Жаңалықтар

Қазан: қарқынды істер кезеңі

Шолу

Биылғы қара күз қатаңдық көрсете қойған жоқ. Ауа райы көп жағдайда шаруа адамы үшін қолайлы болды. Ала жаздай атқарылып үлгерілмеген кей тірлікті тиянақтап алуға да осы мерзімде мүмкіндік берілгендей әсер етті.

Жалпы алғанда, бұл ай — молшылықтың, берекенің, ырыстың қазанын қайнататын уақыт…  

Елбасының бағасы

Президент Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбе жеріне жұмыс бабындағы сапары барысында облыстың әлеуметтік-экономикалық даму барысымен танысты. Елбасы алдымен еліміздің батыс өңірінде тұңғыш рет ашылған  «Дару жарығы» офтальмологиялық орталығының жұмысымен танысты. Мемлекет басшысын орталық дәрігерлері мен шетелден келген профессорлар зор ықыласпен қарсы алды.

Елбасы сондай-ақ Батыс-2 ауданында мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында салынған теннис орталығына барды, Мұз сарайын көрді. «Аяла» балаларды әлеуметтік-психологиялық және медициналық оңалту орталығы жұмысын көрді. Президент дарынды оқушылармен, жастармен кездесіп, олардың келешек қадамдарына сәттілік тіледі.

Елбасы зиялы қауым өкілдерімен кездесу кезінде облыста атқарылып жатқан игілікті істерді мақұлдап, облыс әкімінің жұмысына жоғары баға берді.

 Жолдауға — қолдау

 Өткен айдың елеулі бір жаңалығы — Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауын жария етуі. Еліміздің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын, елдің ағымдағы қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық ахуалын, халықтың әл-ауқатын арттыру шараларын айқындап берген бұл құжат облыс жұртшылығы арасында кеңінен талқылануда.

Елбасымыз мемлекет пен адамдардың күш біріктіруінің нәтижесінде ғана ортақ еңбек қоғамын құра алатынымызды айтып, алдағы жылдан бастап халықтың әл-ауқатын, тұрмыс сапасын арттыру мақсатында тұрғын үйдің қолжетімділігі, тіршілікке және жұмыс істеуге қолайлы елді мекеннің және сапалы инфрақұрылымның болуы үшін қарқынды жұмыстар жасалатынын жеткізді. Осы бағытта облыста да көптеген шаралар жүзеге асырылуда. Еңбек ұжымдарында, қоғамдық ұйымдардың өкілдері бас қосқан жиындарда Жолдауға қолдау көрсетіліп, оның елдің ілгері дамуы үшін маңызды роль атқаратындығы айтылуда.

15 миллиард теңге инвестиция — ауыл шаруашылығына

Биылғы тоғыз айда облыстың ауыл шаруашылығы саласына 15 миллиард теңгенің инвестициясы салынды. Өткен жылмен салыстырғанда бұл екі есе көп. Қазіргі таңда облыста құны 47 миллиард теңге тұратын  81 инвестициялық жоба жүзеге асуда.

Экспорт жөнінде де ілгерілеулер бар. Оның ішінде ең негізгісі — мал шаруашылығы өнімдері.

Облыста  астық жинау табысты аяқталды, қамбаға түскені — 314 мың тонна.

Аудандарда ауыл шаруашылығы өндірісіндегі орта және шағын кәсіпорындар, фермерлер мен шаруа қожалықтары бірігіп, барлығы 190 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды.

Жылдан-жылға ауыл шаруашылығы өнімдері мөлшері көбейіп келеді. Биылғы 9 айда ауыл шаруашылығы құрылымдары 157 миллиард теңгенің өнімін өндірді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4 пайызға жоғары. Республикадағы өсім көрсеткіші — 2 пайыз.

Облыс басшысы Бердібек Сапарбаев ішкі нарықты жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдерімен толық қамтуды, сондай-ақ дәстүрлі емес шаруашылық түрлерін одан әрі дамыту міндетін алға қойып отыр.

Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жобасы жалғасуда

Өзінің тиімділігін көрсеткен бұл жоба қазан айында тағы да жалғасын тапты. Бұл жолғы шаралар облыс орталығында және алты ауданда жүргізіледі. Басты мақсат — өзекті әлеуметтік мәселелерді жедел шешуге ықпал ету, діни экстремизмге жол беретін жағдайларды болдырмау, кәсіпкерлікке қолдау көрсетіп, мемлекеттік және салалық бағдарламалардың мәнін халыққа түсіндіру.

«Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы аясындағы жұмыстар 17 қарашаға дейін жалғасады. Осы мерзім ішінде облыстың Мұғалжар, Темір,  Қобда, Ойыл, Әйтеке би және Қарғалы аудандарының тұрғындары топ мүшелерімен кездесіп, өздерін толғандырған мәселелердің шешімін табуына мүмкіндік алады, сондай-ақ құқықтық бағыттағы кеңес беру жұмыстары да жүйелі жүргізілетін болады.

«Бақытты бала» жобасы қорытындыланды

Облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған бұл жобаның мақсаты — балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасау болатын. Халықаралық  ұйымдар мен қайырымдылық қорлары тарапынан, сондай-ақ  ҚР Білім және ғылым министрлігінен қолдау тапқан шара барысында көп шаруалар тындырылды.

Көптеген оқушылар сауықтыру орындарында демалды, ата-анасы жоқ балаларға ерекше жағдай жасалды. Жетім балаларға тұрғын үй беру мүмкіндігі қарастырылды.

«Бақытты бала» жобасы аясында облыс бойынша 25 IT класс ашылды, мектептерге жаңа типтегі принтерлер, робот техникасына қажетті құрылымдар алынып берілді.

Қазақстанда тұңғыш рет мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау үшін жыл бойы жұмыс жасайтын «Күншуақ» сауықтыру инклюзивті балалар  лагері ашылды. Оңалту орталығы мен аутизм дертіне шалдыққан балдырғандарға арналған орталық жұмыс істеуде. Аса ауыр дертке шалдыққан балалар Оңтүстік Корея елінде тегін ем алатын болды.

Ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалардың есепшотына 80 миллион теңге аударылды. Жалпы жобаға  4,5 миллиард теңге бөлінді.

«Ақтөбе Медиа» ЖШС — жаңа ғимаратта

Облыс әкімінің қамқорлығымен «Ақтөбе Медиа» ЖШС күрделі жөндеуден өткен жаңа ғимаратқа ие болды. Бұрынғы облыстық баспахана мекенжайы енді Баспасөз үйі аталады.

«Ақтөбе Медиа» ЖШС құрамындағы облыстық «Ақтөбе», «Актюбинский вестник» газеттері, «Адырна», «Үш таған» журналдары, «Ақтөбеньюс» сайты ұжымдары кең де жаңа бөлмелерге орналасты.

Облыс басшысы Бердібек Сапарбаев «Ақтөбе Медиа» ЖШС-нің жаңа мекенжайында болып, журналистердің жұмыс жағдайымен танысты.

Жаңа Баспасөз үйінің тұсаукесері таяу күндері атап өтілмекші.

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button