Жастар

Кешенді қамқорлықтың келешегі

Жастар жылының ресми ашылу салтанатын тікелей эфирде онлайн режим арқылы Ақтөбе политехникалық колледжінің 200-ден астам оқушысы мен аталған білім ордасының жас педагогтары көрді.

Елбасымен өткен екі сағат ішінде жастар ел үшін маңызды мәліметтер мен тың идеяларға қанығып, табысты жобалармен танысты. Жиынды қорытындылаған Мемлекет басшысы жастарға зор сенім білдіріп, сол сенімнен шығып еңбек етуге шақырды.

Жастар жылының ашылу салтанатындағы өз замандастарымның, түрлі сала өкілдерінің ой-пікірлерінен айрықша әсер алып, келешек жарқын жобаларды жүзеге асыру ісіне құлшынып отырмыз.

Елбасы өз сөзінде ерікті студенттердің шәкіртақысын шамамен 30 пайызға көбейтуді тапсырды. Бұл студенттерге қолдау әрі халыққа пайдалы болмақ. Бүгінде Ақтөбе қаласында ерікті жастардың саны артып келеді. Біздің колледжде де биыл түрлі қайырымдылық акцияларын, мәдени, спорттық шаралары мен дебат ойындарын ұйымдастыру жоспарланды.

Бұл жыл мен үшін аса қымбат. Біз — еліміздің болашағымыз. Жастар жылын өткізу арқылы біз еліміздің әлемдік аренадағы беделін арттыра аламыз, — деді аталған колледждің білім алушысы Айсұлу Тағабергенова.

Облыстық жастар ресурстық орталығының ақпараттық кеңес беру бөлімінің маманы Динара Әбілқайырованың айтуынша, биыл Жастар жылына орай облыс көлемінде 200-ден астам шара ұйымдастырылмақ.

— Бұл жылы жастарға артылар сенім мол. Оларды жан-жақты қолдау, бос уақытын тиімді өткізу мақсатында түрлі іс-шаралар легі басталды. Сондай-ақ жас отбасылар мен жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бағдарламалары жарияланып, әлеуметтік қолдау шаралары өткізіліп жатыр. Расында, қазір жас буынға қолдау зор. Мыңдаған жас шетелден білімін жетілдіріп келіп жатыр. Жаңа дүниелерді игеріп, тың технологиялардың тілін тапқан. Ал, мұның барлығы білікті мамандардың қатарын көбейтуге сеп болатыны, жастардың жарқын болашаққа деген сенімін одан әрі күшейтетіні сөзсіз.

Елбасы өз сөзінде «Ауыл — ел бесігі» жобасын жүзеге асыруды тапсырды. Бүгінде ауыл жастарымен де жүйелі жұмыстар атқару жоспарланды. Елбасының қатысуымен өткен Жастар жылының ресми ашылуына біздің облыстан ауыл жастары қатысты. Олардың барлығы түрлі салаларда жетістікке қол жеткізген дарынды жастар, — деді Динара Әбілқайырова.

Оның айтуынша, қазір облыста 20 мыңнан астам жас бар. Бұл облыс халқының

24 пайызын құрайды.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

ҚОЛДАУДЫ ПАЙДАЛАНА  БІЛЕЙІК

 Шәкизат СӘЛІМОВА, Қобда ауданы, Ақырап орта мектебінің мұғалімі:

— Мен де Жастар жылының ресми ашылуын онлайн түрінде тамашаладым. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бұл жолы да халықтың көңілінен шығатын тың бастамалар туралы айтты.

Менің ойымша, Жастар жылы — тек қана жастар үшін емес, жалпы қазақстандықтар үшін  берілген үлкен мүмкіндік. Елбасы өз сөзінде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамытудың басымдықтарына айрықша тоқталды. Үкіметке «Жас маман» бағдарламасын әзірлеуді тапсырды.  «100/200» қағидаты негізінде іске асырылатын бұл тың жобаның арқасында 3 жылда Қазақстанның барлық облыстары бойынша200 оқу орнының базасында сұранысқа ие 100 индустриялық және қызмет көрсету мамандықтары бойынша кадр даярланады. Бұл бағдарлама еліміздегі 200 мыңға жуық жастың заман талабына сай сапалы білім алуына сеп болады.

Елбасы Үкіметке, құзырлы органдарға Жол картасын әзірлеуді де нықтап тапсырды. Бұл жастардың сапалы білім алуларымен қатар, жұмыспен қамту, баспаналы болу тәрізді мәселелерін шешуге нақты қолдау болмақ.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Серпін — 2050» бағдарламасы бойынша білім алған жастардың бірімін.Еліміздің батыс аймағындағы іргелі оқу орны — Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекетттік университетінде физика-математика факультетінің информатика мамандығын тәмамдадым.

«Серпін» бағдарламасы бойынша берілетін гранттарға Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан облыстарының талапкерлерімен бірге біздің Қызылорда өңірінің жастары ие болған еді (Қызылорда облысының Арал ауданында туып-өстім).  Мен Ақтөбе, Орал, Атырау, Көкшетау, Қостанай, Рудный, Павлодар, Арқалық, Петропавл, Қарағанды, Жезқазған, Өскемен, Семей қалаларының арасынан көп ойланбастан іргелес облыс Ақтөбені таңдадым.  «Серпін» бағдарламасының арқасында грант иеленіп, шәкіртақы алдым. Жатақханамен қамтылдым. Оқу бітірген соң жұмыс та дайын болды. Қыркүйектен бастап Қобда ауданындағы Ақырап орта мектебінде информатика пәнінен сабақ беремін. Сондай-ақ, мектепте инженер-технолог болып жұмыс істеймін. Жалақым 90 мың теңгеден көп. Пәтерақы төлемеймін. Басшылық бұл мәселені де шешіп берді.

Мен осы мүмкіндікті пайдалана отырып, жастарға мемлекет тарапынан жастар үшін жасалып жатқан мол мүмкіндікті тиімді пайдаланып, ел дамуына өз үлесімізді қосайық дегім келеді.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button