Әкімдер есебі

Күре жолдың күтімі мен көгілдір отын

Биыл «Ойыл-Қаратал» автокөлік жолы орташа жөндеуден өтеді. Оған облыстық бюджеттен 115532,0 мың теңге, республикалық бюджеттен 115532,0 мың теңге қаржы бөлінген. Сонымен бірге  «Ойыл-Қараой» автокөлік жолын жөндеу мәселесі бойынша жобалау-сметалық құжаттары жасақталып жатыр.

Бұл туралы Қараой ауылдық округінде өткен есеп беру жиынында аудан әкімі Дастан Сағыров баян етті.

Ауданның шалғай ауылы Қараой ауылдық округіндегі клубқа жиналған халықта есеп болмады.

Әрине, соңғы екі жылда Қараой ауылында өзгеріс көп. Бәрі халықтың көз алдында. Сондықтан халықтан ортақ мәселеден басқа сауал болған жоқ. Ал ортақ мәселе – жол мен газ.

Ауыл ақсақалы Амангелді Темірмұқановтың әкімдердің алдында көтерген мәселесі де осы.

«Ауданда интернет жылдамдығын арттыру мәселесі бойынша 2019 жылы «Қобда-Ойыл» оптикалық-талшықты байланыс желісі құрылысын бастау жоспарланған» — деген әкімнің сөзі интернет желісінің игілігін көре алмай отырған ауыл тұрғындарын елең еткізді.

Округтегі балабақша ғимаратына қосалқы құрылыс жүргізу мәселесі де биылғы жылдың еншісінде тұр. Сонымен қатар, аудандағы Тәуелсіздік жылдары алғашқы салынған мектепке де алдағы жазда күрделі жөндеу жүргізілмек.

Ал, Сарбиеде ауызсу құбырына сүзгі қойылды. Бұл ауыл тұрғындарының көкейінде жүрген, шешімін күткен шаруалардың бірі еді.

Жолынан басқа мәселесі жоқ ауылдың атынан Мұхит Керейұлы елдің ортақ сауалы көгілдір отынның жайын жеткізді.

Ауыл әкімі өткен жылғы есептік кездесуде көтерілген Сарбие дәрігерлік амбулаториясына жедел-жәрдем автокөлігін алу мәселесі шешімін тауып, таяу күндері жеткізілетінін және «Ойыл-Сарбие-Қараой» бағытына газ құбырын жүргізуге жобалау-сметалық құжаттарын дайындау бойынша ұсыныстар тиісті облыстық басқармаларда қаралып жатқанын айтқанда жұртшылықтың ойын дөп басқаны тұрғындардың шынайы ризашылығынан байқалды. Өткен жылдың жемісі мен табысын теріп өткен әкім алдағы міндеттерімен де бөлісті.

Р.S. Екі ауылда да облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қ.Отаров тұрғындарға көтерген мәселелері тиісті орындарға жететінін айтып, Елбасы Жолдауының елдегі «жемісін» шынайы түсіндірді. Есеп беру кездесулерден кейін Қайрат Орынбасарұлы ауыл тұрғындарын жеке сауалдарымен қабылдады.

 Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,

Ойыл ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button