Жаңалықтар

«Жаңару»: кеңес мүшелері бас қосты

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық республикалық қоғамдық «Жаңару» бірлестігінің қызметі көпшілікке мәлім. Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімов төрағалық ететін қоғамдық бірлестіктің еліміз бойынша 16 филиалы бар. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы «Жаңару» деген атпен басылым шығарылады. Өзінің арнаулы сайты бар.

Өткен бейсенбі күні облыстық кәсіподақтар орталығы ғимаратында осы бірлестіктің Ақтөбе филиалының облыстық кеңесінің алғашқы отырысы өтті.

Кеңестің құрамына беделді және белгілі қоғам белсенділері, құқық қорғау органдарының ардагерлері, бұқаралық ақпарат құралдары, білім беру, кәсіподақ және басқа да салалардың өкілдері кірген.

Жаңа құраммен көпшілікті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық республикалық қоғамдық «Жаңару» бірлестігінің Ақтөбе облысындағы филиалының басшысы Қайрат Сабыр таныстырды.

Кеңес төрағасы Қуаныш Елубаев алғашқы отырыста сөз алып, кеңес мүшелеріне алдағы жүргізілетін жұмыстардың бағыт-бағдары, алдын ала жасалған  іс-шаралар жоспары туралы айтып берді.

Отырысқа қатысқан сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі ұлттық бюроның Ақтөбе облыстық департаментінің басшысы Мирлан Мұхамбетов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Расул Медетов, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова жемқорлыққа қарсы іс-қимыл халықтық іс болу қажеттігін атап көрсете келіп, қоғамдық бірлестікпен әріптестік қарым-қатынас орнатылып, оның жұмысына барлық уақытта қолдау көрсетілетінін мәлімдеді. Жаңа кеңестің қызметінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, ел-жұртқа түсіндіру жөнінде облыс көлемінде жүргізілетін жұмыстардың аса маңыздылығын атап өтті.

Кеңес мүшелері алғашқы отырыста сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге қатысты өз ойларын ортаға салып, нақты ұсыныстарын білдіріп, ашық пікір алысты.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button