Жаңалықтар

Мақсат — азаматтар сұранысына бейімделген аппарат құру

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа арнаған Жолдауында құқықтық мемлекеттің одан әрі дамуы бағытындағы мақсат-міндеттер айқындалды. Соның ішінде құқық қорғау органдарының жұмысына терең және сапалы өзгерістер енгізу, сот жүйесін одан әрі жаңғырту, сыбайлас жемқорлықпен белсенді күресті жалғастыру, азаматтар сұранысына бейімделген мемлекеттік аппарат құру, соның ішінде мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін түбегейлі арттыру мәселелеріне барынша көңіл бөлінді.

Бекболат КОЛУМБАЕВ,

облыстық әділет департаментінің басшысы:

— Елбасының жаңа кезең жағдайында азаматтар сұранысына бейімделген аппарат құру міндеті әрбір мемлекеттік мекеменің басты ұстанымы болуы тиіс. Бұл жерде ең бастысы — сапа. Президенттің сөзімен айтсақ,  «сапа» – мемлекеттік қызметші өмірінің жаңа стилі, ал өзін-өзі жетілдіру оның басты қағидаты болуға тиіс.Жаңа формацияның мемлекеттік қызметшілері мемлекет пен қоғам арасындағы алшақтықты қысқартуға тиіс».

Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің аумақтық органы — Ақтөбе облысының әділет департаменті бұл бағытта өз міндеттері мен функциялары аясында жүйелі жұмыс істеп келе жатыр.Бүгінде әділет департаменті 12 түрлі мемлекеттік қызмет көрсетеді. Оның ішінде  заңды тұлғаларды тіркеуге қатысты —6, атқару өндірісіне байланысты — 2, азаматтық жағдай актілерін тіркеу жөніндегі — 1 және нотариус, адвокаттар қызметіне қатысты 3 қызмет көрсетіледі. Бүгінде бұл 12 мемлекеттік қызмет түрлері бойынша Әділет министрінің бұйрығымен көрсетілетін қызметтердің стандарттары мен регламенттері бекітілді.

Жыл басынан бергі тоғыз айда біздің департамент тұрғындарға 55122  мемлекеттік қызмет көрсетті. Осы уақыт ішінде мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдерін бұзу  жағдайлары тіркелген жоқ.

Елбасының Жолдауында мемлекеттік аппарат сапасын арттыру мақсатында жастар арасында мемлекеттік қызметке деген қызығушылықты арттыру мәселесі де айтылды. Бүгінде біздің департаментте жас та білікті кадрлар жұмыс істейді.

Үкімет пен барлық мемлекеттік органдар өз жұмысында формализм мен бюрократияны азайтуы қажет. Бұл — Жолдауда қойылған тағы бір маңызды міндет. Ол үшін Үкімет пен мемлекеттік органдар жыл соңына дейін дамудың аталған барлық мәселелерін қамти отырып, нақты индикаторлар мен «жол карталарын» әзірлейтін болды, оған қоса реформаларды іске қосу үшін қажетті заң жобаларының бәрін Парламентке уақтылы енгізеді.

Жалпы, мемлекетті кәсібилендіру мәселесі Елбасы тарапынан үнемі айтылып келеді. Мәселен, Мемлекет басшысының «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» мақаласында мемлекеттік қызметті дамытудың жаңа кезеңі бастау алғаны айтылған болатын. Осы бағытта мемлекеттік қызметті жаңғыртудың негізгі қырлары да анықталды. Ал «Бес институционалдық реформаны жүзеге асыружөніндегі 100 нақты қадам» құжатында кәсіби мемлекеттік аппарат құру мәселесі талқыланды. Ұлт жоспарының  27-қадамында жеке сот орындаушылар институтын әрі қарай дамыту мақсатында мемлекеттік сот орындаушылар қызметін кезек-кезекпен қысқарту қажеттігі айтылған. Осы мақсатта құжаттарға өзгерістер енгізіліп, бүгінгі таңда әділет департаментінде 7 мемлекеттік және 85 жеке сот орындаушылары жұмыс істеп жатыр.

Бұл тапсырмалардың, мақсат-міндеттердің жауапкершілігін әрбір азамат түсінуі тиіс. Елбасы биылғы Жолдауында: «Үкіметтің әрбір мүшесі, мемлекеттік органдар мен компаниялардың басшылары алға қойылған міндеттердің орындалуына дербес жауап беретін болады» деп нақты тапсырма берді. Біздің департамент, біздің қызметкерлер өз жауапкершілігі шегінде өзімізге артылған мақсат-міндеттерді орындай отырып, сыбайлас жемқорлықтан тазарған, азаматтар сұранысына бейімделген жоғары кәсіби мемлекет құруға атсалысамыз.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button