Мәдениет

Мұра

Ақынның соңында өлеңдері қалады. Сол өлеңдеріндегі сезім-дүние қалады. Қазір арамызда жоқ аяулы қаламгерлердің бірі Сәбит Баймолдиннің кең толғаған тақырыптарының бірі — туған жер. Ал  туған жердің қазығы — Ақтөбе.

Әкесінің Ақтөбе туралы жырларын газет редакциясына тапсырған Ләйла Баймолдина: «Осы өлеңдері арқылы өзі  жоқ болса да, өлеңдері арқылы әке сағынышын еліне жеткізгім келеді», — деп жазыпты.

Сол жырларды назарыңызға ұсынып отырмыз, оқырман!

Сәбит БАЙМОЛДИН

Уақытқа айтам

(Поэмадан үзінді)

Туған жердей асыл жер жоқ әлемде,

Көріп жүрмін, барып жүрмін әр елге,

Туған жердей жасыл жер жоқ әлемде,

Көріп жүрмін, барып жүрмін әр елге,

Кәрі құлақ ғұлама да айтады,

Тең түсерін дүниеде оған не?

Сан ойланам… түскен сайын ел еске,

Адамзатты шақырғым кеп кеңеске.

Туған жердің теңеуі жоқ ғажабы, —

Менің оған махаббатым емес пе?

Оның маған махаббаты емес пе?

…Солқылдаған дауылын да сағынам,

Сылқылдаған жауынын да сағынам.

«Сен өмірге шын керексің» дегізер,

Мейірімі мол әрқайсысын сағынам…

Қолқабысын аямаған…

Талайға,

Қолқабысы аздарға айтып шағынам.

О, туған жер, әке-шешем жүрген жер,

Көзкөрген жер, мен өзіңді сағынам.

Мен қайдан алды десе сөз ағынын…

Мен қайдан алды десе сөз ағынын,

Бар менің өз асқарым, өз алыбым.

Мұхиттарға шығатын кемелердей,

Өз атым бар, Ақтөбе қазағымын.

Туған төбе! Жоқ саған кеудемде арыз,

Бар менде саған қарыз, елге қарыз,

Көк тамырым да басқа емес! Елек-Қобда,

Ырғыз бен Ор, Ойыл-Қиыл, Жем мен Сағыз.

Солардың буы ұшып ұласқанда,

Аймаласады қазақы бір аспанда.

Қазақтың гүлі болып аталады,

Ақтөбенің гүлі де бүр ашқанда.

Ойға шомса, ой-тереңге бата бала,

Өз жотасы тәрізді жота-дала.

Ақтөбе дегеніңіз — ояулар мен,

Әр төбеде ұйықтап жатқан ата-баба.

Ойында — жаңа теңіз, қырында — кен,

Жүгіреді; жүгірген бұрын да жел.

Бұ жерде жыр жазамын отырып ап,

Нұрпейіс сақалының ығында мен.

Ақтөбе әні

Мақтаныш қанат болып поэзияма,

Мен жетем қияндағы ақ таңдарға.

Ақтөбем — жап-жас қала, жап-жас ұя,

Жүрегімде салынып жатқан қала.

Бұ қала сол үшін Күн, сол үшін Ай,

Мен де бір ақыны едім,

Көшелері созылған қол ұшындай,

Жаныма жақын менің.

Кем болады көктемі, неге кеші,

Ақтөбедей ақ сарай, отау үйдің.

Нұрпейістің осы біз немересі,

Осы біз інісіміз Тахауидың.

Құдіреті — кісілігі бұ халықтың,

Құдіреті — кеңдігі бұ алаптың,

Саусағымыз осы біз Жұбановтың,

Осы біз кетпеніміз Шығанақтың.

Бұ қала сол үшін Күн, сол үшін Ай,

Мен де бір ақыны едім.

Көшелері созылған қол ұшындай,

Жаныма жақын менің.

Туған елді сүйіңдер

Атамекен. Көз алдымда барлығы,

Өзен-тауы, әні-жыры, тағдыры.

Кім болсақ та, перзентіміз бұл елдің,

Бізді туған ел дейді ғой, ал мұны.

Атамекен. Кеудемдегі жырым бұл,

Айтылатын әнім де бұл, сырым бұл.

Қаным да бұл шулап аққан бой қуып,

Атамекен, таңдайдағы тілім бұл.

Атамекен. Ой ғып ойлап күнін әр,

Жыр ғып тербеп, тебіренеді тұрып Ар.

Бізде кім бар, туған елден басқа осы,

Туған елдің бізден басқа кімі бар?

Жылдар келер жыл артынан тиеліп,

Үй тігілер үй артынан үй еріп.

Үйретейік сүюді де балаға,

Өзіміз де келістіріп сүйелік!

Жүрегіңнің жалынын бер, күйін бер,

Алшы! — деші азырқанбай сыйымды Ел.

Келеді ғой менен бұрын да айтылып, —

Мен де айтайын! Туған елді сүйіңдер.

Сүю, сүю! — емес бірақ, оңай да,

Тар жерлерде тап қылады талайға.

Сүю деген бейнет болып басталып,

Бақыт болып аяқталады, алайда.

Әсемірек боп шығатын өлеңмен,

Үкідейін бұлғақтайтын төбемде.

«Туған елді сүйем» деген үш сөзге,

Құдіреттей сыйынам да. Сенем мен.

Өз елімді — «әкем» деп те, «анам» — ДЕП,

Басқа елді жақтырмау да маған жат.

Әрбір халық бақытты болмай, меніңше,

Еш бақытты бола алмайды Адамзат!

Дөңгеленіп өте берер толған Ай,

Отыра алман абызы боп толғамай.

Меніңше де, қорғалмайды Адамзат,

Әрбір халық өзін-өзі қорғамай.

Жүрегіңнің жалынын бер, күйін бер,

Алшы-деші азырқанбай сыйымды ел.

Келеді ғой бұрын да айтылып,

Мен де айтайын: туған елді сүйіңдер!

Туған ел

Ауам да сен, дауам да сен,

туған ел,

Туған елге ұл болам деп буғам бел.

Жігіт үшін байтақ елдің бәрі бір,

Деген сөзді мен еткем әлі жыр.

Талай елмен ортақ десе тағдырың,

Білем-деймін, ұғам-деймін, барлығын!

Туған жердің басып қана төсін нық,—

Ақын деген

гүл шашатын өсімдік.

Бек ұнатып Париждегі жыршылар, —

Бразилиядан әкеліпті бір шынар.

Қондырыпты ботаника бағына,

Еш күдіксіз оның болашағына!

Париж ғой ол! Париж

Кемдік етер ме.

Маяковский

мақтамаған ғой бекерге!

Күтушілер күте берген жан салып,

Шынар тұрған атқан таңды қарсы алып.

Не бір жыршы, не бір терең ойлы адам,

«Париждік боп кетті ғой» деп ойлаған!

Сол сол екен,

көктей бере, қураған,

Сол сол екен,

көктей бере құлаған.

«Бұ қалай?» деп ғұламалар шулаған,

«Бұ қалай?» деп сан асау ой тулаған.

Қайта көктем келген шақта

келесі,

жинағандай болыпты ол сәл есін.

Сол сол екен көктей бере қураған,

Сол сол екен

көктей бере құлаған.

Біреу айтты:

мұндай ауру көрмегем,

Біреу айтты: шынар әлі өлмеген!

«Шынарға ауру тап болды – деп, — мұнар күн».

Хат жазыпты Отанына шынардың.

Жауап жеткен: талай шынар солды – деп

Дәл екі жыл құрғақшылық болды – деп.

Бар өсімдік аңсай бере биікті.

Бар өсімдік аңсай бере … күйіпті.

«Үйренді!» – деп,  «жерсінді» деп мақтаған,

Құттай шынар бір құпия сақтаған.

Артық көріп гүл Париждің төсінен,

Туған елін

шығармаған есінен!

Бірге өткізген бала шағын, бал күнін,

Туған жерден бөле алмаған тағдырын.

Жайлы-ақ болсын, жақсы-ақ болсын, бұл өңір,

Өз елімен сүріпті ол бір өмір!

Бразилияда қуаңшылық болғанда,

Шынар байғұс солған екен бұл маңда.

Не айта аласың осыдан соң маған жат,

Шынар екеш шынар анау, адамзат.

Ауам да сен, дауам де сен, туған ел,

Туған елге ұл болам деп буғам бел!

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button