Жаңалықтар

Жастарға жігер қосты

Заманай ҚАЙНАРҰЛЫ,

Ақтөбе гуманитарлық колледжінің  жастар ісі жөніндегі комитет төрағасы:

Мемлекет басшысы қай кезде де жастарды назардан тыс қалдырмайды. Биылғы Жолдауында келер жылды «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынды.

Жалпы елімізде мемлекет саясатының ең негізгі бөлігі ретінде жастар ісіне ерекше көңіл бөлініп, қолдау көрсетіліп келеді. Оқу, жұмыс мәселесінде айтарлықтай проблема жоқ. Еңбектенген жасқа жұмыс табылады. Өзім Ақтөбе гуманитарлық колледжін математика пәнінің мұғалімі бойынша тәмамдадым. Оқу бітірген соң жұмыстың реті қалай болар екен деп уайымдағаным рас. Бірақ ұстаздарымның қолдауымен колледжге жұмысқа тұрдым. Қазір жастар ісі жөніндегі комитеттің төрағасымын. Оқу орнында түрлі шаралар ұйымдастырып, жастардың қоғамдық жұмыстарға белсене араласуына ықпал етеміз. Волейбол, футбол секілді спорт түрлерімен қатар өңірге танымал ақын-жазушылармен кездесулер ұйымдастырамыз. Осының барлығы колледж оқушыларының тәлім-тәрбиесіне оң әсерін тигізеді деп ойлаймын.

Қазір облыстық жастар форумына дайындық жүріп жатыр. Бұл ел жастарының басын қосып, олардың алға қойған мақсаттарын айқындауға ықпал етпек.

Жалпы  Елбасының келер жылды Жастар жылы деп жариялауы мені қуантты, күш-жігер берді.  Себебі өзім осы салада жүргеннен кейін, тың идеяларды жүзеге асырғым келеді.

 КӨМЕК ПЕН НЕСИЕНІҢ МӘНІСІ

Ауданда ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын талқылап түсіндіру мақсатында құрылған арнайы ақпараттық-насихаттық топ жұмысын жалғастыруда.

Жақында топ өкілдері Саралжын ауылдық округінде болып, Шиқұдық, Ақкемер, Тайсойған елді мекендерінің тұрғындарымен кездесті. Одан кейін округ орталығы Саралжын ауылына барды. Осы кездесулердің бәрінде де негізгі әңгіме арқауы Елбасының Жолдауымен тығыз байланысты болды. Әңгіме барысында ауыл тұрғындары құжатта айтылған әрбір мәселеге ықылас танытып, топ мүшелеріне өздерінің сауалдарын ашық қойып отырды.

Ақпараттық-насихаттық топ өкілдері Мемлекет басшысының Жолдауда көтерген мәселелеріне кеңінен тоқталып, маңызды құжаттан туындайтын міндеттер мен айқын бағыттарды жете түсіндіруге тырысты. Мәселен, топ мүшесі, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәрсенбай Аманғосов ауыл тұрғындарының табысы мен тұрмысына қатысты тұсын  мысалға келтіре отырып, бұл шаралардың жүзеге асуы әрбір ауыл адамдарының өз қолында екенін айтты. Ол үшін әрбір тұрғын енжарлықтан арылып, еңбек ете білу керек. Игіліктерді молайту жолында тер төгу қажет. Елбасының сарабдал саясатының арқасында табысты еңбек етуге, жақсы тұрмыста тұруға жергілікті жерлерде толық жағдай жасалған.

Келесі кезекте сөз алған аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Ақмарал Есбатырова Жолдаудың кәсіпкерлікті дамытуға қатысты жолдарын аша түсті, ауылдық жерде кәсіп ашуға ниетті азаматтарға мол мүмкіндік беріліп отырғанына нақты мысалдар келтірді. «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасының 2025 жылға дейін жалғасатынын, осы бағдарлама арқылы жеңілдетілген несие алып, ауылдарда отырып-ақ қажетті кәсіп ашуға болатынын еске салды. Бұл бағытта жұмыс істеймін деген адамға мемлекет тарапынан жасалатын  қолдау-көмектің көп екенін айтты.

Халықтың табысын ұлғайтып, тұрмысын жақсарту үшін  мемлекет салық мәселесінде де көп жеңілдіктерге барып отыр. Осы ретте аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Берік Майланов салық жүйесіндегі өзгерістерге тоқталып, жеке табыс салығының кей санат бойынша 1 пайызға дейін төмендейтіндігін жеткізді.

Ақпараттық топ мүшелерімен кездесу барысында Елбасы Жолдауының тұжырымдарына қаныққан ауыл тұрғындары кездесулер соңында өздерінің тілектері мен пікірлерін білдірді. Жалпы ауылдарда  Президент Жолдауын түсіндіруге байланысты өткізілген кездесулер ауыл тұрғындары арасында жақсы әсер қалдырды.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,

Ойыл ауданы.

ДАМУДЫҢ АЙҚЫН БАҒДАРЫ

Мемлекет басшысы Нұрслтан Назарбаевтың  Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауы еліміздің әрбір тұрғыны үшін жағымды жаңалықтарға толы болды.  Бұл құжат — мемлекетіміздің алдағы жылдарға арналған дамуының айқын бағдары.  Біздің әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіру жолындағы тағы бір нақты қадам.

Аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы ретінде Елбасы Жолдауын жан-жақты қолдаймын. Өйткені Жолдауда бүгінгі күннің өзекті мәселелерін шешу жолдары көрсетілген. Ал Жолдауда айтылған әрбір мәселе кәсіподақтар қызметімен тікелей ұштасады. Біз, кәсіподақ өкілдері өз қызметкерлеріміздің өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты жаңғыру үрдістерінің алдында болуымыз тиіс.

Жолдауда ел экономикасын дамытудың басты салаларына айрықша көңіл бөлінген. Шағын және орта бизнесті, көлік, энергетика, индустриялық инфрақұрылымды дамытуға, қолжетімді тұрғын үй, мектептер мен балабақшалар құрылысына мемлекет қорынан қыруар қаржы бөлінетін болды. Бұл – біздің қоғамның көптен шешімін күткен мәселесі. Осы іс-шаралардың орындалуы халқымыздың әлеуметтік жағдайының өсуіне септігін тигізеді деп ойлаймын. Бүгінгі күнде іске асырылып жатқан жұмыстардың жемісін біз ғана емес, біздің ұрпағымыз да көретініне сенім мол.

Төлеулі МАХИМОВ,

мемлекеттік, банк мекемелері

және қоғамдық қызмет көрсету

қызметкерлерінің кәсіподағы

Мұғалжар аудандық комитетінің төрағасы,

Аудандық жұмыспен қамту

орталығының директоры.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button