Мереке

Ұстаздар әулеті

Еліміздің жас буынын тәрбиелеуде ұстаздар қауымының еңбегі зор. Осы бір мәртебелі мамандық үлкен бір әулетте ұрпақтан-ұрпаққа сабақтасып жатса, оның орны тіпті ерек.

Ақтөбе қаласының тұрғындары Бектенғалиевтер әулетінде осы саланы таңдап, ел-жұрттың ыстық ықыласына бөленгендер саны — 8. Оның төртеуі «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі» атағына ие болды. Ал ұстаздар әулетінің жалпы педагогикалық еңбек жолы 1936 жылдан басталады.

Асқар Бектенғалиев 40 жылға жуық білім саласына үлес қосты. 1951 жылы Темір ауданында дүниеге келген ол 1974 жылы Ақтөбе педагогикалық институтын физика-математика мамандығы бойынша тәмамдап, мұғалімдік еңбек жолын Темір қаласындағы орта мектепте бастады. Сондағы орта кәсіптік лицейде  директордың орынбасары, Темір орта мектебінің директоры қызметтерін атқарды. 2010 жылы Ақтөбе қаласындағы «Өрлеу» педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында директордың орынбасары, кейіннен аға оқытушы болып, зейнеткерлік демалысқа шықты.

Асқар Бектенғалиевтің ұстаздық жолды таңдауына әкесінің ақыл-кеңесі, көпке үлгілі еңбек жолы әсер еткен. Әулеттегі алғашқы ұстаз Хайролла Бектенғалиев 1918 жылы Ақтөбе облысының Мәртөк ауданында туған. 1936 жылы Орынбордағы педагогикалық институтты бітіріп, Шалқар ауданына жолдама алған.

Әкем Хайрулла сол кездерде облыстың жетекші оқытушыларының бірі болды. 1939 жылы Шалқар қаласындағы №1 орта мектептің директоры болып жүргенінде, Ақтөбе облысы бойынша 9 мұғалім КСРО Жоғары Кеңесінің жарлығымен «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен наградталды. Соның бірі әкеміз Хайролла Бектенғалиев болатын.

Бала күнімнен техниканы жақсы көріп өстім. Оқуға түсерде әкем де осы физика саласын таңдауға кеңес берді, — дейді Асқар Бектенғалиев.

1949 жылы Бектенғалиевтер әулетінде Ғалия, одан кейін Жәния мен Сәния дүниеге келеді. Олардың үшеуі де ұзақ жылдар бойы ұстаздық салада еңбек етіп, саналы шәкірттер тәрбиелеуге үлес қосты.

—  Қызмет еткен жылдарымда Оңтүстік Кореяға іссапармен бардық. Сол жерден білім беру жүйесіне бейнесабақтарды енгізуді үйрендік.  Сол жүйелерді алғаш Ақтөбе қаласындағы №18, 23, 28 мектептерде жаңа технология арқылы

тәжірибе ретінде енгіздік. Бұл жүйенің ерекшелігі балалар сабақ барысында түсінбеген тұстарын интернет арқылы қайталап көреді. Мұны ата-аналар да жақсы қабылдады. 

Менің ойымша, мұғалім әр кез білімін жетілдіріп, өсіп отыруы керек. Біз бүгінгі таңда ғылым мен техниканың да­мыған, өнер-білімнің түрлі саласын­да тың жаңалықтар аса қарқынды үр­діс­пен ашылып жатқан қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Демек, осындай қо­ғам­да заманына сай ұрпақ тәр­бие­леп, же­тілдіріп шығару үшін жан-жақ­ты бі­лім және тәрбие берумен айналы­су өте жауапкершілігі мол іс, — дейді ол.
Бүгінде Асқар Хайроллаұлы зейнеткерлік демалысқа шықса да, мектеп мұғалімдеріне физика және ақпараттық-коммуникациялық технологияларға әдістемелік көмек көрсетуден жалықпайды.

Білім саласындағы барлық жаңашылдықты құптаймыз. Бұрынғы кезде математик пен физиктер көп болды. Ал бүгінгі таңда керісінше осы саланың мамандары тапшы. Жұмыс істеп жүрген жылдары көптеген мектептер мен аудандарды араладым. Мен Ақтөбе гуманитарлық колледжінің жанынан физика бөлімі ашылса деген ұсынысымды айтқым келеді. Сол жерде мектептерге қажет мамандықтар бойынша қайта даярлау курстары өткізілсе, бұл салаға деген қызығушылық артар еді.  

Соңғы жылдары Ақтөбе қаласында көптеген зәулім, жаңа талаптарға сай білім ордалары салынып жатыр. Осыған сай, физика, химия кабинеттері қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған. Мұның барлығын сабақ барысында оқушыларға тәжірибе жүзінде үйрететін мамандар аз. Сондықтан көп жағдайда пайдаланылмай босқа тұрады. Қазіргі компьютерленген жаңа кезеңде әр оқушының заман талабына сай әлемдік дәрежеде білімді меңгеруі үшін физика пәні бойынша қабілеттерін дамыту керек, — дейді  Асқар Хайроллаұлы.

Оның айтуынша, шәкірт тәрбиелеп, оның үлкен азамат болып қалыптасуын көру, жетістігіне куә болу — ұстаз үшін ең үлкен бақыт. Бүгінде оның шәкірттері еліміздің әр өңірінде әскери, техникалық салаларда, қаладағы ірі зауыттарда инженер болып еңбек етуде.

Асқар Бектенғалиевтің зайыбы Дәмен Бектенғалиева да ұзақ жылдар бойы мұғалімдік салада еңбек еткенін айта кеткен жөн. Орал мемлекеттік педагогикалық институтын бітірген ол Темір орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берді. Өз қызметінде «Оқу саласының үздігі» атанды.

Бүгінде ұстаздар отбасы — 5 бала тәрбиелеп өсірген бақытты жандар. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші, балаларының екеуі мұғалімдік мамандығын таңдап ата-ана жолын бірге жалғастырып келеді. Үлкен қыздары Майра Темір орта мектебінде ағылшын тілі пәнінен сабақ берсе, ұлы Серік «Өрлеу» педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында қызмет атқарады. Ұстаз ұлағаты, ұрпақтар сабақтастығы деген осы болса керек.

Саналы ғұмырын еліміздің ертеңі — болашақ ұрпақ тәрбиелеу жолына арнаған, ұстаздар әулетіндегі ең басты құндылық — мамандыққа адалдық. Ұрпақты біліммен сусындатып өсірген  әулет азбайды, қайта өнегелі отбасының  кең қанат  жаюына негіз болады.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button