Жаңалықтар

Өтініштер бақылауға алынды

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Ашық есік күндері» акциясы кезінде азаматтардан түскен өтініштерді қарауға қатысты жиын өткізді.

«Өткен аптада ауқымды жұмыстар атқарылды. Ақтөбе қаласы мен облыс аудандарындағы қоғамдық қабылдауларға 6 мыңға жуық адам шамамен 7 мыңға түрлі сұрақпен келді. Барлық мәселелер, соның ішінде барлық деңгейдегі әкімдердің есептік кездесулерінде айтылған сұрақтар қатаң бақылауға алынып, тиісті органдар белгіленген тәртіпте мұқият қараулары керек. Бірде-бір сұрақ жауапсыз қалмауы қажет», — деді Бердібек Сапарбаев.

Негізінен, ақтөбеліктер тұрғын үй мәселесін жақсарту, атаулы әлеуметтік жәрдемақы тағайындау, жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімін алу, сонымен қатар білім, денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларына қатысты мәселелерімен жүгінді.

Мәселенің дені шешілді. Мысалы, демеушілердің қолдауымен жүздеген отбасыға көмір, азық-түлік және т.б. берілді. Екі көпбалалы отбасы баспаналы болды, басқасына жеке тұрғын үй құрылысы үшін Қурайлы ауылынан жер телімі берілді, демеуші үйді салу үшін көмек көрсететін болады. Меценаттар колледжде оқитын бір ақтөбеліктің оқуын төлеуге көмектессе, мүмкіндігі шектеулі қала тұрғынына «Қолғанат» қоғамдық қоры арқылы жеке ісін ашуға грант бөлінді. Енді жеке кәсібін ашқан ер адам жүк тасумен айналысып отбасын асырай алады. Бұл көмекке мұқтаж азаматтардың өтініштеріне қайтарған жауаптардың аз ғана бөлігі.

Облыста аз қамтылған азаматтардың мекенжайларына барып, қолдан келген көмектерін көрсететін мобильді топтар өз жұмыстарын жалғастырып жатыр. Аталмыш жұмыстың нәтижесінде ықтимал әлеуметтік көмектерді әрі қарай көрсету тетіктері қарастырылуда.

«Көмек аса мұқтаж жандар мен отбасыларға заң шеңберінде көрсетілетін болады. Біз бұған кәсіпкерлерді, демеушілерді тартатын боламыз», — деді облыс әкімі. Ол сондай-ақ азаматтардың өтініштері мен атқарылған жұмыстардың нәтижесін сараптау қажеттігін де атап өтті.

Мемлекет басшысының халықтың әл-ауқатын көтеру туралы тапсырмасын орындау аясында облыста 2019 жылы көпбалалы, табысы аз отбасыларды және аз қамтылған азаматтарды әлеуметтік қолдаудың қосымша шаралары енгізілетін болады.

Атап айтқанда, көпбалалы отбасылар тұрғын үй сатып алу үшін бастапқы жарнаны субсидиялау механизмі әзірленуде. Аз қамтылған отбасыларға төленетін бір жолғы әлеуметтік жәрдемақы 70 мыңнан 140 мыңға теңгеге дейін өспек. Аз қамтылған отбасылардың балалары үшін мектепке дейінгі мекемелердегі тамақтану төлемі 70%-ға азаяды. Халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған бөлігін оқытуға, қайта даярлауға қосымша 200 миллион теңге бөлінеді, халықтың әлеуметтік жағынан әлжуаз топтарының ішінен 3 мың ақтөбелік қайта оқытылып, тағы 5 мың адам тұрақты жұмыс орындарына орналасады. Аталған шараларды жүзеге асыру үшін 1 миллиард теңге бөлінеді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button