Әкімдер есебі

Ембінің еңсесі көтеріледі

Мұғалжар ауданының әкімі Ербол Данағұлов Қайыңды, Мұғалжар, Құмжарған, Батпақкөл, Жұрын, Ақкемер ауылдық округтері мен Ембі, Жем қалаларының тұрғындарына есеп берді. Есептік кездесулерге Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің Ұлттық сараптама орталығы» Ақтөбе облысы бойынша филиалының директоры Шалғынбай Жандосов қатысты.

Өткен жыл мұғалжарлықтар үшін де табысты болды. Облыс бойынша өндірілетін мұнайдың 42,4 пайызын, газдың 78,1 пайызын құрайтын ауданда өткен жылдың басында міндеттелген жұмыстардың барлығы жүзеге асқан. Тоғыз жолдың торабындағы өңірдің өндірісімен қатар ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік саласы да айтарлықтай ілгеріледі. Ең бастысы, халықтың баспана мәселесі шешілетін болды. Мемлекеттік тұрғын үйдің кезегінде тұрғандарға Қандыағаш қаласында 2 бес қатарлы 108 пәтерлік, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 2 бес қабатты 120 пәтерлік тұрғын үйлер пайдалануға беріліп, осы уақытқа дейін баспанаға мұқтаж отбасылар жаңа жылды жаңа пәтерлерінде қарсы алды. Ал биыл «Самал» шағын ауданындағы үш 8 пәтерлік жалдамалы коммуналдық үйлер де биыл өз иелерін табады. Жеке тұрғын үйлер салуға жер кезегінде тұрғандарға да тиесілі жер учаскелері берілуде. Осыған орай Қандыағашта «Нұрлы көш» шағын ауданы бой көтере бастады. 2018 жылы аталған шағын ауданда болашақта салынатын тұрғын үйлердің ауызсуы, электр жарығы, кәріз жүйесі, газдандырылуы, барлығы реттеліп қойылды. Аудан әкімінің айтуынша, жалпы аудан тұрғындарының 84 пайызы көгілдір отынмен қамтамасыз етіліп отыр. Биылғы жылы Мұғалжар, Жұрын, Қаракөл ауылдарын газдандыру бойынша жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп, сараптама қорытындысы алынуда. Сонымен қатар, биыл аудандық бюджет қаражатының есебінен жасалған Сағашилі ауылындағы Достық көшесіне көгілдір отын кіргізуге байланысты жобалық-сметалық құжаттама да сараптамадан өтіп отыр.

Аудан бойынша көлік жолдарын жөнге келтіру қалалар мен ауылдарды абаттандыру, жалпы заман талабына сай тұрғындардың жайлы тұрмыс кешуіне қолайлы жағдай жасау мәселелері соңғы жылдары қатты қолға алынды. Көшелерді жөндеу үстіміздегі жылы да жалғасын табады. Биыл Ембі қаласында көптеген әлеуметтік нысандар бой көтереді. Тұрғындар көтерген мәселелер бойынша Ембі қаласында жастарға арналған саябақ, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталықтары ашылады. Қаладағы қаңырап бос тұрған көп қабатты тұрғын үйлерге жаңғырту жұмыстарын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалуда. Алдағы уақытта бұл тұрғын үйлер күрделі жөндеуден өтіп, баспана кезегінде тұрғандарға беріледі.

Әнуар ЕСҚАРА,

Мұғалжар ауданы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button