Әкімдер есебі

Мал көбейіп келеді, суарма ұлғаяды

Ауылдардың бүгіні мен ертеңін қазіргі есеп беру жиналыстарынан анық аңғаруға болады

Шығырлы округінің әкімі Серғали Қадыров өзінің есеп беру баяндамасында бүгінгі ауылдың өзекті мәселелерін қозғады. Ауылдық округ бойынша барлығы 852 адам бар. Бұл аудан халқының 2,2 пайызын құрайды. Есепті кезеңде округ бойынша 1 ғана бала дүниеге келген.

Бұл округтің жері мал шаруашылығына аса қолайлы. Қазір мұндағы 25 шаруа қожалығында төрт мыңның үстінде ірі қара өсіріліп жатыр. Өткен жылдармен салыстырғанда мал басының барлық түрлері бойынша өсім бар.

Өткен жылы округ бойынша 3170 гектар жерге дәнді дақылдар мен мал азығындық дақылдар егілді. Сондай-ақ 14 гектарға картоп, 11 гектарға көкөніс, 3 гектарға бау-бақша салынып, өнім алынды.

Округте бір-ақ мектеп жұмыс жасайды. Онда 43 оқушы білім алуда. 2017 жылы мектеп жасына дейінгі бала саны 45 болса, бұл көрсеткіш өткен жылы 27 балаға дейін азайды.

Округтің бір проблемасы ұялы телефон болып отыр. Сосын орталықтандырылған ауызсу желісін жүргізу қажет. Бірлік ауылына көпір салу, интернет жылдамдығын арттыру да жиі мазалап жүрген мәселелер. Ең қиын түйін — округте бала санының 2014 жылдан бері жыл өткен сайын кеміп келе жатқандығы.

Ақсай ауылдық округінің әкімі Еламан Бегімовтің есебінен жұртшылық негізінен бір мәселенің шешілуін, ауылға газ тартуға байланысты жұмыстардың барысын күткен еді. Айтқандай, әкім осы жағымды хабардан бастады.

Округ әкімінің айтуынша, ұзындығы 50 шақырым 337 метрді құрайтын газ құбыры жобасының құны 948 миллион 318 мың теңге тұрады. Бұған ауылішілік тартылатын газ құбырының құны қосылса, оның көлемі ұлғая түседі.

Газ құбырын тарту жөніндегі күрделі әңгімеге аудан әкімі Жолдас Қалмағанбетов те араласпай қала алмады.

— Өздеріңіз есітіп отырғандарыңыздай, Ақсайға тартылатын газ құбырына жұмсалатын қаржы 1 миллиард теңгеден де асып кетеді, — деді ол өз сөзінде.

—  Мұндай қаражатты аудан түгілі облыстың өзі көтере алмайды. Сондықтан біз бұл қаржыларды республикалық бюджеттен сұрап отырмыз. Бүгінде елді мекендерде қандай да бір жобаны іске асыру үшін ондағы халықтың санына қарайтыны белгілі. Ақсайдың тұрғындарының саны 900 адамға да жетпейді. Ақсайға көрші Шығырлы ауылдық округінде де адамдардың саны аз. Сондықтан біз бүгін Шығырлы тұрғындарының өз округтерінің Ақсайға қосылуына берген келісімдерін алып келдік. Енді көп өтпей осы екі округті қосып, бір округ етуге мүмкіндік туып тұр. Мұндағы мақсат көптеген мәселелерді шешумен бірге, әлгіндей ірі қаражаттарды талап ететін жобаларды жүзеге асыру болмақ.

Кеңестуы ауылдық округінің құрамына Қопа, Қалмаққырған және Шитүбек елді мекендері кіреді. Мұндағы тұрғындардың саны —  2036 адам. Қопа мен Қалмаққырған елді мекендері газбен қамтамасыз етілген. Тек осы ауылдық округтен 176 адам Жаңажол, Кеңқияқ және Құлсары өңірлеріндегі мұнай-газ саласында вахталық әдіспен, 72 адам теміржол саласында тұрақты түрде жұмыс істейді.

Кеңестуы ауылдық округінің әкімі Сағынғали Тұранов өзінің есеп беру баяндамасында осындай нақты мәліметтерді келтірді. Оның айтуынша, округте өткен жылы 12 адам мемлекеттік мекемелерге, 16 жұмыссыз «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында жаңадан салынып жатқан Ақтөбе-Атырау тасжолына, 34 кісі шаруа қожалықтарына жұмысқа орналасса, 21 адам ақылы және 33 студент-жас қоғамдық, 27 адам жазғы маусымдық, 2 адам жастар практикасына, 2 кісі әлеуметтік жұмыстарға тартылған.

Қопада үстіміздегі жылы дәрігерлік амбулатория салу және ауылға кіреберістегі көтерме жолды асфальттау, Қалмаққырған бекетінде клуб-кітапхана құру жоспарланған.

Мұнда да аудан әкімі сөйлеген сөзінде ауыл адамдарын еңбек етуге шақырды.

—  Мен Шұбарқұдық гимназиясының 9-сыныбында оқитын 14 жасар баланың көлік жөндеп, айына 130 мың теңге табыс табатынын көрдім. Бізде осылай өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың саны артуы керек. Ауылда отырып, дүкеннен сүт пен айранды сатып алу дұрыс емес. Ауылдарымызда бос жатқан жер де, су да көп. Биыл «Агрогектар» бағдарламасы шеңберінде осы округтен 50 гектар суармалы жерді жыртып, тамшылатып суару жүйесін де құрып беруді жоспарлап отырмыз. Мұнда Қопа ауылының ғана емес, аудан орталығының тұрғындарына да 1 гектардан жер алып, еңбек етулеріне жағдай жасалады.

Аудан әкімінің осы сөздері көпшілікке қатты әсер еткені сонша — оған сұрақ қоюшылар мен өздерінің ұсыныс-пікірлерін айтушылар аз болған жоқ. Олардың арасында, әсіресе, ардагерлер Кәкім Өтеуов, Қанат Матаев, Бөгетбай Молдашев, аудан әкімінің қоғамдық кеңесшісі Сағидулла Байдышевтер болды.

 Әбдісәли  ДӘУЛЕТБАЕВ,

Темір ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button