Жаңалықтар

Оқу-жаттығу дайындығы пысықталды

1-2 қараша күндері қыс мезгіліндегі төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында «Қыс-2018» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу дайындығы өтті.

Бұл — қаланың қысқа дайындығын қадағалайтын дәстүрлі шара. Оқу-жаттығу жиынында тосыннан болатын табиғи апаттар кезінде төтенше жағдайлар департаменті мамандарының тактикалық дайындығы пысықталды.

Сценарий желісі бойынша құтқарушылар «Ақтөбе ажары» ғимаратынан шыққан «тілсіз жауды» дереу ауыздықтады. Өрт сөндіріліп, 43 адам құтқарылды. Төтенше жағдай қызметінің өкілдерінен өзге, шұғыл жеткен жедел жәрдем дәрігерлері де қызмет көрсетті.

Алдағы қыс мезгіліне дайындықты пысықтауға арналған шараға облыс бойынша 1200 азаматтық қорғау жүйесі органдарының өкілдері мен 200-ден астам арнайы техника жұмылдырылды. Оқу жаттығу өткізу үшін өңірде 55 орын анықталған. Оның жетеуі — Ақтөбе қаласында.

Сондай-ақ шарада облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері көп қабатты үйлердің тұрғындарына өрт кезінде қалай әрекет ету керек екендігін түсіндірді. Оқу-жаттығу дайындығы теміржол өткелінің бойында жалғасты. Мұнда жолаушыларды құтқару жұмыстарына Ақтөбе теміржол станциясы және жедел-жәрдем, әскери күзет қызметтері барлығы 8 мекеме өкілдері қатысты. Екі күнге созылған оқу-жаттығу жиыны аясында қала мен облыстың жедел апаттық-құтқару жасақтарының, қар тазалау техникаларының дайындығы, сондай-ақ қысқы уақытта электр желісін жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары, теміржол бойындағы апатты оқиғаларды жою мақсатында да бірқатар шаралар ұйымдастырылды.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button