Рухани жаңғыру

Сапура Мәтенқызын білеміз бе?

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласының кіріспесінде баян етілгендей, біз өз отанымыз — Қазақ елі мен оның байырғы халқы — қазақ халқын басқа өркениетті елдермен салыстыра отырып, тарих толқынында үздіксіз дамып келе жатқан өркениет ретінде қарастыруымыз керек.

«Бұл — тарихқа деген дұрыс ұстаным. Сол арқылы түп-тамырымызды білуге, ұлттық тарихымызға терең үңіліп, оның түйінін шешуге мүмкіндік туады» деген тұжырым тарихшыларымызға жауапты міндет артады. Елбасының бұл мақаласы отандық тарихты түбегейлі дамытудың алға тартылған бағдары және нақты қадам жасаудың дем берушісі.

Біз бұл мақаламызда заманында Сапар есімін иеленген батыр ару — Сапура (Сапар) Мәтенқызы туралы әңгімелемекпіз.

Рас, ол туралы тарихи еңбектерде, бірқатар мақалаларда айтылып жүр. Дегенмен, батыр қыз туралы біздің оқырмандарымыз үшін қызғылықты жайлар аз емес секілді. Сол тұрғыдан сөз өрбітсек…

Тарихта аты қалған…

Сапура Мәтенқызы сонау он сегізінші ғасырда, нақтылап айтар болсақ, 1753-1776 жылдар аралығында өмір сүрген. Ол Қобда өзені бойын мекендеген Мәтен батырдың отбасында дүниеге келген.

Сапура шамамен он алты-он жеті жасында сол елдегі орташа ауқатты адамға тұрмысқа шығады.

Еділ мен Жайық арасындағы қалмақтар Жоңғарияға қашқан кезде Сапардың күйеуі солардың қолынан қаза табады. Жас келіншек қазаның артын бағып, арада жыл өткен соң әмеңгерлік жолымен қайнысы Жанбалтаға тұрмысқа шығады.

Тарихи деректерге сүйенсек, бұл қазақ халқының, әсіресе Кіші жүз аумағының Емельян Пугачев көтерілісінен кейінгі қанқұйлы жазалаулардың зардабын тартып, ел еңсесі түскен шағы екен. Сапар заты әйел болғанымен, көңіл көкжиегі кең, алысты болжайтын ақылмандығын осы тұста байқатады. Ол тарыққан, әрі қамыққан халқына пана болуды ойлайды.

1775 жылдың күзінде Елек, Қобда өзендері сағасында отырған табын, тама руларының халқы атқа мініп, ереуілге шығады. Бұл қозғалыс тарихта Көктемір көтерілісі деген атқа ие болады. Атап өтерлігі, сол ереуілдің дем берушісі де, қозғаушысы да Сапура Мәтенқызы болады. Күйеуі, жігерлі жас жігіт Жанбалта оның жанынан табылады.

Сапураның ат үстіндегі ерекше қозғалысы, күрес тактикасы мен ұстанған бағыт-бағдары оған деген ел сенімін арттырады.

Тәуелсіздікті аңсаған қазақ халқы Емельян Пугачевтің іс-қимылына үлкен үміт артады. Өйткені, ол алғы күндерге мейлінше жақсылықтардың болатындығына сендірді. Елге жеке дербес мемлекеттік, теңдік пен бостандық берілмек. Оны былай қойғанда, Жайық, Орынбор казак-орыстары Қазақ хандығының қарамағында болмақ. Дегенмен, Кіші жүз ханы Нұралы бұған соншалықты сене қойған жоқ.

Соған қарамастан Пугачевтің идеясын қолдап, ашық та, жасырын да күреске шыққандар аз болған жоқ. Алайда көтеріліс басшысының қаза табуы өрекпіген көңілдерге тоқтау салғандай еді.

Ержүрек Сапура Мәтенқызын ғана ештеңе тоқтата алмады. Ол Пугачев атын ұрандатып, оның тасаға бет алған бұрынғы серіктерін, Жайық бойы казак-орыстарын, арғы беттегі қалмақтар мен терістіктегі башқұрттарды, тіпті мордва, чуваш, череміштерді басын біріктіріп, атқа мінгізуді ойлады.

Шынында да бұл мүмкін бе еді? Әйел адамның соңынан ел ереді деп ойлаудың өзі ақылға сыяды ма?

Орыс отаршыларына қарсы қалың елді көтеру арманына айналған Сапура тосын қимыл-әрекетке бел буады. Өзінің пірі Көк бұқа — Көктемір атынан бас көтереді.

1775 жылдың қыркүйегінде Қобда бойында 2000-дай қол жиналып, Көктемір пірдің әмірімен атқа қонғаны Орынбор пен Петербордағы басшылыққа мәлім болады. Қазақтардың мұндай қимылға баруы алғашында патша сарайындағыларды сендірмейді. Сондықтан да ел ішіне жансыздарын жіберіп, мәселенің анық-қанығын тексеру үшін нақты деректер алынады. Бір қызығы, сол мәліметтер Ресей Сыртқы істер министрлігінің архивінде сақталыпты.

Бастауында Сапура тұрған көтеріліс бірте-бірте кең қанат жая бастайды. Алайда бұл ұлт-азаттық қозғалысының болашағына сенбеген немесе патша өкіметінің қаһарынан сескенген топтар өзара ыдырап, сыр бере бастайды. Мәселен, Досалы сұлтан бұл құрамнан ірге айырып, Орынбор губернаторы Рейнедорпқа хат жолдап, ақтала бастайды. Тіпті көтерілісшілердің қарқынын басу үшін қырға жазалаушы отряд шығару керектігін де айтады. Араға аз уақыт салып оның баласы Сейдалы сұлтан да көтерілісшілер қатарынан жылыстайды.

Нұралы хан да көтерілісті құптай қоймайды. Өзінің арнайы өкілін жіберіп, бекерге қан төгудің қажетсіздігін ескертеді.

1776 жылдың көктемінде Сапураның жасағы саны 10 мыңға дейін жетеді. Қазақтың батыл қызы алған бетінен қайтпайды, патшалық езгіге қарсы күресті жалғастыруды жөн деп табады. Бұл кезеңде патша жағы да қарап жатпай, Қобда бойында орналасқан көтерілісшілер шабуыл жасауы мүмкін деген қамалдарды бекітіп, тың күшпен нығайта бастайды.

Сапура бұл ретте партизандық шабуылдың тиімділігін ұғынады. Ол жасақты көзге көрінетіндей етіп бір жерге топтамай, жеңіл күшпен қамсыз отырған қамалдарға тосыннан шабуыл жасап отырған. Чернореченский, Елек қамалдарын бара жатқан жолдарынан қайта қайырылып келіп, шабуыл жасаса, Верхнеуральский, Қызыл, Таналық, Ор, Ильин, Гурьев қамалдарына кенеттен лап қойып, оны қорғаушыларын әбден састырады.

Шабуылдардың күтпеген жерден жасалғаны соншалық, көрші қамалдардың әскерлері бір-біріне көмекке келіп те үлгермейді.

Сапураның бір ойы осындай батыл әрекеттерімен басқа ұлт өкілдерінен тұратын езілген халықты да ояту еді. Алайда, ол үміті соншалықты ақтала қоймады. Пугачев көтерілісінен кейін қатты соққы алып қалған Еділ-Жайық казак-орыстары мен башқұрттар енді бас көтере алмай қалды.

1976 жылдың жаз айларының орта тұсында көтеріліс дабысы сап тиылады. Өкінішке қарай, архив құжаттарында бұл туралы айтылмайды. Біздің болжамымызша, мұның басты себебі — бостандыққа ұмтылушылардың дем берушісі Сапар Мәтенқызының қазасына байланысты болса керек.

Зерттеулер не дейді?

Сапар Мәтенқызының есімі тарих төріне бүгін ғана шығарылып отырған жоқ. Ол туралы аңыз-әңгімелер ел ішінде күні бүгінге дейін айтылады. Оны былай қойғанда, қазақтың белгілі жазушысы Әнес Сарай республикалық «Қазақстан әйелдері» журналының 1997 жылғы ақпан айындағы санында жарияланған мақаласында батыр қыздың Ақтөбе облысының Қобда жерінде дүниеге келгенін айтады. Бұл деректі қадірлі қаламгер Әбіш Кекілбаевтың да мақұлдағаны мәлім.

Сондай-ақ, танымал тарихшы Ермұқан Бекмахановтың қызы Нәйла Бекмаханова өзінің Пугачев көтерілісіне қатысты көлемді зерттеу еңбектерінің бір тарауын «Легенда о Невидимке» деп атаған. Нақ осы еңбек 1983 жылы «Көктемір туралы аңыз» деген атпен қазақшаға аударылады.

Талантты ақын Ізтай Мәмбетов кезінде «Көктемір» деген поэма жазған. Ол Сапар қыз бастаған жасақтың мақсат-мүддесін былай бейнелейді.

Қараңғы түнді жамылып,

Қалың қол суыт желеді.

Азаттық таңын сағынып,

Арманды қуып келеді…

Ал, Қобда өңірінің шежірешіл ақсақалы Мәскеу Шүкіранов батыр қыздың әкесі Мәтен батыр Қайыңдыда жерленгенін, Сапураның өзі Қиыл өзені бойынан мәңгілік мекен тапқанын тілге тиек етеді.

ҚР еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Табыл Құлияс, журналист Сырым Бақтыгереев те өздерінің зерттеу еңбектерінде Көктемір атанған қазақ аруының келбетін толықтыра түседі.

…Сонымен, біз Сапура Мәтенқызын толық танып болдық па? Қолымыздағы бар деректер бізге алдағы уақытта оны тереңдетіп зерттеп, жас буынға осыдан екі жарым ғасырдан бұрынырақта өмір сүрген, халқының бостандығын, елдік намысты биік қойған батыр қыздың тұлғасын тұтастай танытуды міндеттейді.


И
сламғали БІТІК,

тарихшы.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button