Тарыдан жасалатын тағамдар

Ұлттық тағам
Тарының тарихы тым әріде жатыр. Қазақ фольклорында да бұл тағам түрі көп айтылады. Мәселен, «Ертөстік» ертегісінде алыс сапарға шығып бара жатқан батырға анасы арнайы тары қуырып береді. Тары сабанының азықтық сапасы бидай сабанынан екі есе артық болады. Тіпті ондағы ақуыздың мөлшері күріш, қарақұмық жармаларынан едәуір көп екен. Үлкендердің «Кеспе көже — күн батқанша, бидай көже — ел жатқанша, тары көже —таң атқанша» дейтіні сондықтан болар?!
Бір кездері дүниежүзі бойынша 8300 түрлі сорты болған бұл дақыл қазақ халқына,
әсіресе Ақтөбе жұртына жақсы таныс, етене жақын. Кезінде 1 гектардан 201 центнер өнім жинап, әлемдік рекорд орнатқан Шығанақ Берсиевтің есімін білмейтін адам жоқ шығар?!
Өкінішке қарай, 80 жылдан бері даңқты диқанның еңбегін ешкім қайталай алған жоқ. Дегенмен Шығанақ шыққан еңбек шыңы ақтөбелік шаруаларды жетелеп келеді.
Бір кездері дастарқаннан алыстап кеткен ақ талқан, жент секілді қазақтың ежелгі тағамдары нарық заманында қайта оралды. Бүгінде бұл тағамдар —Наурыз тойында ғана емескүнделікті дастарқанның сәні.
Бала кезімізде әжелерімізден «жақсы наурызкөже тарыдан жасалады, тары көженің дәмін келтіреді» деген сөзді жиі естейтінбіз.
Сөйтсек, тарыдан көжеден басқа 50-ден астам тағам түрін әзірлеуге болады екен. Ш.Берсиев атындағы Ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музейінің директорыБалқия Рысбаева соның бірнеше түрінің жасалу әдісін айтты:
— Кезінде қазақтар сүт көжеден гөрі айран көжені көбірек дайындаған. Өйткені айран көжені ішіп алсаң, күні бойы тоқ жүресің. Екі-үш литр суға жарты қасық тұз бен бір кесе жуылған тарыны салып, 10-15 минуттай қайнатады. Піскен соң суытып, үстіне қажетінше айран құяды. Бар болғаны — осы, — деген Балқия Рысбаева атауы да, дайындалуы да ерекше тағы бір тағамның жасалу әдісіні айтып берді.
— Тарыдан жасалатын шырт-пырт деген тағам бар. Мұны дайындау үшін тазартылған, піскен тарының үстіне жылқының майын құйып, қант қосады. Жақсылап араластырып болған соң, тоңазытқышқа қойып, қатырып алады. Жылқының майы тарыға рең беріп, ұсынғанда әдемі көрінеді.
Тарыдан жасалатын тағы бір тағам түрі — жұмыртқаға жаншылған тары талқаны.Бұл тағам түрін дайындау да аса қиын емес. Алдымен шикі жұмыртқаны ағаш ыдысқа жарып, үстіне құмшекер, сары май, тары талқанын қосып, әбден араластырады. Кейін бетіне аскөк сеуіп, келген қонаққа ұсынуға болады. Сондай-ақ қазақтар тарыны езілген құртқа да жібіткен. Егер құрт ашқылтым болса, сары май салуға болады, — дейді музей директоры.
Сондай-ақ ол әңгіме барысында майшұрқан, жанышпа, сүткенже секілді бүгінгі таңда көп дайындала бермейтін тағам түрлерінің де әзірлеу әдісін айтты.
Майшұрқанды әзірлеу үшін майлы ет, құйрық май, малдың бүйрегі мен өкпесін қайнатып алу қажет. Дәмді болу үшін тұз, бұрыш, сарымсақ қосады. Піскеннен кейін барлығын майдалап турап немесе еттартқыштан өткізеді. Сосын үстіне тары талқанын сеуіп, бетіне езілген құртты құйып, жақсылап араластырады. Осы тағам түрін «Майшұрқан» деп атаған. Бұл тағамды ертеде жылқының түнгі күзетіне, мал жаюға бара жатқан ер-азаматтарға дайындап берген.
Тары — адам ағзасына керекті дәрумендердің қайнар көзі. Онда ақуыз жеткілікті. Аллергияға әсер етер глютен жоқ. В тобындағы дәрумендерге, бауырға қажетті холинге бай. Сүйекке, жүрекке, иммунитетті көтеруге керек магний мен фосфор, калий, цинк көп. Онда көз жанарының бұзылуына әсер етерлік заттардың әрекетін тежейтін антиоксиданттар да бар. Өт қабы мен өт жолдарына пайдасы бар.
Тары ботқа мен оның сорпасы ағзадағы артық холестерин мен токсиндерді, дәрілердің қанда ұйып қалған қалдықтарын сыртқа шығаруда үлкен көмегі бар.
Ақерке САТЫБАЛДЫ,
Ойыл ауданы.



