Білім

Бес шығыршық қалай пайда болды?

«Спорт дегеніміз — бейбіт сайыс», — деп ойлады ол. Ендеше барлық елдердің спортшылары бір-бірімен байланысқан достық шығыршықтарымен берік айқасқан болуы тиіс.

Олимпиадалық спорт ойындарын жаңғыртушы француз азаматы Пьер де Кубертенге осындай ой сап ете қалды.

Шығыршық… Шығыршық… Пьер осы сөзді бірнеше рет айтты. Өзі көптен ойлап жүрген Олимпиадалық ойындардың эмблемасы бір-біріне айқастырылған шығыршықтар болуы тиіс. Бірақ қанша шығыршық болғаны жөн?

Осы сұрақ мазалап түнді көзімен атқызған Пьер де Кубертен осы ойын досы Жак Пурталеге айтты.

— Қандай тамаша идея! — деп айқайлап жіберді Пуртале. — Әрине, шығыршық бесеу болуы тиіс. Бес құрлыққа бес шығыршық,әрқайсысы өз бояумен ерекшеленуі тиіс. Сен ұлы адамсың, Пьер!

Екеуі де рәміздің макетін сызды, жоғарыда — үш, төменде — екі шығыршық. Сосын бұл бесеуі ақ туға тігіледі.

Халықаралық Олимпиада комиетінің мүшелері бұл ұсынысты бірден мақұлдады. Ойынның ұраны етіп «Шапшаңырақ, биігірек, күштірек!» деген сөздер алынды.

Осымен бәрі сәтті аяқталған тәрізді еді. Бірақ «эмблеманың саяси мәні дұрыс емес» деді қарсы шығушылар. «Олимпиадаға Африканың қандай қатысы бар? Спорт — мәдениетті халықтардың еншісі. Ал Австралияға бір шығыршық тиюін қалай түсінеміз? Қоныс аударушыларға да, жабайыларға да Олимпиада жат» деген дау айтты.

Пьер даурықпаларға ерген жоқ. Дәлелдеп, жеңіп шықты. «Эмблемада әртүрлі бояулар бар. Бұл бояулар барлық елдің туында кездеседі. Басқа да елдер өз бояуларын, өз туларының бояуларын осы эмблемадан таба алады», — деді ол.

Сонымен 1920 жылы 20 сәуірде Антверпенде өткен ҮІІІ олимпиадалық ойындарда 5 шығыршық айқастырылған ту ең алғаш рет көтерілді. «Шапшаңырақ, биігірек, күштірек!» деген ұран дүние жүзіне тарап кетті.

Нұрлыбек САБЫРҒАЛИЕВ.

№ 33 орта мектептің оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

Тіл

Қасиетті тұғыр

Дүние жүзіндегі сан алуан жұрттың өз тілдері бар. Менің елім — Қазақстан, тілім — қазақ тілі.

Тілімізді ата-бабаларымыздан қалған мұрадай сол күйінде сақтауымыз керек. Мен өз тілімді құрметтеймін, қастерлеймін.

Халықты халық ететін, баршаға таныстыратын — ел, жер, тіл. Ал өз тілін қастерлейтін адам өз ұлтын да, халықты да құрметтейді деп ойлаймын.

Ендеше өз елімізде, өз жерімізде өз тілімізді аялай білейік.

Туған тілім ғұмыр кешті төзімді,

Туған тілмен айтамын әр сөзімді.

Ана тілім тұғырында тұрғанда

Мен бақытты сезінемін өзімді.

Гүлдана ЖҰМАБАЕВА,

Заречный мектеп-балабақшасының оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

Оқушының өлеңі

Туған жер

Туған жерім — тірегім,

Сені мәңгі сүйемін.

Кеудемдегі кішкентай

Сен деп соғар жүрегім.

Туған жерім — асқарым,

Тамған саған жас қаным.

Кең далаңның төсінде

Ойнап-күлсін жастарың.

Салтанат ӘМИТОВА,

№ 24 лингвистикалық

мектеп-гимназияның оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

Сағыныш

Қасиетті өр Алтайым, мекенім,

Сені аңсап алыс жолдан жетемін.

Сәби жүрек сағынады үнемі,

Ойласам тек шабыттанып кетемін.

Жүрмін қазір ауылымнан жырақта,

Торғай өлең мінгізгендей құр атқа.

Еске түссе елжірейді жүрегім,

Достарыммен гүл терген кез қыратта.

О, туған жер, қасиетті тірегім,

Сен деп соғар балапандай жүрегім.

Өтелер ме саған деген қарызым,

Қайда жүрсем сені аңсаумен жүремін.

Фариза КЕМАЛОВА,

М.Құсайынов атындағы облыстық

мектеп-интернаттың оқушысы.

Сыр

Патшаның тағы

Қазіргі балалар балалық шақтың қайта оралмас уақыт екенін білер ме екен?

Үлкен аға-апаларымыз «Шіркін, балалық шақ!» деп өздерінің балдәурен балалық шақтарын сағынып еске алып отырады.

Ал кішкентай балалар «Тез есейсек» деп армандайды. Себебі үлкендерге еліктейді. Бәрібір есейген соң балалық шағын сағынады. Достарымен бірге ойнаған кездерін де сағынады.

Балалық шақтың қызығын айтуға сөз жетпейді. Бал кезде еш нәрсеге алаңдамай, күліп-ойнап жүре бермейсің бе? Сөйтіп балалық шақтың қалай өткенін білмей қаласың. Бірақ баламын деп құр босқа ойнағанша, білімге көңіл бөлген абзал. Біз — Қазақстанның болашағымыз. Сондықтан да білім жолын қуып, бір жағынан балалық шақтың рахатын көргенге не жетсін?

Балалық шағың,

Патшаның тағы, —

деп жырлаған Мағжан Жұмабаев. Сондықтан балалық шақтың рахатын, құдіретін сезіне білейік.

Гүлсезім БАЙШОЛАҚОВА,

С.Оразалин атындағы орта мектептің

5-сынып оқушысы.

Аралтоғай ауылы,

Әйтеке би ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button