлән», «Қырық градус», «Үйлену» сияқты пьесаларды көрсетіп берді.

Театр биылғы жылғы сезонның шымылдығын «Қозы-Көрпеш» —Баян сұлу» постановкасымен ашты. Осы күні драматург М. Әуезовтің «Шекара» атты пьесасын жуырда сахнада қою үшін дайындауда. Бұл, театрдың жас коллективінің творчестволық жағынан өсіп келе жатқандығын көрсететін фактілердің бірі.

1938 жылдың ішінде театр қойған 108 постановканың 50 проценттен артығын кохоздарда көрсетті. Театрдың коллективі 13 кісіден домбыра оркестрін ұйымдастырып, олар 30-дан астам әртүрлі күйлерді орындады.

Осы көрсетілген жетістіктермен бірге, театрдың елеулі кемшіліктері де бар. Театрға керекті мүлік жетімсіз, сахна оформлениесі тіпті нашар, керекті заттар жоқ. бір постановка сахнасына істеген оформлениесін, киімдерін, екінші постановкада қолданады. Әрбір пьесадағы басты образдардың киімдері жоқтың қасы, барлары лайықты емес. Бұған аудан басшылары, жаңа облыстық искусство комитеті көңіл аудармай отыр. Театр коллективі екі айдан бері жалақыларын ала алмай жүр.

Театр жанында бастауыш партия ұйымы жоқ.

Қ.Мұстафин.

 Сауат ашу жұмысы жақсарды

Қандыағаш. Гурьев теміржол құрылысының бірінші учаскесінде 30-дан астам жұмысшы сауатсыздар мектебінде оқыды. Олардың көпшілігі шала сауаттанып отыр. Бақтыбаева, Байманова, Байманов, жолдастар оқуға екпінді түрде дайындалды.

Екінші учаске «Сағыз» станциясында  да үлкендер оқуы жақсы жүргізіліп келеді. Оқытушы Берекешов жолдас мерзімімен оқытады. Осының нәтижесінде 29 сауатсыздар шала сауаттылар қатарына қосылды.

Қайыңбаев.

Ырғыз. Аудандық потребсоюз жанында сауат ашу мектебінде 29 адам оқушы еді. Оқытушылар Шотаев пен Әбдікәрімов  оқыту жұмыстарын жақсы аяқтады. Осының нәтижесінде 29 адам сауаттанып шықты. Олардың ішінде Бекенова, Шамшидинова, Қалымбетова жолдастар оқуға ынтамен дайындалып, отлично оқығандығы үшін 8 март күні сыйлық алды.

Досмұратов.

(«Социалдық жол», №62, 17 наурыз 1939 жыл).

Облыстық мемлекеттік архив материалдары бойынша әзірлеген Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button