Экономика

Ақтөбенің инвестициялық ахуалы — өзге өңірлерге үлгі

Ақтөбе облысы — экономикаға инвестициялар тарту және жаңа технологиялар енгізуде елімізде көш бастап тұрған өңірлердің бірі. Мәселен, биыл қаңтар-ақпан айларында облыстың негізгі капиталына түскен инвестиция көлемі өткен жылғы осы мерзімдегі көрсеткішпен салыстырғанда 31,4 пайызға артып, 46,5 миллиард теңгеге жеткен.

Облыста инвестициялық ахуалды жақсарту, әлеуетті инвесторлармен байланыс орнату бағытында жақсы жобалар қолға алынды. ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермек Көшербаев Ақтөбенің осы бағытта атқарып жатқан жұмыстарын өзге өңірлерге үлгі етіп отыр. Бұл туралы министрдің орынбасары инвестициялық ахуалды арттыру және өңірге инвестиция тарту мәселелері жөніндегі өңірлік кеңестің отырысында айтты. Бұл шараға сонымен бірге облыс әкімі Оңдасын Оразалин, «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ төрағасының орынбасары Біржан Канешов, Нидерланды Корольдігінің, Венгрияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшілері, жергілікті басқармалар басшылары, қаржы институттарының филиалдары өкілдері қатысты.

ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермек Көшербаев республикалық деңгейде бұл жұмыстың қалай атқарылып жатқандығын тілге тиек етті.

— Мемлекет басшысы  биыл  27 наурызда өткен жиында экономиканы әртараптандырудың басты факторлары ретінде инвестиция тарту, экспорт және индустрияландыруды айтқан-ды. Бүгінде инвестиция саласындағы кейбір көрсеткіштер айтарлықтай өсіп отыр. Өткен жылдың 9 айындағы көрсеткіш бойынша тікелей шетелдік инвестицияның жалпы көлемі 8,4 пайызға артып, 17,3 миллиард доллардан асты. Негізгі инвесторлар ретінде Нидерланды, АҚШ, Швейцария, Ресей, Қытай, Бельгия, Франция, Ұлыбритания секілді елдерді айтуға болады. 2019 жылдың қаңтар-ақпан айларында негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі 4,2 пайызға артып, 1,3 триллион теңгеге жетті. Ал Ақтөбе облысында бұл көрсеткіш өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 31,4 пайызға артып, 46,5 миллиард теңгеге жетіп отыр. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібіне тартылған инвестиция 5,4 пайызға өсті,  — дейді министрдің орынбасары.

Ақтөбе облысында инвесторларды тарту бойынша кешенді шаралар жүзеге асырылып отыр. Бүгінде облыста 843 шетелдік компания тіркелген, трансұлттық  компаниялар қатары да көбейіп келеді.

Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекеновтің айтуынша, жыл сайын шетелдік инвестиция көлемі де артып келеді. Соңғы үш жылда облыс экономикасына 1 триллион 300 миллиард теңге инвестиция тартылған. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру аясында былтырдың өзінде 730 млрд теңге инвестиция тартылған.

— Минералды-шикізат ресурстарын өндіру көрсеткіші төмендеп, есесіне өңдеу өнеркәсібінде оңтайландыру есебінен алға ілгерілеушілік байқалып отыр. Мәселен, соңғы екі жылдың ішінде өңдеу секторының үлесі 9 пайызға артты. Былтыр өңдеу өнеркәсібі өнімдерін экспортқа шығару көлемі 25 пайызға өсті. Осылайша экспортқа бағытталған кәсіпорындар саны облыста 17-ден 28-ге көбейді. Өнім өндіру мен тұтыну балансын сараптап, халықаралық тәжірибеге сүйене отырып,  халықаралық компаниялар мен әлеуетті инвесторларға ұсыну үшін жобалардың пулы жасалды. Осы жұмыстардың нәтижесінде былтыр жылдың аяғында ЭНИ және General Electric секілді трансұлттық компаниялар жел электр станциясы құрлысын қолға алды, — дейді Қ.Бекенов.

Қ.Бекеновтің айтуынша, алдағы бес жылда Ақтөбе агломерациясының жоғары әлеуетін ескере отырып, жалпы құны 700 миллиард теңге болатын 40-тан астам жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Нәтижесінде 5 мың жұмыс орны ашылатын болады. Олардың қатарында керамикалық тақтайша, техникалық көміртек шығару, сүт, ет өнімдері өндірісі, көкөніс жылыжайлары секілді ірі жобалар бар. Биылдың өзінде жалпы құны 34,8 млрд теңге болатын 10 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланып отыр.

Облыста Оңдасын Оразалиннің тапсырмасы бойынша, қаржы және қызмет көрсету институттары бір жерде қызмет көрсете алатын open space форматы аясында жұмыс қолға алынды.

— Аймақтар елшіліктермен, инвесторлармен тікелей жұмыс істеуі керек. Ол үшін open space форматындағы кеңселер, инвесторлармен тікелей жұмыс істейтін фронт-кеңселердің жұмысын ұйымдастыру маңызды. Ақтөбе облысы бұл жұмысты біріншілердің қатарында қолға алды, яғни алғашқы қадам жасалды. Ақтөбедегідей оpen space форматындағы кеңсе жұмысын өзге өңірлерде де қолға алу керек. Оның жұмысын өзім барып көрдім, осындай жұмысты ұйымдастыруға қолдау көрсеткен жергілікті әкімдікке алғысымды білдіремін. Мұндай кеңселер бізге жергілікті атқарушы биліктің, бизнес пен инвесторлардың, сондай-ақ елшіліктердің бірге жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Осындай сауатты ұйымдастырылған жұмыстардың нәтижесінде Ақтөбеде осы сапарымызда заманауи технологиямен жабдықталған жылыжай кешенінің ашылуына қатыстық. Шикізаттық емес сектордағы ірі жобаға 30 миллион евродан астам инвестиция құйылды. Жергілікті әкімдік инвесторға барлық мүмкіндіктерді пайдалануға қолдау көрсетіп отыр, — дейді СІМ вице-министрі Е.Көшербаев.

Ақтөбе облысы инвесторлармен, елшіліктермен тығыз байланыс орнатқан. Мәселен, Нидерландымен. Жиынға қатысқан Нидерланды Корольдігінің Төтенше және Өкілетті Елшісі Дирк Ян Коптың айтуынша, өткен жылдың қаңтар-қараша айларында екі ортадағы сауда айналымы 181 млн долларға жеткен. Өңірде нидерландылық капиталдың қатысуымен 22 компания жұмыс істейді. Олар, негізінен, мұнай-газ өндіру, геологиялық барлау саласындағы мекемелер. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша облыстағы «Айс» ЖШС, «Izet Green House» ЖШС, «Ақ-құс» ЖШС секілді компанияларда голландиялық технология қолданылып отыр.

Басқа елдермен жұмыс істеу бағытында да мұндай мысалдар баршылық. ҚР елшіліктерімен бірлесе отырып Қазақстанға әлеуетті инвесторлар тарту жұмысымен айналысатын «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Ақтөбе облысының инвестициялық әлеуетіне толық сараптама жүргізген. Аталған акционерлік қоғам төрағасының орынбасары Біржан Канешовтің айтуынша, осы сараптама нәтижесінде CRM мәліметтер базасына жалпы сомасы 1 млрд доллар шетелдік инвестицияның қатысуымен жүзеге асырылып отырған 10 ірі жоба енгізілген. Бұған қоса құны 500 млн доллардан асатын 8 әлеуетті жоба қаралып жатыр.

— Жергілікті бизнес өкілдерімен кездесулер өткіздік. Мәселен, Әйтеке би ауданындағы Бенқала кен орнында жұмыс істеп жатқан «SM Minerals» компаниясы мен Қарғалы ауданындағы «Ақтөбе Темір ВС» компаниясына қытайлық «NFC»  трансұлттық компаниясы серіктес ретінде нақтыланып, жеңілдіктер мен артықшылықтар алу мәселелері түсіндірілді. Сонымен бірге «Дастан» компаниясының бес жұлдызды қонақүйі құрылысының жобасын жүзеге асыру үшін франциялық инвестор «ALBACA Holding.ch.» компаниясы тартылды, — деді Б.Канешов. Мұндай мысалдар баршылық.

«KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ өкілі әлеуетті инвесторлардың келуіне кедергі болып отырған бірқатар мәселелерді, олардың шешу жолдарын да ұсынды. Сондай ұсыныстардың бірі — әлеуметтік экономикалық және индустриялық аймақтар, инвестициялар тарту, экспортты дамыту, әлеуметтік қамсыздандыру мәселелеріне қатысты кейбір заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу.

— Соған сәйкес, еліміздегі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және инвесторларға жұмысты «бір терезе» қағидаты бойынша ұйымдастыруға қол жеткізу үшін «Инвестиция тарту саласында бірыңғай өңірлік ұйым» құру қарастырылып отыр. Пилоттық жобаны Ақтөбедегі инвесторларға қолдау көрсету орталығы базасында жүзеге асыруды ұсынамын, — деді Б.Канешов.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button