Басты жаңалықтарДенсаулық

Негізгі мақсат — медициналық көмектің сапасын көтеру

Кеше ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Хромтау ауданына барып, бірнеше медициналық мекемені аралады, сондағы қызметкерлермен кездесті. Еліміздің бас дәрігері жұмыс сапары барысында аудандағы шешімін таппаған мәселелердің барын айтып, ақ халаттыларды сын тезіне алды.

Алдымен Ақжар ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға барған министр материалдық-техникалық базамен танысып, науқастарды дәрігер қабылдауына тіркеу жұмысының цифрлық форматқа қандай деңгейде көшірілгенін тексерді. 2 дәрігер, 8 медбике жұмыс істейтін шағын мекеме күн сайын 40 адамға қызмет көрсете алады. Мұндағы дәрігер Эльмира Құралбекқызы келушілердің қабылдауға қалай жазылатынын, оның компьютердегі ортақ жүйедегі жай-жапсарын баян етті. Өз кезегінде Денсаулық сақтау министрі дәл осы амбулаторияға келу себебіне тоқталды:

— Елбасының тапсырмасына орай, арнайы оқудан өткен медицина саласының мамандарының жалақысы биылдан бастап кемінде 20 пайызға өсуі керек. Бірақ Хромтау ауданында біліктілігін арттырған дәрігерлердің еңбекақысы 10 пайыздан әрі өспегенін қолымдағы қағаздан біліп отырмын. Бізде ортақ мәлімет қоры бар, сол жерде де кімнің қанша алатыны толықтай көрсетілген. Ал сіздер бәрі тиісті жалақысын алып отыр дейсіздер. Неліктен Үкімет тарапынан қолдау тапқан бағдарлама толыққанды іске аспай отыр? Барлық мүмкіндік берілгенмен, қаржы игерілмей тұр. Соны өзім тексерейін деп арнайы келіп отырмын, — деген Елжан Біртанов мекемеде ем алып жатқан жалғыз науқастың көңілін сұрап, медициналық көмектің көрсетілу деңгейіне қанық болды.

Одан соң Хромтау аудандық орталық ауруханаға соғып, науқастарды қабылдайтын бөлмеге бас сұқты. Осындағы әріптестерінің кәсіби даярлығын білгісі келген министр: «Мысалы, сіздердің ауруханаға мүлде демала алмай, үсті-басым көкпеңбек күйде түстім. Маған алғашқы кезекте қандай медициналық көмек көрсетесіздер?» — деп ситуациялық сұрақ қойды. Аурухана дәрігерлері біраз амал-тәсілдерімен бөліссе де, Елжан Біртанов жауапқа көпке дейін қанағаттанбады…

— Маған алғашқы көмек туралы 5 минут бойы айтып отырсыз. Ал науқас өмір мен өлімнің ортасында болғанда бірнеше минуттың өзі үлкен рөл атқарады. Біз адамдардың көз жұмуын болдыртпауымыз керек. Ол үшін алғашқы минуттарда-ақ нақтылы медициналық көмек берілуі тиіс. Бүгін таңертең Батыс Қазақстан облысының бір ауданында сіздердей дәрігерге осындай сұрақ қойғанымда, мүдірместен бәрін жан-жақты айтып берді. Бәлкім, ол жақында арнайы курстан өткен болар. Министрліктің талабына сәйкес, аталған оқу курсынан мамандар былтырдан қалмай өтулері керек еді. Ал сіздерде бұл жағы әлі талапқа сай емес. Сіздерге жарты жыл беремін,  олқылықты тез арада реттеу керек. Адамдардың өмірі бәрінен маңызды. Сосын неліктен науқастарды қабылдайтын бөлмеде кезекші дәрігер жоқ, соны түсінбеймін. Жүйенің өзі дұрыс емес. Бөлменің өзі дәрігерлердің отыратын жерінің жанында болуы керек, — деді Е.Біртанов.

Сондай-ақ, министр өз сөзінде өңірдегі «Жедел жәрдем» қызметін жаппай орталықтандыру керектігін атап өтіп, ол үшін ондағы көліктердің бірдей түсті болуы мен баршасында арнайы дыбыс ұлғайтқыш қондырғысының орнатылуының маңыздылығына айрықша тоқталды. Осы мәселені жедел арада дұрыстауды облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевке тапсырды.

Ал аудандық орталық аурухана қызметкерлерімен өткен кездесуде біліктілігін арттырған дәрігерлердің жалақысының өсіп жатқанын, шілде айында тағы қосылатыны туралы айтылды. Министрден бөлек, облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов қатысқан жиында жас кадрларды қолдау, олардың ауылда тұрақтап қалуына жағдай жасау керектігі де сөз болды. Артынша екі хромтаулық азаматқа жеке қоғамдық қабылдау ұйымдастырылды, келушілердің өтініші бойынша олардың аты-жөні мен мәселесі БАҚ-та жарияланбайды деп келісілді.

Хромтауға жасаған жұмыс сапарын қорытындылаған Денсаулық сақтау министрі салада көптеген реформаның жасалып жатқанын тілге тиек етті:

— Негізгі мақсат — медициналық көмектің сапасын көтеру. Қазірдің өзінде жаңа технологиялар іске асырылып жатыр. Соны дәрігерлер үйрену керек. Ақпараттық технологиялардың дамыған кезеңінде оның маңызы тіптен ерекше.

Еліміздің ауылдардағы медицинасына да цифрлық технология, жаңашылдықтар енгізіліп жатыр. Осы орайда Хромтау ауданында кейбір дәрігерлердің жетіспеушілігі бар. Бұл туралы атқарушы билікке тапсырма берілді. Олар болашақта оқуын тәмамдап келген жас мамандарға әлеуметтік қолдау ұсынамыз деп отыр.

Қалада білім алса да, ауылда жұмыс істеуге келген әріптестерімнің еңбегі ерен. Оларды демеу үшін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Nur Оtan партиясының жақында өткен съезінде де бюджеттік қызметкерлердің еңбекақысын көтеруге қатысты тапсырма берді. Әрине, жұмыс барысында кемшіліктер болады. Уақыт өте келе, ол  мәселелер де  түзетіледі деп сенемін. Ең бастысы, мен мұнда сынау үшін келмегенімді айтқым келеді, — деп сөзін түйіндеді Елжан Біртанов.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button