Әкімдер есебі

Мәселелер қозғаусыз қалмайды

Біршоғыр, Ақтоғай, Қауылжыр, Айшуақ, Бозой, Тоғыз, Кішіқұм, Шетырғыз және Шалқар ауылдық округтерінің орталықтарында  аудан әкімі Бауыржан Қаниев «Шалқар ауданының 2018 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және 2019 жылға арналған міндеттері туралы» есебін берді.

Ең алдымен халық аталған ауылдық округтер әкімдерінің есептеріне ден қойды. Бұдан соң тұрғындардың сауалдарына құлақ түрілді.

Бершүгірліктер жедел жәрдем көлігі, дәріхана болса деген тілектерін айтты.  Бершүгірліктерге жүргізуші табылса, жедел жәрдем көлігінің берілетіні, әлеуметтік дәріхана ашуға да мүмкіндік бар екені айтылды.

Ақтоғайлықтар ауызсу мәселесі шешілсе, №33-34 пойыздар тоқтап өтсе деген өтініштерін айтты. Жастар атынан сөйлеген Қайрат Қойшыбаев: «Өлең шығаратыным бар, ақындар айтысын өткізгім келеді», — деді. Ауылға №23-24 пойызы тоқтап өтеді, №33-34 пойыздарын тоқтату жөнінде сұралатыны айтылды, бірақ жүйрік пойызды әр станса, разъездерге тоқтату оңай емес екені ескертілді. Ал ақындар айтысын өткізу жайын көтерген жастардың ұсынысы көңілге қонымды екенін айтқан аудан басшысы оны қолдап, көмек беретінін айтты. Көне клуб ғимаратын өз күшімен жөндеп, шаралар өткізіп келе жатқан ауылдық клуб меңгерушісінің патриоттық ісін көпке үлгі етті.

Аудан әкімі Бершүгір, Ақтоғай және Қауылжыр ауылдық округтерінің тұрғындарын мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, еңбек етуге шақырды. Қауылжыр ауылдық округінде мәселе болып тұрған балабақша ғимаратының биылғы жылы бой көтеретінін айтты. Қауылжырлық жастар атынан Нұрлан деген азамат: «Қолдасаңыздар, мен ауыл сыртынан полигон ашып, күл-қоқысты шығарып, халыққа қызмет етемін», — деп ұсынысын айтты.

«Мал ұстаймыз, жазда су тапшы» деген сауал қойылды. Ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Айбек Сембай: «Егер шаруа қожалығы атынан құдық қаздырсаңыздар, үкімет 80 пайыз шығынын өздеріңізге қайтарады», — деді.

Айшуақтықтар қырық жылдай күрделі жөндеу көрмеген мектеп ғимаратының жағдайын айтты. Ауданның білім бөлімінің басшысы Абзал Әбдіков ауданда осындай күрделі жөндеу күтіп тұрған алты мектеп бар екенін тілге тиек етіп, егер құжаттары дайындалып, сараптамадан өтсе, келесі жылы осы мектепті жөндеуге мүмкіндіктің болатынын жеткізді.

Бозойлықтар дәрігерлік амбулаториядағы кереуеттердің әбден тозығы жеткенін, жедел жәрдем көлігіне жанармайдың болмай қалатынын әңгімеледі. Амбулатория облыстық бюджетке қараса да аудан тарапынан материалдық-техникалық жағынан көмек көрсетілетін болды.

Шіліктіліктер ауызсу мәселесін қозғады. Кішіқұм ауылдық округінің әкімі Құрышбек Қазбеков өзі басқарып отырған округ тұрғындарының жағдайы жақсы екенін, пойыздардың тоқтайтынын, такси қызметінің бар екенін, көмірдің, жемнің жеткізілгенін тілге тиек етті.

Шалқар ауылдық округінің тұрғындары жаңадан дәрігерлік амбулатория ғимараты салынса деген тілектерін айтты. Жастар атынан сөйлеген Алтай Сүйеубаев ауылда ұлттық спортты қолға алғысы келетінін әңгімеледі. Ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Орынбасар Жұбаев шаруа қожалығына алған жерлерінде мал ішетін судың жоқтығына қынжылды. Оған жоғарыда айтылған үкіметтің көмегімен су ұңғымасын қаздыруға мүмкіндік бар екені туралы жауап берілді.

Кездесулерге қатысқан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсенбай тұрғындарға ауыл шаруашылығы саласын дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламаның тиімді жақтарын әңгімеледі.

Аудан әкімі Бауыржан Қаниев бірлік пен тәртіп болған жерде қай істің де өз мәнінде атқарылатынын айтты. Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу, мал ұрлығын тию, қоғамдық тәртіпті бұзған, тазалықты сақтамаған, елді мекендерді ластаған адамдарға қоғам болып төзбеушілік көрсету керектігіне тоқталды.

Басталған жылда ауданда халықтық кеңсе ашылмақ, ардагерлер үйі бой көтермек, «Анаға тағзым» ғимаратын салу жоспарда бар, екі мектеп құрылысы аяқталып, біреуі құрылысы басталмақ, т.б.

Сонымен бірге аудан басшысы биылғы жылы Ақтөбе қаласының 150 жылдығы аталып өтетінін, бұл шараға шалқарлықтар өз деңгейінде атсалысуы керектігін жеткізді.

                       Қыдыралы ӘЛИН,

Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button